Басты бет » Басты жаңалықтар » Президенттің Ақтөбеге сапарлары

Президенттің Ақтөбеге сапарлары

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2016-2017 жылдары Ақтөбе облысына екі рет ресми сапармен келді. Өзі «Ақтөбе — құтты мекен!» деп айдар таққан батыстағы ірі агломерациялық орталықтың дамуына сол сапарларында оң бағасын берген еді.

2016 жыл. Наурыз айы

2016 жылдың наурыз айындағы сапарында Мемлекет басшысы облыстағы мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асырылған «Ақтөбе жылыжай» кешеніне, мұнай жабдықтары зауытына барды. Облыс кәсіпкерлерімен кездесуінде олардың істеп жатқан жұмысына жоғары бағасын берген-ді. Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектебіне барып, оқушылармен, мектеп ұжымымен кездесті.  Республикалық «Жастық! Жігер! Еңбек!» атты жастар форумына да қатысты. Ел тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойына арналған республикалық форумның құрметті қонағы елдің әр түкпірінен келген үш мыңнан астам жастың алдында Қазақстанда жастардың терең білім алып, елдің лайықты азаматы болуы үшін бар жағдай жасалып жатқанын айтты.  Оларды еліміздің гүлденуі үшін жастық жалынмен, жігерлі рухпен еңбек етуге шақырды.

— Мен сендердің көздеріңнен нұр, жүректеріңнен жалын көремін. Біздің жастар — білімді серік еткен мақсатты ұл-қыздар. Бізге сіздердің отаншылдықтарың, білімдерің мен жетістіктерің өте қажет. Мен сендерді жастық жалынмен, жігерлі рухпен еңбек етуге шақырамын. Өз еңбегіңмен, өз талпынысыңмен жеткен жетістік — нағыз бақыт. Елдің абыройын арттыра беріңдер, жас қырандар. Мен сендерге сенемін. Қазақстанның болашағы сіздердің қолдарыңызда. Біздің ұрпақ осының бәрін жасап, сендердің қолдарыңа тапсырады. Сол кезде қасық қандарың қалғанша Тәуелсіз Қазақстанды қорғайтын сендер боласыңдар. Біз ата-баба аманатын орындап, Тәуелсіз мемлекет құрдық. Ол мемлекетті дүниежүзіне паш еттік, құрметті еттік. Қайда барсаң да, Қазақстанды жақсы біледі. Міне, біздің жасаған жұмысымыз, — дей келе Елбасы Ақтөбе өңірінде жасалып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.

2017 жыл. Қазан айы

Өткен жылы қазан айында келген сапарында Мемлекет басшысы өңірдегі инфрақұрылымдық және әлеуметтік-мәдени нысандарды аралап, өнеркәсіптік кәсіпорындарға барды. «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Ақтөбе ферроқорытпа зауытына, «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында«Нұр Ақтөбе» ауданында салынып жатқан үй құрылыстарымен танысты. Бұған қоса өңірде соңғы жылдары бой көтеріп, әдемі қаланың сәніне сән қосқан ірі мәдени орталықтар — Өнер орталығы мен «Жұбановтар әлеміне» барып, жергілікті интеллигенциямен, шығармашыл тұлғалармен кездесті.

Жұмыс сапарын қорытындылаған Елбасы «Ақтөбе — Қазақстандағы ең бір өркендеп, өсіп келе жатқан өңір» деп бағалады. Астана, Алматы, Шымкент қалаларымен қатар Ақтөбенің де инновация орталығы болып, өндірістік, қаржылық және адами ресурстарды тартатын факторға айналуға тиіс екендігін ерекше атап өткен-ді:

— Тәуелсіздік жылдарында Ақтөбе облысының халқы екі есе өсті. Бұрын 240 мың халық болса, қазір 500 мыңға жуықтады. Мен бұл қалада миллион адамның тұрғанын қалаймын. Осы көрсеткішті арттыру мақсатымен мұнда тұтас шағын аудандар мен қажетті инфрақұрылым салынып жатыр. Тұрғын үй, жол салынып, газ бен су құбырлары тартылуда. Сол сияқты, бүкіл Қазақстан аумағы жол желісімен қамтылады. Астанадан барлық өңірлерге қарай жол тартылды. Сол жолдардың бойымен қаншама елді мекендер бой тіктеп,  инфрақұрылымдар салынды.  Міне, даму дегеніміз — осы. Мұны адами даму деуге де болады, — деді Мемлекет басшысы.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*