Басты бет » Жаңалықтар » 20 сәбиге туу туралы куәлік тапсырылды

20 сәбиге туу туралы куәлік тапсырылды

Астана күні қарсаңында туған 20 сәбиге туу туралы куәліктері салтанатты түрде табысталды. Жаңа Неке сарайының ғимаратында өткен шараға қала әкімі Ілияс Испанов қатысып, сәбилерге арнайы сыйлықтар берді.

— 6 шілде — еліміздегі елеулі күндердің бірі. Бұл — еліміздің бас қаласы әсем Астананың туған күні. Осы айтулы күннің қарсаңында дүние есігін ашып жатқан сәбилеріңіздің бауы берік болсын. Еліміздегі әрбір бала бақытты болуға лайықты. Ал бақытты бала — мәңгілік еліміздің кепілі, — деді қала әкімі Ілияс Испанов өз құттықтауында.

Салтанатты шарада әкім құттықтауына ие болып, қызының куәлігін алғандардың бірі —  Жаниязовтар әулеті. Көптен күткен қызғалдақтарының туған күні айтулы мерекемен тұспа-тұс келген олардың  қуанышында шек жоқ.

— Балым — біздің сегіз жарым жыл күткен қызымыз. Тұңғышымыз ер бала. Мереке қарсаңында бізді Неке сарайында салтанатты түрде құттықтап, сыйлық беріп жатыр. Өте қуаныштымыз. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Барлық бала бақытты болсын, — деді анасы Индира.

Қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі берген ақпаратқа сәйкес, 2017 жылы Ақтөбе қаласында 12 514 сәбидің тууы тіркелген. Ал 2018 жылдың І жартыжылдығы бойынша Ақтөбеде 6 471 сәби дүниеге келген. Бұл өткен жылдың жартыжылдығымен салыстырғанда 4 пайызға өскендігін көрсетеді.

Айта кетейік, мерекелік шара облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Бақытты  бала» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*