Басты бет » Мәдениет » Спектакльмен басталған кеш

Спектакльмен басталған кеш

Туған жерге тағзым

Туған жеріне ат басын жиі бұрып тұратын азаматтардың бірі — Нұрнияз Мұқанов. Бозбала кезінде Шымкент қаласындағы мәдениет институтын бітірген 1973 жылдан бері Маңғыстау облысында қызмет жасап келе жатқан ол өзі туып-өскен Байғанин ауданын есінен шығарған кезі жоқ. Соңғы кездері кең өріс алған «Туған жерге тағзым» акциясына атсалысып жүргендердің бірі де осы Н.Мұқанов. Сол себепті де ол өткен жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбавтың бастамасымен өткізілген «Ақтөбе — құтты мекен» атты республикалық жерлестер форумына арнайы шақырылған құрметті қонақтардың бірі болды. Форумнан соң Қарауылкелді ауылында болып, жерлестерімен кездесіп, мойнына жаңа міндеттер алды.

Жуықта Қарауылкелдідегі Мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы Нұрнияз Мұқановтың 70 жасқа толуына арналған шығармашылық кеш өтті.

Бұл салтанаттың тұсаукесері көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаевтың бірнеше шет тілдеріне аударылған белгілі повесінің негізінде сахналанған «Шыңырау» спектаклі болды. Бұл спектакльді байғаниндіктерге тарту еткен Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының директоры да осы Нұрнияз Мұқанов. Қалың көрермен шиеленісті тартыстар мен терең философияға негізделген қойылымды өте жылы қабылдады. Оның бір себебі, пьесаның өзегіне айналған тарихи деректер осы өңірдің адамдарына әбден мәлім оқиғалар еді. Спектакльден соң мәдениет қайраткерінің өмір жолын баяндаған деректі фильм көрсетілді.

Бұдан кейін кеш иесінің шығармашылығына арналған кеш басталып, оны ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев жүргізіп отырды. Жылы лебіздер легін көрнекті ақындар, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сабыр Адай, Қазақстан Журналистер одағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, белгілі айтыс ақыны, Маңғыстаудағы «Адай Ата-Отпан тау» этномәдени орталығының директоры Нұрлан Мұсаевтар бастап, Нұрнияз Мұқанұлының ел мәдениетін көркейтуге қосқан үлесін жан-жақты баяндады.

Кеш барысында Байғанин ауданының әкімі Асқар Шериязданов сөйлеп, аудандық мәслихаттың шешімімен Нұрнияз Мұқановқа «Байғанин ауданының құрметті азаматы» атағы берілгенін хабарлап, төсбелгі мен куәлікті табыс етті.

Тағылымды басқосу аяқталар сәтте кеш иесінің өзі сөз алып, жерлестеріне жылы ықыласты тілектерін айтты.

Шығармашылық кешті Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының артистері  әдемі әндермен әдіптеп отырды. Кеш әнші-сазгер, Мәдениет саласының үздігі Орал Байсеңгірдің орындауында өзі жазған «Байғанин маршы» әнімен аяқталды.

Дастан АЗАМАТ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*