Басты бет » Білім » ҰБТ аяқталды: облыстың орташа көрсеткіші: 85,6 балл

ҰБТ аяқталды: облыстың орташа көрсеткіші: 85,6 балл

Маусымның 21-25 маусым аралығында біздің облыстың түлектері ұлттық бірыңғай тест тапсырды.  Облыс бойынша жалпы 5230 түлек тестілеуге қатысты. Олардың біреуі 137 ұпай жинады. Облыстың орташа көрсеткіші — 85,6 балл.  Облыс түлектері емтиханды қалай тапсырды? Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбековамен ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы туралы сөйлескен едік.

— Тестілеу жақсы деңгейде өтті. Өткен жылмен салыстырғанда өсім бар. Облыстың орташа көрсеткіші — 85,6 балл, яғни 3,2 ұпайға артық, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

Емтихан Ақтөбе қаласындағы 3 тестілеу пунктінде және 12 ауданның орталығында өтті. ҰБТ-ға қатысуға 5355 мектеп бітіруші өтініш берген. Бұл — барлық түлектердің 80 пайызы. Дегенмен сынаққа түлектердің 77 пайызы қатысты.

— Дәлелді себептермен қатыса алмаған оқушылар болды. Дегенмен біздің облыста ұлттық бірыңғай тестілеуге көп бала қатысты. Бұған дейінгі сынақтарға мектеп бітірушілердің 69, 71, 72 пайызы қатысқан болатын. Түлектердің 77 пайызының қатысуы — тестілеу ұйымдастырылған 15 жылда мүлде болмаған көрсеткіш, — дейді  бөлім басшысы.

Ақтөбе қаласындағы мектеп бітірушілердің қатысымы көп: 83,1 процент.  Аудандардың арасында Мұғалжар (85,5 процент), Ойыл (81,9 процент), Байғанинде (78,2 процент) тестілеу тапсырғандар көп болыпты.

— Облыстағы 38 мектептің орташа балы 100-ден жоғары көрсеткішке ие. Бұл тұрғыда Мақсат Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың көрсеткіші жоғары. Бұл білім шаңырағының көрсеткіші — 108,3 ұпай. Сондай-ақ «Білім-инновация» мектеп-интернаты (102,9 балл) мен физика-математикалықмектеп-интернаты (99,8 балл) да жақсы нәтижеге қол жеткізді, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

Аудандар бойынша да өсім жақсы. Әсіресе, Байғанин, Алға, Мәртөк аудандарының көрсеткіші жоғары болып отыр.

510 «Алтын белгі» иегері тестілеуге қатысып, олардың 389-ы білімдерін дәлелдеп, 100-ден жоғары ұпай жиаған.

 

— 533 бала шектеулі ұпай — 50-ден төмен балл алды. Дегенмен бұл балалар көңілдерін түсіріп, қапаланып, қиналмағандары жөн. Өйткені олар шілде айында кешенді тестілеуге қатысады. Оларға жоғары оқу орнына құжат тапсыру үшін емтиханды қайта тапсыруға мүмкіндік беріліп отыр, — дейді облыстық білім басқармасының қызметкері.

Көш бастаған мектеп

Гүлнара Тажығалиева,  М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың директоры:

— Жыл сайын біздің метеп-интернат ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары көрсеткішке ие болып жүр. Биылғы жылы  да түлектеріміз сенімді ақтады. Мектеп бойынша ең жоғары балл  — 135  ұпайды Құралай Орын жинады. Тестілеуге қатысқан 57 баланың 41-і 100-ден жоғары балл алды. 17 бала «Алтын белгі» иегері болған еді. Соның 10-ы үмітті ақтап, білімдерін дәлелдеді. Екілік алған, шектеулі балл ала алмаған бала мүлде жоқ.

 Ең үздік балл иесі

Ақжол АЛПАМЫС, №53 мектептің түлегі:

— 23 маусым күні тестілеу тапсырдым. Жоғары балл алатыныма сенімді болдым. Өйткені сынақ тестілеулерде  жоғары ұпай алдым. «Достық» оқу орталығында дайындалдым. Математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы және математикадан бір-бір пәннен жетпей қалды.

Алматыдағы Сулеман Демирель атындағы университеттің ІТ мамандығына құжат тапсыруды жоспарлап отырмын.

Мүмкіндікті пайдаланып ата-анама, мұғалімдеріме ризашылығымды білдіремін.

PS: Тестілеу аяқталған соң келіспеушіліктерін білдіріп, аппеляциялық комиссияға өтініш білдірген түлектер де болды. Нәтижесінде, Ақтөбе қаласы бойынша жалпы 146 балл, Алға ауданы бойынша — 3 балл, Мәртөк пен Хромтау аудандарына бір-бір балдан қосылды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*