Басты бет » Жастар » Белсенді жастар бас қосқан форум

Белсенді жастар бас қосқан форум

Астананың 20 жылдығы қарсаңында еліміздің белсенді жастары Ақтөбеде бас қосты. Шілденің 3 мен 4-і аралығында облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Астана! Жастар! Болашақ!» атты халықаралық жастар форумы өтті.

Қала сыртындағы «Солнечный» демалыс базасында өткен екі күндік халықаралық форумға еліміздің Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарынан және Башқұртстан Республикасы мен Ресейдің Орынбор облысынан келген барлығы 100-ге жуық жас қатысты.

Форумның ашылу салтанатында сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айбек Көпенов барлық жиналған жастарды форумның ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі.

Астана бүгінде әрбір қазақстандық жастың жетістіктерінің символы іспеттес. Болашағына сеніммен қарайтын кез келген еліміздің азаматы Астанаға қарап бой түзейді. Сондықтан да бүгінгі форумның аты «Астана! Жастар! Болашақ!» деп қойылып отыр. Екі күнге жоспарланған шараның форматы да бұрынғыларға қарағанда өзгерек. Осы ретте мен облыс басшылығы атынан, облыстық ішкі саясат басқармасы атынан шақыртуымызды қабыл алып, бүгінгі форумға қатысып жатқан жастарға өз алғысымды білдіремін, — деген облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары бүгінгідей форумның көрші елдермен өзара ынтымақтастықты нығайтуда атқаратын үлесі зор екенін айтты.

Өз кезегінде сөз алған РФ Орынбор облысынан келген жастармен жұмыс жөніндегі жетекші маман Михаил Козин ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, рақметін айтты.

Осымен Қазақстанда екінші рет болуым. Сіздердің қонақжайлықтарыңызға ерекше тәнтімін. Бүгінгі форумның жұмысына сәттілік тілей отырып, жастарға өз керегін алуларына тілектеспін, — деді ол.

Ұйымдастырушы «Ақтөбе дамуы» қоғамдық қорының директоры Жанна Қадырованың айтуынша, Астананың 20 жылдығына арналған форумның басты мақсаты — саясат, экономика, кәсіпкерлік, азаматтық бастамалармен айналысатын жастарға бағыт беріп, жастар арасында тәжірибе алмасу және мемлекеттік құрылым мен бизнес арасында дискуссиялық алаң орнату.

Бұл форум Ақтөбеде бұған дейін де өтіп жүр. Тек бұл жолғы шараның форматы өзгерді. Форумның бірінші күні спорттық шаралар, түрлі тақырыпта семинарлар ұйымдастырылса, екінші күнін жеке тұлғаның дамуына арнаймыз. Сондай-ақ форум барысында өңірге келген қонақтарды Ақтөбенің көрікті жерлерімен таныстырып, қаланы аралату да қарастырылған, — деді Жанна Қадырова.

Форум барысында әртүрлі бағыттар бойынша семинар-тренингтер өтіп, «Қоғам дамуының демократиялық қағидалары», «Менің жетістігім — менің елімнің жетістігі», «Бизнесті нөлден бастау», «Команда ұйымдастыру және тиімді басқару», «Медиакеңістік және блогерлік» деген тақырыптар қамтылды.

Форум делегаттарының бірі — Орынбор облысынан келген Жанат Байсарина. Бүгінде Орынбор мемлекеттік педагогикалық университетінде оқитын Жанат Ақтөбенің тумасы. Туған жеріне Орынбордағы достарымен білімін толықтырып, кәсіби деңгейде өсу мақсатында келген ол Ақтөбе қаласының да Елордасы Астана қаласы секілді күн санап жаңарып келе жатқанын айтады.

Ақтөбе де Астана секілді болашақтың қаласы. Бірге оқитын курстас достарыммен өзімнің туған жерімде бас қосып жатқаныма ерекше қуаныштымын. Бұндай халықаралық деңгейдегі форумға екінші рет қатысуым. Бұған дейін Уфа қаласындағы форумда болдық. Бүгін Ақтөбедеміз. Өзіме де, достарыма да барлығы ұнап жатыр. Форумға келудегі мақсатым — жаңа таныстар тауып, тәжірибе алмасу. Өз мақсатыма жеттім деп айта аламын, — дейді белсенді Жанат Байсарина.

Жастар арасында тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған шарада қайырымдылық шараларын жиі өткізетін жастар да көп болды. Мәселен, Батыс Қазақстан облысындағы «Батыс-Қамқор» жастар қоғамдық бірлестігінің көшбасшысы Мирас Айболатов аталмыш форум аясында  өзі секілді белсенді жастармен танысып, өзге өңірлерде қандай қайырымдылық шаралары өтіп жатқандығынан хабардар болуы үшін маңызы зор екендігін айтады.  Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында жастар саясатының жүзеге асырылуына өз үлесін қосу, жастар арасындағы мәдени-ағартушылық, жастар белсенділігінің дамуына ықпал ету мақсатында құрылған қоғамдық бірлестік 3 жылдан бері жұмыс жасап келеді.

Форум аясында халықаралық шараның делегаттары түрлі спорттық сайыстарға, «Фотоаңшылық» квестіне қатысып, флешмоб биледі. Шара соңы мерекелік кешкі асқа ұласып, естелік суретке түсумен аяқталды.

  Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*