Басты бет » «Бақытты бала» » Балалар өзеннен өту әдістерін үйренеді

Балалар өзеннен өту әдістерін үйренеді

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов «Бақытты бала — Мәңгілік ел кепілі» жобасы аясында «Достық» жазғы лагеріне барды.

«Достық» жазғы лагерінің үшінші маусымы Астана қаласының 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Бұл маусымда 240 бала демалып жатыр.

Бүгінгі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік-патронаттық қолдау тапсырмасын орындау жұмыстары жалғасуда. Сол мақсатпен қала әкімі Ілияс Испанов 5 жетім балаға 50 мың теңге көлемінде сертификаттар, 21 аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға мектепке қажетті оқу құралдары бар рюкзактар, демалушы балаларға спорт бұйымдары мен балмұздақтар сыйға тартты. Сонымен қатар, биылғы жылғы ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғары 137 балл алған Ақтөбе қаласындағы №53 орта мектеп оқушысы Ақжол Алпамыс пен «Алтын белгі» иегерлері арасында ең жоғарғы 134 балл алған Ақтөбе қаласындағы №50 орта мектеп оқушысы Ақжол Иманғазинге  Алғыс хат пен сыйлықтар табыстады.

Ілияс Испанов «Достық» жазғы лагерінің материалдық-техникалық базасымен танысып, бұл жерде туризм сабағына қатысты әрі лагерь жанынан ашылған «Батыр» шатырлы лагерінің жұмысын да көрді. «Батыр» шатырлы лагерінде балалар алау жағу, түйін байлау және жорық кезінде жол кедергілері мен өзеннен өту әдістерін үйренеді.

Лагерьдің басты мақсаты — балаларға туристік дағдыларды, жер бетін бағдарлау, картамен жұмыс жасауды үйрету әрі «Менің Отаным — Қазақстан» республикалық туристік және жергілікті экспедициялар бағдарламасы бойынша жас туристерді дайындау.

Биыл жазда лагерь 7 жастан 14 жасқа дейінгі жеңілдік санатындағы 800 баланы  және демалғысы келетін балаларды қабылдады.

Қазір «Достық» жазғы лагерінде түрлі сауықтыру іс-шараларымен қатар, ойын-сауық түрлері, таза ауада серуендеу, спорттық және туристік, мәдени шаралар, экскурсиялар ұйымдастырылады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*