Басты бет » Білім » Балалар Астана әсерлерін айтты

Балалар Астана әсерлерін айтты

Ақтөбе қаласындағы №60 орта мектептің жанынан ашылған «Даму» ойын алаңының екінші ауысымында «Шұғыла», «Балауса», «Алтын сақа», «Болашақ» топтары жұмыс жасайды. Әр топта 25-30 оқушы бар. Жұмыс жоспары бойынша, ойын алаңында балалар үшін көңілді әрі қызықты демалыс ұйымдастырудың барлық шаралары қамтылған.

Бұл жолы да балалардың ойын алаңындағы алғашқы сәті «Мен бақытты баламын» тақырыбындағы шарамен бастау алды. Тынығуға келген балалар ертеңгілік жаттығуларын жасап болғаннан соң, «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ», «Жас оқырман», «Сиқырлы көксандық», «Әжем айтқан ертегі», «Спорт — біздің досымыз» тақырыбындағы шараларға белсенді қатысты. Мақсат — оқушыларды ұтымды сөйлеуге, мақал-мәтел айтуға, жұмбақтар шешуге жігерлендіру, адалдыққа, адамгершілікке тәрбиелеу. Сонымен қатар Астананың 20 жылдығына арнап «Астана — арман қала» тақырыбында мерекелік іс-шара да балалардың қатысуымен көңілді өтті. Олар Астана әсерлерімен бөлісіп, ондағы кереметтерді әңгімеледі.

Оқушыларға тренингтер, қимылды әрі логикалық, спорттық ойындардың сан қыры үйретіліп, ойнатылды. Ойын алаңына келген оқушылар ипподромда да болды. Жылқыға мініп, бұл жануардың қадір-қасиеті туралы танымдық дәріс алған балалардың қызығушылығы зор болды.

«Даму» ойын алаңына келген балалар Қарғалы өзені бойына табиғатқа шығып, қоршаған ортаны аялау, жасыл желектерді қорғау турасындағы әсерлі әңгімелерін ортаға салды.  Тәрбиешілер Г.Қонарова, А.Кожахметова, С.Дүйсенова, С.Ізтілеуова, Г.Мыңбаева,  А.Абдуллиналар балалардың әр күнін мәнді өткізуге тырысты.

Гүлмира ҚАНАПИНА,

«Даму» ойын алаңының басшысы.

Ақтөбе қаласы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*