Басты бет » Мереке » Сол кездесу әлі есте…

Сол кездесу әлі есте…

Мемлекет басшысының елге келген әрбір сапары маңызы зор оқиға іспетті. Бұл күні көптеген жаңа өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандар іске қосылады, оның өзі облыстың дамуына серпін береді. Елбасы облысқа ресми де, жұмыс бабындағы сапармен де талай рет келді.

Бүгінгі мереке тұсында біз Президенттің еліміз Тәуелсіздік алған тұстағы — 1991 жылғы облысқа келген сапары туралы баяндамақшымыз.

Президент Ақтөбеге 1991 жылдың 12 қарашасында келді. Бұл республика Президентін бірінші жалпыхалықтық сайлау қарсаңындағы ел өңірлері бойынша сайлауалды сапарлар кезі болатын. Кейінірек Президенттің өзі жазғандай, ол бір ай ішінде күллі Қазақстанды аралап шықты.

Ақтөбедегі бірінші кездесу сол кезде белгілі педагог, қоғамдық қайраткер Мәрия Құрманғалиева директор болып қызмет атқаратын №32 мектеп-гимназияда өтті.

Гимназия маңында сол күні халық көп жиналды. Нұрсұлтан Әбішұлы жұртшылықпен бірге мектеп ішіне енді, директордың басшылығымен атқарылған жұмыстар туралы жылы лебізін айтты, музейді аралап көріп, білім беру саласындағы проблемалар туралы сұрастырды.

Мектеп ауласында Президент білім беру саласы қызметкерлері алдында өзінің сайлауалды бағдарламасы туралы айтып, сайлаушылардың көптеген сауалдарына жауап қайтарды.

Осы кездесуден кейін трикотаж фабрикасында және Ақтөбе ферроқорытпа зауытында болды.

Ол аталған зауытқа келген кезде айнала қараңғыланып қалған еді. Адамдар мұнда түнгі ауысымда да еңбек етіп жатты, ал кездесу балқыту цехтары жанында ұйымдастырылды. Мұнда Президент өзінің жас кезінде металлург болып еңбек еткенін еске алып, кәсіби баскиімді киді де, №1 балқыту цехына енді. Зауыт директоры В. Новиков зауыттың табыстары мен проблемалары туралы айтты, силикат зауытында бой түзеген бірлескен кеңес-итальян кәсіпорны жұмысы жөнінде баяндады. Мемлекет басшысы шлак өңдейтін итальяндық жабдықтармен танысты.

Президенттікке кандидаттың сенімді өкілі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Ізбасқан Аймағамбетов кейін еске түсіргендей, сол тұста Президенттің уақыты қатаң есептеулі еді, ол соған қарамастан, мемлекеттік істермен тұрақты шұғылданды, үнемі жан-жаққа телефон шалып, нұсқаулар берді, басқа елдердің басшыларымен сөйлесті.

Қазақ КСР-інің 40 жылдығы атындағы кеңшарындағы малшылар үйінде ол диқандармен, малшылармен, сауыншылармен кездесті, бірнеше әлеуметтік нысандарда болды. Қай жерде адамдарды сөзге тартып, саясат, даму туралы пікір алысты және алдағы қиындықтар жөнінде айтуды да ұмытпады.

Малшылар үйіндегі кездесуде Президент еңбек ұйымдастыру формаларына ерекше назар аударды, сол кезде саусақпен ғана санарлықтай фермерлер мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілеріне сұрақтар қойды. Нұрсұлтан Әбішұлы нарықтық қатынастарға өтудің маңыздылығын атап көрсетті.

Бұдан кейін Ақтөбе, Новоресей және Ленин аудандарының сайлаушылары өкілдері бас қосуымен кеңшар клубында өткен жиында да осы тақырып жалғасын тапты. Бұл кездесуде де сенімді өкіл Ізбасқан Аймағамбетов Президенттікке кандидаттың өмірбаяны мен саяси қызметі туралы тереңнен баяндап берді. Оны аудандық кеңестің төрағасы Н. Мелихов, шаруашылықтың зоотехнигі А.Жұбатыров, механизатор А. Бекмұхамбетов, Хазірет орта мектебінің директоры Г.Спотарь, соғыс және еңбек ардагері Б.Шаймұхамбетов қолдады.

Сайлаушылар алдында сөз алған Нұрсұлтан Назарбаев мейлінше орнықты, дәлелді пайымдауларымен жұртшылық жүрегін баурап алды.

Кәсіпорындар мен ұйымдардағы, фермалардағы, денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет салаларындағы кездесулер мейлінше ұзаққа созылды. Адамдар Нұрсұлтан Әбішұлын орталарынан оңайшылықпен жібере қойған жоқ, бірігіп суретке түсті, ашық та шын көңілден шыққан әңгімеге қуаныштарын білдірді.

13 қарашада Кеңестер үйінің конференц-залында ақтөбелік сайлаушылардың ел Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі өтті.

Бұл кездесуге облыстың барлық аудандарынан, кәсіпорындары мен ұйымдарынан өкілдер келді. Президентті сайлау жөніндегі Ақтөбе округтік сайлау комиссиясының төрағасы Т.Сапронова кандидаттың сенімді өкілі, облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері Ізбасқан Аймағамбетовке сөз берді.

Ол кандидаттың іскерлік және адами қасиеттерін атап көрсете келіп, Президенттің елде және шетелде қазақстандықтардың мүддесін қорғауға ұмтылатындығын, қиын уақыттарда халық бірлігін нығайтудағы еңбегін атап көрсетті.

Содан кейін ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі мінбеге көтерілді.

— Бүгін сіздермен сөйлесу маған бір жағы қиын, бір жағы жеңіл, — деді ол.

— Сіздер мені көп уақыттан бері білесіздер, менің жұмысым, үкіметтің саясаты көз алдарыңызда. Нақ қазір бұған дейін не істелгенін, не істелмегенін, болашақта қалай жұмыс істеуіміз керектігі туралы айтатын уақыт келіп жетті. Біз, Жоғарғы Кеңес, республикада атқарып жатқан істерді біздің халқымыз дұрыс қабылдауда. Мен сенімді өкіліме, сайлауда мені қолдауға сөз беріп, сенімдерін білдіріп жатқан барлық адамдарға алғысымды айтамын, оның үстіне сайлауалды науқаны қиын уақытта өтіп жатыр. Мен өз сайлаушыларыма аспаннан алтын жаудырамын деп айта алмаймын. Өкінішке қарай, бізді алда күтіп тұрған қиындықтар туралы айтуға тиіспін, бірақ қазақстандықтар нарықтық экономикаға өтпелі кезеңде көп зардап шекпеуі үшін маған қатыстының бәрін жасауға уәде беремін.

Президент сол кездің өзінде Семей ядролық полигонын жабудың маңыздылығы туралы айтып өткен болатын.

— Біз ядролық жарылысқа қарсы саясатымыз арқылы бұған дейін бізге зұлымдық империясы іспетті қарап келген әлемге өзіміздің бейбітшіліксүйгіштігімізді көрсеттік,— деді ақтөбелік сайлаушылармен кездесуінде Нұрсұлтан Назарбаев.

— Мен барлығын да сіздерге ашық және тікелей айттым. Қазақстандықтар алда қандай жолды таңдайды, оны өздері шешеді, — деп сөзін аяқтаған ол сұрақтарға жауап беруге көшті.

Кездесу соңында жиналысқа қатысушылар облыстың барлық сайлаушыларына үндеу қабылдады. Оның мәтінін сайлау науқанын үйлестіру жөніндегі қоғамдық комитеттің мүшесі, Қазақ КСР халық депутаты, облыстық «Актюбинский вестник» газетінің редакторы Евгений Кулагин оқыды. Ол сайлаушыларды 1 желтоқсан, сайлау күні Қазақ КСР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа дауыс беруге шақырды.

1 желтоқсанда өткен еліміздің Президентін бірінші жалпыхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевқа Ақтөбе облысындағы сайлаушылардың 99 пайыздан астамы дауыс берді. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі еді.

Балнияз ӘЖНИЯЗОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*