Басты бет » Басты жаңалықтар » Бердібек САПАРБАЕВ: «Ақтөбе» футбол клубының банкротқа ұшырауына жол бермейміз

Бердібек САПАРБАЕВ: «Ақтөбе» футбол клубының банкротқа ұшырауына жол бермейміз

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Ақтөбе» футбол клубының басшылығымен, жаттықтыру штабы құрамымен және ойыншылармен бейресми жағдайда кездесті.

Облыс басшысы клубтың банкротқа ұшырауы мүмкін деген қауесетті жоққа шығарып, футболшыларды жергілікті биліктің көп жылдар бойы жиналып қалған қаржылай проблемаларды  шешуге бар күштерін салатындарына сендірді.

— Ақтөбеде футбол болған, болады да. Біз сіздерге барынша қолдау көрсетеміз. Әрине, клубтың проблемалық мәселелері жоқ емес, бірақ біз оларды шешіп жатырмыз. Бастысы ағымдағы еңбекақылар мен сыйақылар бойынша қарыздар жоқ. Банкротқа ұшырады деген қауесетке сену қажетсіз. Ойнаңыздар және ойындарыңызбен жанкүйерлеріңізді қуантыңыздар, — деп атап өтті Б.Сапарбаев.

«Қарызға келер болсақ, жуырда былтырғы жылдың берешектері жабылады. Оның алдындағы қарыздар бойынша шаруалар заң аясында шешілетін болады» — деп жеткізді ол.

Өңір басшысы соңғы кездесулердегі ойынның жақсы болғанын атап өтіп, командаға табыстар, соның ішінде қарағандылық  «Шахтерға» қарсы кездесуде жеңіс тіледі.

Команданың бас жаттықтырушысы Владимир Муханов сөз алып, облыс басшысына команданың тек ертеңгі сайыста ғана жеңіп қоймай, келесі ойындарда да жанкүйерлерін қуанту үшін бар күштерін салатындарына сендірді.

Кездесуде бұқаралық балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту туралы да сөз болды. Айта кетейік, осы мақсатта Ақтөбеде 2016 жылы облыстың барлық аудан орталықтарында 14 бөлімшесі бар футбол академиясы ашылды. Биыл облыс орталығында бес футбол алаңы бар арнайы спорттық база іске қосылды.

Кездесу соңында облыс әкіміне өңірдің автомобиль кодын білдіретін «04» нөмірлі футбол жейдесі тарту етілді.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*