Басты бет » Жастар » Белсенді жастар марапатталды

Белсенді жастар марапатталды

25 маусымда облыс орталығынан Қызылорда өңіріне қарай «Құтты мекен Ақтөбеден — арайлы Астанаға» атты автокеруен бет түзеген еді.

Астананың 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған автокеруен Қызылорда, Алматы сынды Қазақстанның бұрынғы астаналарын, сондай-ақ, жолдағы облыс орталықтары мен қалаларды аралап, 2 шілдеде Астанаға жетті. Автокеруен құрамында белсенді жастар, өнер адамдары, спортшылар мен еріктілер болды.

Кеше осы шараға белсенді қатысқан жастарға облыстық ішкі саясат басқармасы атынан Алғыс хаттар табысталды. Жиында облыстық жастар ресурстары орталығы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Бекниязова сөз сөйлеп, өзінің жылы лебізін жеткізді:

— Астананың 20 жылдық мерейтойына орайластырылған «Құтты мекен Ақтөбеден — арайлы Астанаға» автокеруенінің мақсат-міндеттерін сіздер абыроймен орындап шықтыңыздар. 8 күннің ішінде 3,5 мың шақырым жол жүріп, еліміздің 10-нан астам ірі қалаларында болып, тәуелсіздік тірегі — Астананың, өз туған өлкеміз Ақтөбе өңірінің бүгінгі табыстарын насихаттап, өз замандастарыңыз арасында түрлі шаралар ұйымдастырдыңыздар. Бұл автокеруеннің пайдасы мол болғаны жөнінде пікір айтушылар көп. Ел мүддесі, игілігі жолындағы істерде әрдайым белсенділік танытатындарыңызға сенеміз, — деді ол.

Марапатталғандар арасында облыстық жастар ресурстық орталығының қызметкері Аслан Бекмырза, ерікті жастар — Дәурен Оразалин мен Нарқозы Қартжан, мәдениет саласының қызметкерлері — Лунара Иманғалиева, Томирис Ілиясова, Ақторғын Ноғаева, т.б. болды. Барлығы 19 жас марапатталып, оларға Алғыс хаттармен бірге, естелік сыйлықтар табысталды.

Жиында жастар да сөз сөйлеп, «Құтты мекен Ақтөбеден — арайлы Астанаға» автокеруені сапарынан алған әсерлерімен бөлісті.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*