Басты бет » «Бақытты бала» » Аквапарк есігін ашты

Аквапарк есігін ашты

Облыс орталығында аквапарктің ашылуы қала тұрғындарын ерекше қуанышқа бөледі. Салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен қала әкімі Ілияс Испанов қатысты.

Ақтөбеліктерді Елорда күнімен құттықтаған облыс әкімі аквапарктің Ақтөбе облысындағы Балалар жылы аясында балаларға тамаша сыйлық екендігін атап өтті.

— Сіздерді Астананың 20 жылдығымен — Елорда күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл әрбір қазақстандық үшін қазақ халқының еліміздің жаңа тарихындағы мемлекеттік тәуелсіздік алуға байланысты жетістіктерін білдіретін айтулы күн. Астана Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағыты табысының нышанына айналды. Қазақстанның жаңа астанасын мемлекет басшысының туындысы және саясаты салтанатының айқын көрінісі деп толығымен санауға болады. Осы мерекеде облысымызда жалпы құны 10 миллиард теңге тұратын 32 жаңа нысан ашылады. Олардың қатарында қала тұрғындары мен қонақтары үшін сүйікті демалыс орнына айналады сенім білдіріп отырған аквапарк та бар, — деді облыс әкімі.

«Бақытты бала» өңірлік жобасы аясында аз қамтылған отбасылардың балаларына аквапаркте тегін қыдыру үшін сертификаттар тарту етілді.

Қаланың қақ ортасында орналасқан аквапарк 3 гектар алаңды алып жатыр, мұнда төбешігі бар үш бассейн орналасқан. Сулы аттракциондары бар балалар аймағы жеке орналасқан. Демалуға келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда күн сайын мыңнан астам адам тыныға алады. Алдағы уақытта аквапаркты жоғарыдан күмбездеп жабу жоспары бар, ол кезде жыл бойы демалыс ұйымдастыру мүмкіндігі туады.

— Біз үшін Ақтөбеде аквапарктің ашылуы — ерекше оқиға. Оның құрылысы өткен жылы басталған болатын. Парктің жазғы аймағындағы жұмыстар толығымен аяқталды. Қазір жабық бөлігін құрылымдау үстіндеміз. Біздің компаниямыз осымен үшінші аквапаркті пайдалануға беріп отыр. Бұған дейін Ақтау және Қызылорда қалаларында осындай демалыс орнын ашқанбыз. Жеті жасқа дейінгі балалар тегін кіре алады, ал балалар мен үлкендер үшін баға 3-7 мың теңге аралығында, — дейді «Tree of life» құрылыс салу компаниясының құрылтайшысы Кәмила Сурбаева.

Жобаға салынған инвестицияның жалпы мөлшері 5,8 миллиард теңге деп бағаланды.

Н.ДӘУІРОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*