Басты бет » Басты жаңалықтар » Биыл 2327 салымшы баспаналы болады

Биыл 2327 салымшы баспаналы болады

«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы Ақтөбе қаласындағы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 2327 салымшысы биыл қоныстойын тойлайды. Жыл басынан бері 800 адам «Нұрлы жер» бағдарламасының көмегімен баспаналы болды. 

Ақтөбе облысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы үш бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр: бірінші бағыт бойынша банк салымшылары «Нұр Ақтөбе» ауданында салынып жатқан үш қабатты үйлерді  Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы ала алады. Екінші, яғни жеке тұрғын үй құрылысын дамыту бағыты бойынша, салымшылардың «Нұр-Ақтөбеде» салынып жатқан коттедждерді сатып алуға мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ салымшылар Батыс-2 ауданында жеке құрылыс компаниялар салып жатқан тұрғын үйлерден ала алады, бұл бағыт бойынша 128 пәтер желтоқсан айында беріледі.

— «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бір шаршы метрдің құны 100 000 теңгеден басталады. Несиенің жылдық мөлшерлемесі 5 пайыздан басталады. Салымшылардың бастапқы жарнасының көлемі пәтер құнының 30 пайызынан кем болмауы керек. Үйлер дайын күйінде беріледі.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылар пулы құрылды, қазіргі уақытта «Нұр Ақтөбе» ауданында салынған тұрғын үйге өтініш берген азаматтардың төлем қабілеттілігі тексеріліп жатыр.

Сондай-ақ қазір «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында «Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы несиелік тұрғын үй салу» бағыты бойынша тұрғын үй сатып алушыларының пулына қосымша қабылдау жүргізіліп жатыр. «Нұр Ақтөбе» ауданындағы үш қабатты және тоғыз қабатты үйлердің пәтерлері сатуға шығарылып отыр, — дейді Ақтөбе қаласындағы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бизнесті дамыту бөлімінің бас маманы Нұрболат Батыр.

«Нұрлы жер» бағдарламасының «Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту» пилоттық бағыты бойынша 194 жеке үй, төмен деңгейлі үйлерден 949 пәтер, 9 қабатты үйлерде 1184 пәтер қолданысқа берілді.

— «Нұр Ақтөбе» коттедж қалашығындағы екі қабатты үйлердің құрылыс алаңдары 114-152 шаршы метр. Оның 1 шаршы метрінің бағасы 120 000 теңгеден аспайды. Үйлер жер телімінде кезекте тұрған адамдарға ұсынылады. Жерді тегін, үйді сатып алады. Ол үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен 30 пайыз бастапқы жарнамен, жылдық 5 пайызбен несие рәсімдей алады, — дейді Н.Батыр.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*