Басты бет » Білім » ҰБТ қорытындысы: облыс көрсеткіші республикалық көрсеткіштен жоғары

ҰБТ қорытындысы: облыс көрсеткіші республикалық көрсеткіштен жоғары

Брифинг

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Жиында облыстағы ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы мен оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру туралы айтылды.

Біздің облыста ҰБТ 21-25 маусымда 15 пунктте ұйымдастырылды. 6669 мектеп бітірушінің 5230-ы (77,2 пайыз) ҰБТ-ға қатысты. Қорытындысында, облыстың орташа балы — 85,6. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,2 пайызға артық. Республика бойынша орташа балл — 83.

М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған  мектеп-интернат облыстағы ең жоғары көрсеткішке (108,3 балл) ие болды. Бұл білім шаңырағындағы емтиханға қатысқан 57 түлектің 41-і 100-ден жоғары балл жинапты.

Облыс бойынша ең жоғары ұпайды (137 балл) Ақтөбе қаласындағы №53 орта мектептің түлегі Ақжол Алпамыс алды.

  • Аудандардың да көрсеткіші жақсы. Әсіресе, Байғанин мен Алға аудандарының мектеп бітірушілері жоғары балға қол жеткізді, — деді Л.Оразбаева.

Тестілеуді тапсырған түлектердің 533-і шектеулі балды — 50 ұпайды жинай алған жоқ.

Басқосуда облыстық білім басқармасының басшысы балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру туралы да айтты. Биыл облыста 118 мың оқушыға жазғы демалыс ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 282 миллион теңге қарастырылған. Облыста 11 қала сыртындағы лагерь бар.

Еліміздің және облыстың киелі жерлеріне 5865 оқушы саяхат жасамақ. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысындағы «Дарын» лагеріне, Ресейдің Орынбор облысындағы «Солнечная страна» лагеріне дарынды оқушыларды жіберу жоспарланып отыр.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*