Басты бет » Басты жаңалықтар » Ақтөбеде Шалқар ауданының күндері өтті

Ақтөбеде Шалқар ауданының күндері өтті

Облыс орталығында дәстүрлі түрде өткізілетін аудан күндерін биыл шалқарлықтар бастады.  Астананың 20 жылдық мерейтойы құрметіне Ақтөбе қаласында өткен «Шалқарым — өрелі өлкем, сыр шежірем» атты Шалқар ауданы күндерінде түрлі бағытта іс-шаралар ұйымдастырылды.   

Ақтөбе қаласында екі күнге созылған Шалқар ауданының күндері облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінде «Қарттарым — асыл қазынам» тақырыбында қайырымдылық шарасын өткізумен басталды. Аудандық Мәдениет үйі қызметкерлерінің өнерін тамашалаған қарттарға қайырымдылық шарада шалқарлықтар екі ірі қараның етін тарту етіпті. Бұдан өзге, Ақтөбе қаласы мектептеріндегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға 10 марқаның еті табысталыпты.

Астананың жиырма жылдық мерейтойы күні шалқарлық өнерпаздар Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында «Беу, қыздар-ай» комедиясын сахналады. Қалалықтар комедиялық жанрдағы бұл қойылымды қызығушылықпен тамашалады. Әсем әндермен өз сезімдерін білдіріп, күлкілі оқиғаларға тап болатын кейіпкерлердің әр қылығына көрермендер қол соғып отырды. Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың бұл туындысын Шалқардағы Мәдениет үйінің өнерпаздары жаңаша сипатта көрсетуге тырысты.

ЖӘРМЕҢКЕДЕГІ ЖЕРГІЛІКТІ ТАУАРЛАР

Дәстүрлі түрде өткізіліп жүрген аудан күндерінде қалалықтардың арзан бағаға ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін асыға күтетіні анық. Мұндай шара биыл да өз жалғасын тапты. «Табыс» коммуналдық базарына Шалқардың 12 ауылдық округінен ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілді. Шалқар ауданы әкімінің орынбасары Аманкелді Қонақбаевтың айтуынша, жәрмеңкеде жылқы, сиыр еттерімен қатар, қымыз, шұбат, тары-талқан, құрт-ірімшік және сүт өнімдері саудаға шығарылған. Ауылшаруашылық өнімдеріне сұраныс жоғары болып, тауарлар әп сәтте-ақ сатылып кетіпті.

Біз жәрмеңкеге 4 тонна сиыр және 1 тонна жылқы етін әкелдік. Сиыр етінің келісі 1200 теңгеден, ал жылқы етін одан сәл жоғары, келісін 1500 теңгеден саудаладық. Сол сияқты, балық, 600 литр қымыз бен шұбат та әкелінді. Жергілікті өнімдердің барлығы үш сағаттың ішінде сатылып кетті, — деді Шалқар аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Айбек Сембай.

ҚЫРЫҚ БАЛАНЫҢ ҚУАНЫШЫ

Бұдан кейін шалқарлықтар «Keruencity» сауда, ойын-сауық орталығына барып, балалардың көңілін көтерді. «Бақытты бала» жобасы аясында ұйымдастырылған «Балам дейтін елің бар» атты қайырымдылық шарасына қала балалары көптеп қатыстырылды.  Әсіресе әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының және жетім балаларға ерекше көңіл бөлінді. Әлеуметтік топтағы осындай 40 балаға аниматорлар лазерлік шоу ұйымдастырды. Бұл күні орталыққа келген балаларға мерекелік түскі ас беріліп, тәтті тағамдар үлестірілді. Акция аясында балалардың барлығына спорттық киімдер тарту етілді.

Сол күні С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Күй — құдірет, күй — кие» тақырыбында қазанғаптанушыларға арналған семинар өткізілді. Семинарға қатысушылар ұлы күйшінің өмірі мен шығармашылығы турасында сыр шертті.

20 ТҮРЛІ ҚҰРТ ЖӘНЕ 20 ДОМБЫРА

Аудан күндеріне арналған шаралардың дені ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық демалыс саябағында ұйымдастырылды. Мерекелік кешті тамашалауға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов бастаған топ қатысты. Бұл күні шалқарлықтар  қонақтарға ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының басты негіздерімен қатар,  мәдениет саласындағы жетістіктерін, тарихын тереңнен таныстыруға тырысты.

Бүгінгі күні елу мыңнан аса халқы бар Шалқар өңірінің халқы негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Жергілікті тұрғындар мал шаруашылығын дамытумен қоса, кәсіпкерлікке бет бұрған. Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниевтің айтуынша, бүгінгі күні ауданда  500-ге тарта шаруа қожалығы нәтижелі жұмыспен айналысып жатыр. Бүгінгі күні ауданда қиыршық тас өндіретін серіктестіктің өнімдері, сол сияқты жергілікті жеке кәсіпкерлікпен айналысушылардың кондитер өнімдері және сусындар, қолөнер бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды.  Аманкелді Қонақбаевтың айтуынша, ауданда өндірілетін шипалы сусын жақын күндері Ақтөбе нарығына шығарылатын болады. Саябақта өткен шарада көрмеге қойылған Шалқардың минералды суын ақтөбеліктер сатып алып жатты.

Шалқар аудандық білім бөлімінің бас маманы Дидара Ақмалайдың айтуынша, саябақтың кең алаңын шалқарлықтар бірнеше бағытта безендірген. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Мәңгілік ел», Астанаға 20 жыл бағыты бойынша жасақталған көрме көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Бұл жерге аудандағы көркемсурет лицейінде білім алушылардың ұстаздарымен бірлесіп жасаған Астана қаласындағы зәулім ғимараттардың шағын макеті орналасқан. Шағын қалашықты тамашалаған жұртшылық Шалқардың дәмінен ауыз тиіп те жатты.

Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы құрметіне Шалқардан 20 түрлі құрт әкелдік. Түйе мен сиыр, ешкі сүтінен жасалған құрттың әрқайсысының дайындалу  жолу әрі құнарлылығы да әртүрлі. Бұл жерде тек құрт емес, ешкі сүтінен жасалған сарысу, қызыл ірімшік те бар. Қара құрт, ақ құрт, сый құрт, күлше құрт, майлы құрт, ежігей құрт, сықпа құрт, қайнатылған құрт, малта құрт, жас құрт, сүзбе құрттың әрқайсысын ақтөбеліктер қызықтап, дәмін татып көріп жатыр. Біздер көрмені тамашалауға келгендерге әрбір құрттың жасалу ерекшеліктерін түсіндіреміз. Мәселен, ежігей құрт өте ашымаған іркіттен жасалады. Құрттың бұл түрі бір шелек іркітке екі шелек қаймағы алынбаған сүтті қайнату арқылы дайындалады. Ежігей кепкен кезде ащы құрт сияқты тас боп қатып қалмайды, үгітіліп тұрады, — деді Дидара Ақмалай.

Сөреге қойылған сүт өнімдерінің ішінде түрлі түсті етіп жасалған құртты да кезіктіресің. Қызылша, сәбіз шырыны қосылған құрт та дастарқанға қойылған.

Бұл жерде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа Астананың құрдасы Аслан Әбуов өзінің жас Астанамен бірге өсіп келе жатқанын ерекше мақтанышпен айтса, шалқарлық өнерпаз Ердәулет Ғанибетұлы елордамыздың қарышты дамып жатқанын, ондағы кереметтерді сөзбен суреттеді. Кейін «Біз бақытты баламыз, болашақтың тұтқасын ұстап қаламыз» деген балақайдың сөзіне облыс әкімі риза болды.

Бұл күні саябаққа келушілер Шалқар көлімен «жақын танысты». «Құмы — құт, суы — байлық, осында аңыз…» атты тақырыпта ауданның табиғаты мен тарихы келушілерге таныстырылды. Көл суымен қатар ондағы балықтар да қоса әкелініпті. Көлдегі қамыстардан жасалған шағын бұрыш келушілердің назарын өзіне аударды. Бұл жерде облыс әкіміне Шалқар құмының кереметі, онда өсетін өсімдік түрлері  мен көлдің жайы, көлдегі балық түрлері таныстырылды.  Бұл жерде Шалқарда өндірілетін минералды су көпшілікке ұсынылды. Бүгінде көл суын тиімді пайдалану арқылы бау-бақша өнімдерін өсіріп отырған шалқарлықтардың еңбегі — көкөніс өнімдері де сөреден орын алды.

Бұл күні шалқарлықтар Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановқа 20 домбыраны табыстады. Жергілікті шеберлердің қолынан шыққан ұлттық аспапты олар Домбыра  күнінде Ақтөбеде дүниеге келген сәбилерге сыйлау үшін арнайы тапсырыспен жасатыпты.

БИЫЛҒЫ ЖАҢАЛЫҚ — IT КИІЗ ҮЙ

Аудан күндері аясында біз «Бақытты бала» жобасының 8 бағытының ішіндегі «жасыл экономика», «жасыл әлем» бойынша құрастырылған IT киіз үйді көпшілік назарына ұсындық. Бұл — жаңа инновациялық ағаш үй. Түрлі түстермен безендірілген киіз үйдің ішінде физика пәні мұғалімдері мен оқушылардың бірлесіп жасаған туындылары қойылды. Яғни велосипедті тебу арқылы ұялы телефонның қуатын толтыруға мүмкіндік бар. Бұл — аудан күндеріндегі биылғы өзгерістеріміздің бірі әрі жаңалығымыз, — деді Дидара Ақмалай.

Шалқардағы №7 орта мектептің директоры Гүлсайран Ыбыраеваның айтуынша,  заманауи үлгіде жабдықталған ІT ағаш үйдің ішінде оқушылардың ғылыми жұмыстары негізінде жасалған техникалар қойылған. «Біз қалалықтарға жаңаша үлгіде тігілген үйді және балаларымыздың жұмысын таныстыруды мақсат еттік. Мұнда күннің, желдің энергиясы арқылы электр қуатын алу әрі оны тұрмыста пайдалану, сол сияқты суды тұщыту құралдары да көпшілік назарына ұсынылып отыр», — деді ол.

Саябақта ұйымдастырылған шаралар кезінде шалқарлықтар балалардың көңілін аулауға да тырысыпты.  «Бақытты бала» жобасы аясында бүлдіршіндер үшін арнайы балалар ойын алаңы ұйымдастырылған. Түрлі роботтармен ойнаған балалар батутта секіріп, мәз болды.

ӘДІЛЕТ — ТҮЙЕ ПАЛУАН

Бұл күні сяабақта түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылды. «Қазір Шалқарда екі спорт мектебі бар. Көп жерлерде мұндай спорт мектептері біреу ғана. Шалқардағы №2 спорт мектебінде балалар ұлттық ойын түрлері бойынша жаттығады. Қазіргі күні жас жеткіншектер мектепте қазақша  күрестің қыр-сырын меңгеріп жатыр. Спорттың бұл түрінен жаттықтырушыны облыс орталығынан шақырттық. Жаттықтырушы баспанамен қамтамасыз етілді», — деді Шалқар аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қамбар Бұқарбаев.

Шалқардағы елу жылдық тарихы бар Владимир Цеханович атындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің, сондай-ақ өткен жылы аудан әкімінің бастамасымен ашылған №2 спорт  мектебінің тәрбиеленушілері көпшілікке өз өнерлерін ұсынды. Қ.Бұқарбаевтың айтуынша, аудандағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде балалар спорттың грек-рим күресі, дзюдо, бокс түрлері бойынша жаттығады. Бүгінде бұл мектеп мамандандырылған мәртебесіне ие болып, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына тікелей бағынады.

Ауданымызда спорттық жетістіктермен көзге түсіп, ел намысын қорғап жүрген спортшыларымыз баршылық. Соның ішінде грек-рим күресі, дзюдо, бокстан жақсы нәтижелеріміз бар. Өткен жылы жерлесіміз Мейрамбек Айнағұлов грек-рим күресі бойынша Азия чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды. Бұл — еліміз үшін үлкен мақтаныш. Тағы бір жаңалығымыз, былтырдан бастап спорт мектебінде қыз балалар үшін дзюдо бөлімі ашылды. Сол сияқты, Шалқарда аула клубы жұмысы жақсы жолға қойылды, — деді Қ.Бұқарбаев.

Аудан күндерінде аула клубындағылардың ұйымдастыруымен түрлі спорттық шаралар да ұйымдастырылды. Бұл күні саябаққа келген қала қонақтары мен тұрғындар тоғызқұмалақ, дойбы ойнап, арқан тартысты, гір тасын көтерді.

Бұдан кейін қазақша күрестен «Түйе палуан» жарысы ұйымдастырылды. Жүлде қоры — 100 мың теңге. Бұл жарыста облыс атынан «Қазақстан барысы» турниріне қатысқан Ақтөбе қаласының жігіті Әділет Мысин жеңіске жетті. Сол сияқты жүлделі екінші және үшінші орындарды Ақтөбе қаласының тұрғыны Дархан Темірханов пен темірлік Азат Қуанов иеленді. Жүлдегерлердің барлығына грамота мен ақшалай сыйлықты облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі табыс етті.

Аудан күндеріне арналған шара саябақ сахнасында гала-концертпен жалғасты. Бұл күні Шалқардан шыққан дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева, айтыскер ақын Аян Сейітов, Әсет Оразаевтар өз өнерлерін көрсетті.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*