Басты бет » Жаңалықтар » Табиғатқа зияны жоқ…

Табиғатқа зияны жоқ…

Астананың 20 жылдық мерекесінде «Ақтөбе» индустриялық аймағында экологиялық жағынан тиімді полиэтилен қалташалар өндірісі іске қосылды.

Көп жағдайда қолданылатын полиэтилен қалташалардың шіріп, топыраққа сіңбейтіні белгілі. Ал мұнда өндірілетін полиэтилен қалташалардың құрамына арнайы заттар қосылып, соның арқасында олар бір жылдың ішінде толықтай ыдырап кетеді. Бұл өндірісті «Поливест» ЖШС қолға алып отыр. Кәсіпорын жылына 1200 тонна өнім шығармақ, бұлар — түрлі мақсаттағы полиэтилен қалталар.

Өндірістің іске қосылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, қазіргі күні өте қажетті өнім шығарылатын цехты аралап көрді.

— Біз 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеміз, алайда бүгінге дейін ғимаратты жалға алып келген едік. 2017 жылы облыс басшылығының қолдауымен, бізге индустриялық аймақтан инженерлік инфрақұрылыммен жабдықталған жер бөлінді. Жер көлемі — 1 гектар. Осы жерге жалпы ауданы 3 мың шаршы метр болатын ғимарат тұрғыздық. Қазір кәсіпорында 60 адам еңбек етеді. Жобаны іске асыруға 500 миллион теңге қаржы жұмсалды, — деді «Поливест» ЖШС-ның директоры Бауыржан Жүсіпов.

Оның айтуынша, кәсіпорынның өнімдері елімізде зор сұранысқа ие. Өнім Астана, Ақтөбе, Қарағанды, Алматы, Орал қалаларына кең таралып отыр.

Астана мерейтойына орай Ақтөбеде 30-дан астам әлеуметтік, өндірістік және сауда нысандары іске қосылды. Олардың құрылысына салынған инвестиция көлемі 10 миллиард теңгеден асты.

Айжан САРЫБАЙ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*