Басты бет » Мәдениет » Ғибраты мол еді…

Ғибраты мол еді…

Журналист Әкімжан Оралбаев өзінің саналы ғұмырын баспасөз қызметіне арнады. 1963 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетінің журналистика бөлімін бітіргеннен кейінгі еңбек жолын өлкелік «Батыс Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер болып бастаған ол, кейін «Коммунизм жолы» атауын иеленген осы басылымда жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. 

Қаламы қарымды журналист шығармашылық ізденістерімен көзге түсіп, очерктері мен әңгімелері арқылы оқырман қауымға кеңінен танымал болған тұста, қырық жеті жасында мезгілсіз өмірден өтті. Оның артында қалған жазбалары кейін «Аманат» деген атаумен жарыққа шықты.

Біз бүгін сонау алпысыншы жылдардың орта тұсында облыс журналистикасына жарқын леп, тың тыныс ала келген қаламдас аға буын өкілінің сексен жылдығына орай қарындасы Сұлупан Панақызының естелік жазбасын жұртшылық назарына ұсынып отырмыз. 

Менің әкем Пана Әлиұлы ұзақ жыл облыстың аудандарында басшылық қызметтерде болып, өз тұстастары арасында танымал болған адам. Әкемнің өзінен кейін төрт қарындасы, үш інісі болады. Соғыстан аман-есен оралған ол Шалқар қаласындағы №1 орта мектептің директоры болып тағайындалып, сол кезде отбасын құрған анамыз Күміс екеуі бауырларын да тәрбиелеп, қатарға қосуды өз міндеттеріне алады.

Сол уақыттағы жайды әкем, былай баяндайтын: «Әкімжан сабаққа ынталы, үлгерімі жақсы болды. Әлі есімде, қосу, алу амалдарын алаша өрнегін санап отырып шығаратын. Үйде ұйқыға жатар алдында оған өлең айтқызатынбыз. «Алматы — менің астанам» деген әнді жақсы орындайтын. Бірінші сыныпты жақсы бітіріп, мақтау грамотасын алды».

Әкімжан ағам үлкендердің айтуынша, көп сөйлемейтін, өзіне қойылған сауалға ойланып жауап беретін, әке-шешеге, туысқандарына да сыйлы, беделді бала болып өсіпті. 1956 жылы мектепті бітіргеннен кейін Ленинградтағы университетке оқуға түсуге талаптанады. Бірақ сынақ кезінде бір пәннен төрттік баға алып, қатаң конкурстан өтпей қалады.

Содан Шалқар аудандық «Социализм туы» газетіне әдеби қызметкер болып орналасады. Сол кездегі беделді редактор, өткір журналист Тілеужан Шойғариннің мектебінен өтіп, балаң қаламын ұштай түседі.

Көп екен бергенің де, жеткенің де,

Әңгіме — ерен еңбек еткеніңде.

Алдымен ҚазГУ-де емес, мына біздер,

Оқыдық Шойғариннің мектебінде, —

деп ұстазының жетпіс жылдық мерейтойында өлең арнауының да осындай мәні бар.

Ал Тілеужан ата өмірден өткенінше шәкіртінің жазғандарын үзбей оқып тұрыпты. Соның бір куәсі — беріректе жазған бір хаты.

«Айналайын! Саған хат жаздырған «Туған жер» деген мақалаң. Шынын айтқанда, адамның іші-бауырын елжіретті. Бұл мақала маған бір романға бергісіз болды. Өзіме «Қан мен тер» романындай, онан да жақын, жылы соқты. Бұл мақаладағы адамдардың бәрімен дәмдес болдым. Өткен кезең көз алдымда» деп тебіреніпті ол.

Әкімжан аға Ақтөбе педучилищесінің студенті, өзі бұрыннан білетін шалқарлық Қапиза есімді қызбен үйленіп, тойдың басын әкем аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып қызмет атқаратын Хромтауда, біздің үйде өткізді. Біз ол кезде тіпті де кішентаймыз. Кейін отбасында Мәдиха, Үміт, Гүлнара секілді сіңлілерім өмірге келді. Ол балаларын жақсы көретін, әрдайым еркелетіп отыратын. Олардың тәртіпті, тәрбиелі болуын қалап, соған орай талап та қоя білетін. Бауырларым да әкелерінің айтқанын мүлтіксіз орындауға тырысатын.

Қазір Әкімжан ағамның ғұмырын Диас атты перзенті жалғастырып келеді. Ол жоғары білім алды, заман ағымына сай білікті маман ретінде қызмет етуде. Бәріміз үшін аяулы Қапиза жеңгеміздің қолғанаты, көз қуанышы.

Ағамның қандай ерекшеліктері бар еді деп ойланамын кейде. Ол әдеби кітаптарды көп оқитын. Таңдап, талғап, зерделеп қолға алатын. Кейде ол үйдегі кітап сөрелеріне қызыға көз салатынбыз. Сонда бізге байыппен ғана кітапты қалай оқу, қандай тақырыптарды таңдау жөнінде ақыл-кеңесін беретін.

Мәскеудегі екі жылдық жоғары партия мектебінде оқыған жылдары оның дүние тану, қоғамдағы өзгерістерге баға беру ұстанымын берік қалыптастыра түсті-ау деп ойлаймын.

Оның тағы бір қасиеті — шахматқа құштарлығы еді. Күні бүгінге дейін ол туралы естелік айтатын замандастары, қатарлас ағалар осы жағына көбірек тоқталады. Демалыс күндері қаладағы қазіргі Пушкин атындағы паркте қаладағы нағыз шахмат құмар жандар бас қосатын. Аға да сол ортадан табылатын. Уақытында әлем жұртшылығының назарын аударған Каспаров пен Карповтың шаршы тақтадағы сайысы, яғни дүниежүзілік біріншіліктегі тартысы үнемі оның назарында болатын. Өткізілген ойындарға талдау жасап, ұтылыс себептерін өз сараптамасынан өткізіп отыратынын білетінбіз.

Айтпақшы, Әкімжан ағамызды өзінің бала кезден бірге өскен достары, үйдегілер Тәшен деп атап кеткен болатын. Тіпті университетте өзімен бірге оқыған белгілі ақын Есенбай Дүйсенбаев та осылай атауды ұнатқан. Ол кейінгі бір еске алу өлеңінде былай деп жырлағаны жүрегімізді тебірентті:

Ертеңгі ұрпақ — өрімталдай әсемім,

Ерлейді әлі егеменді жас елін.

Ұмытпайды — Әкімжанын халқының,

Қапизаның Тәшенін!

…Уақыт не деген жылдам еді. Ағамның өмірден өткеніне отыз жылдан асыпты. Ол ортамызда жүргенде жан дүниесіне тереңірек үңіле алмадық па, көбірек кездесіп, сырласпадық па деген ой да көңілді мазалайды кейде. Сондайда ол туралы жазылған естеліктерге үңілемін. Елдің белгілі азаматы атанған Рамазан Нұржанов ағамыз кезінде: «Әкімжанның басқалардан бір айырмашылығы мен артықшылығы — ол өмірде, дәлірек айтқанда жекелеген істе, қайда, не қандай да болмасын қызметте, тапсырма орындауда өзінің жастығына қарамастан жеңілдік көрсеткен жоқ, үнемі жоғары жауапкершілік сезімінде болды. Сол мінезі әрі қасиетімен сый-құрметке бөленді. Біреу ойнап сұрақ қойса, ол шындап жауап беруші еді.

Әкімжанның жүріс-тұрысы, сыпайы да сабырлы мінезі, аспай-саспай сөйлеген сөзі, істеген ісі айналасындағы жасы үлкендерге ұнамды да, жасы кішілерге — үлгі болатын. Ол ешкімнің үстінен ғайбат сөз айтпайтын, артық әңгімені ұнатпайтын, жолдастыққа жақсы жан еді» деп өз тұжырымын жасаған екен.

Университеттің журналистика бөлімінде ағаммен бірге талантты тұлғалар оқығанын білеміз. Олар кейіннен баспасөзде, әдебиетте танымал есімдерге айналды. Рымғали Нұрғалиев, Құрманбай Толыбаев, Қоғабай Сәрсекеев, Әміржан Қалиев, Қарауылбек Қазиев, Нұриден Муфтахов, Ақтөбеден Идош Асқар, Есенбай Дүйсенбаев ағаларымыз…

Ал ағамыздың бала кезден бірге өскен дос-жолдастары туралы ерекше айтуға тура келеді. Олар есейген тұстарында да бір-бірінен алшақтаған жоқ, үнемі хабарласып, қатысып тұратынын байқайтынбыз. Солардың бірі биыл ғана дүниеден өткен Бекет Есенжолов аға еді. Ол балалық шағында өздерінің Шалқардан он-он бес шақырымдай қашықтықтағы Ақши, Айдарлықұм, Сары өзен, Аралши деген мекендерде жаздай-күздей мал ұстайтын әкелеріне көмектесіп, мал қайырып, шөп шауып, шағыр тасығандарын балалық кездің қызықты бір сәттері ретінде күні кешеге дейін айтып отыратын. Сол балғын шақтың өзінде ол ағатайымның бойынан табандылық пен қайраттылық, ұстамдылық қасиеттерін үнемі байқап жүреді екен.

Журналист Марат Мырзағұлов, байланыс қызметінің үздігі Жолдыбай Түменов, ағарту саласында еңбек еткен Тұрсын Тілешов, ауыл шаруашылығы саласының мамандары Саудағазы Есбосынов, Елемес Жумин, Жайлаубай Қосбармақов секілді достары онымен үнемі бірге болды, қашанда жанынан табылды. Олардың мектеп бітіргендерінің жиырма бес жылдығын Шалқар қаласында атап өткенін білеміз. Өйткені сол кезде бәрі бірігіп түскен суреттері сақтаулы тұр. Кейде соған қарап, ағамның бақытты сәттерінің бірі сол шығар деп ойлаймын. Өйткені ол өзінің балалығы өткен туған жерге барғанды, дос-жолдастарымен кездесіп, әңгімелескенді өте ұнататын. Мектептегі ұстаздары туралы ерекше құрметпен айтып отыратын.

Жан ағатайымның аяулы бейнесі ылғи да жадымда тұрады. Оның мәңгілік тұрағындағы өзі сүйіп оқитын әрі қызметкері болған облыстық «Коммунизм жолы» газетіне көз  жүгіртіп отырған ойлы бейнесі салынған ескерткіш алыстан көзге шалынады.

Оның жарқын өмірі өткен облыстық газет редакциясы мен үшін әрқашан да ыстық. Басылымның әр санын асыға күтемін, оның әр бетінен асыл ағаның қолтаңбасы қалғандай сезінемін. Мүмкіндігімше өзім де газеттерге мақалалар жариялап тұрамын, сірә, ағамның ықпалы болса керек. Баспасөз жұмысына қатысу арқылы Қазақстан Журналистер одағы мүшелігіне де қабылдандым. Бұл маған ерекше міндеттер жүктейді әрі ағамның аманатындай сезіледі.

…Ол арамызда жүргенде биыл сексен жасқа толар еді. Елуге де жетпей, жас күйінде өмірден өткен сол бір асыл жанның артында қалдырған жазбалары бүгін де біз үшін баға жетпес қазына, ерекше тағылым-тәрбие көзі болып тұра бермек.

 Сұлупан ШЫНТАСОВА,

Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*