Басты бет » Денсаулық » Астана медицинасының дамуына үлес қосып жүрген ақтөбелік дәрігерлер

Астана медицинасының дамуына үлес қосып жүрген ақтөбелік дәрігерлер

Астанада еліміздегі аса ірі медициналық орталықтар бар. Бұл жерде медицина ғылымының  шыңына  шыққан ғалымдар мен білікті мамандар жұмыс істейді. Оның ішінде Елорда медицинасының дамуына, жандануына үлес қосып жүрген ақтөбелік дәрігерлердің қатары  көп.  Мереке қарсаңында Астанадағы ірі республикалық орталықтар мен емдеу орындарында еңбек етіп жүрген жерлестеріміздің бірқатарын  әңгімеге тарттық.

Сәрсен ҚОБЛАНДИН, медицина ғылымдарының докторы, профессор,  академик, ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі:

— 2009 жылы денсаулық сақтау министрлігінің шақыртуымен Астана қаласына көшіп келдім. Ұлттық  ғылыми медициналық орталықта органдар  мен тканьдерді ауыстыру және хирургия орталығын басқардым. Медициналық құрал-жабдықтардың әлемдік озық үлгілері бар орталықта жұмыс істеу маған  жаңа тыныс берді. Белгілі ғалым Жақсылық Досқалиевпен бірге орталық жұмысын жандандыруға күш салдық. Еліміздің әр түпкірінен науқастар келеді. Күрделі оталар жасалады. Белгілі кардиохирург Юрий Пиямен бірге жұмыс істедім. Кейін Астанада ірі кардиохирургиялық орталық ашылды. Бір сөзбен айтқанда Астананың ірі медициналық орталыққа айналуы үшін бәріміз бір адамдай жұмыла еңбек еттік. Осы уақыт ішінде Елорданың көркеюінің куәсі болдық. Алғаш келген жылдардағы Астананың келбеті мен қазіргі кезін салыстырсам, айырмашылық жер мен көктей. Қазір қала үлкейді, ірі спорт кешендері мен орталықтар салынды. Мен қаланың «Нұрсая -2» тұрғын үй кешенінде тұрамын. Үйге «Бәйтерек» монументі мен су бұрқағы көп  саябақ жақын. Күнде кешкілік зайыбыммен бірге серуендеп, таза ауа жұтып қайтамын. Осылайша Елордамыздың көркеюінің куәсі болып жүрміз.

Серік ЖАРЫҚОВ,  Трансплантация  және  жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығы директорының орынбасары, ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі.

—  Елордаға  2003 жылы келдім. Астана медициналық академиясының докторантурасына күндізгі бөлімге оқуға түстім. Осыдан кейінгі еңбек жолым Елордамен байланысты болды.  Докторантураны аяқтағаннан соң  Астана қаласының денсаулық сақтау департаментінде бас хирург болып жұмыс  істедім. Тұрғындарға амбулаторлы және стационарлық ем көрсету,  медициналық қызметті лицензиялау,  медициналық ұйымдардың қызметін ұйымдастыру және үйлестіру секілді жұмыстарды атқардым. Астана медицинасының дамуына өз үлесімді қостым. 2009 жылдың наурыз айынан бастап ҚР Президенті іс басқармасының  «Қазіргі заманғы медициналық технологияларды енгізу орталығы» мекемесінде ұйымдастырушылық-құқықтық және техникалық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы болып тағайындалдым. Осы уақытта Президент іс басқармасының медициналық мекемелеріне  жаңа технология енгізу, цифрлық жүйеге көшіру жұмыстары жасалды. Кейін 2012 жылы Ұлттық ғылыми медициналық орталық  жанындағы трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығы директорының орынбасары болып қызметімді жалғастырдым. Бұл кезде еліміздің штаттан тыс бас трансплантологы ретінде трансплантология бағыты бойынша жасалып жатқан жұмыстардың басы-қасында жүрдім деуге болады. Қазақстанда  алғаш рет трансплантация бойынша ұлттық үйлестіру орталығы құрылды. Бұрын-соңды жасалмаған бауыр, бүйрек, ішкі мүшелер, көз қабы трансплантациясы жасала бастады. Қыруар шаруа атқарылды. Қазіргі қолданыстағы  мүше трансплантациясы бойынша заңнамалардың жасалуына еңбек сіңірдік. Қазақстандағы нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу және жаңарту бойынша үлкен жұмыстар жасалды.  Осы бағыт бойынша бірыңғай донорлық жүйені құруға ат салыстым.  Бұл транспланталогия саласын  дамытуға үлкен көмегін тигізді.  2012 жылы осындай үлкен жұмыстардың нәтижесінде алғаш рет жүрек  ауыстыру отасы жасалды. Жалпы жиырма жылда Астана еліміздегі ірі медициналық орталыққа айналды. Диагностикалық, кардиохирургиялық, балаларды оңалту орталықтары, яғни медициналық кластерге кіретін емдеу мекемелері еліміз бен шетелдік азаматтарға жоғары технологиялық-медициналық қызмет көрсетті. Мәселен, мүше трансплантациясы – тек қана ота жасау емес, ол біртұтас  жүйе.  Науқастың отаға дейінгі және одан кейінгі медициналық  тексерістері мен оны өмір бойы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, донорды дайындау тағы басқа  шығындар  мемлекеттің мойнында, яғни барлығы тегін жасалады. Ал бұндай мүмкіндік кез келген мемлекетте жоқ. Көрші Қырғызстан елінде бүйрек жеткіліксіздігі ауруында  алатын гемодиализдің ақысын науқас өзі төлейді. Ал бұндай ем түрі біздің елде тегін жүреді.  Осыған  қарап  ел медицинасының қаншалықты дамығанын, қандай деңгейде екенін көруге болады. Сондай-ақ Астанада медицинаның өзге де бағыттары дамып жатыр. Трансплантация және жоғары технологиялық қызметті үйлестіру орталығы қазір өз жұмысын бір ізге келтірді.  Жалпы бұл — Қазақстанның медицина саласындағы жаңа бағыт, яғни ел аумағында трансплантация қызметін үйлестіру, құру, донорлық қызметті дамытумен байланысты. Ал осындай күрделі жұмыстардың  бас қалада жасалып жатқанын ескерсек, ел медицинасының жиырма жылда қандай белеске көтерілгенін көруге болады. Айтпақшы, мереке қарсаңында «Астана — 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталдым. Бұл да Елордаға сіңірген еңбегімнің бір жемісі деп ойлаймын.

Мақсат ЖАНТҰРҒАНОВ,  Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың атқарушы директоры, кардиохирург.

— Ақтөбе медициналық университетін бітіргеннен кейінгі еңбек жолымның барлығы сырт жерде өтті. Мәскеуде аспирантурада оқып, сол жерде алғашқы еңбек жолым басталды. Кейін  неміс академиялық алмасу қызметі бойынша, Германияда білім алдым. Сол  жақта бес жыл жұмыс істедім. Астанаға  2007 жылы келдім. Ұлттық  ғылыми медициналық  орталықтан кардиохирургия  бөлімін аштым. Осы жерде науқастарға операция жасадым, дамыған мемлекеттен үйреніп келген тәжірибеммен бөлістім. Мамандарға ота жасаудың қыр-сырын үйреттім.  Төрт жыл бойы кардиохирургиялық бөлімнің жандануы үшін еңбек еттім. Кейін №2 Астана қалалық  ауруханасы ашылып, соған бас дәрігер болып тағайындалдым.  Емдеу мекемесінің әрі қарай жұмыс жасап кетуі үшін бар күш жігерімізді жұмсадық.  Аурухана ісі бір ізге түскен соң,  ұлттық медициналық орталыққа қайтып келдім. Осылайша Елорда медицинасының дамуына үлес қосып жүрмін. Қазір орталық  урология, гинекология, кардиохирургия және басқа да бағыттар бойынша жоғары технологиялық-медициналық қызмет көрсетеді.  Кардиохирургия бағытында балалар мен ересектердің жүрегіне  операция  жасалады. Өзім күн сайын ота жасаймын. Республиканың әр түкпірінен  науқастар келеді. Шынымды айтсам, қаланы аралауға уақытым бола бермейді. Дегенмен Астана қаласының көркейіп келе жатқанына куә болып жүрміз. Бұл бізді қуантады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*