Басты бет » Жастар » Үш елдің жастары Ақтөбенің киелі жерлерін аралайды

Үш елдің жастары Ақтөбенің киелі жерлерін аралайды

 

Ел мен жерді тану, тарихты білу — патриоттық тәрбиенің өзегі. Осы орайда республикалық «Хан қорық» жастар фестивалі биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр.

Фестивальдің ашылу салтанаты кеше Ақтөбедегі Әлия Молдағұлованың ескерткіші алдындағы алаңда өтті.

«Хан қорық» жастар фестивалі алғаш рет 2015 жылы, Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында, Қарағанды облысындағы Ұлытау өңірінде өткен еді. ІІ фестиваль 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына арналып, Оңтүстік Қазақстан облысында ұйымдастырылды. Өткен жылы фестиваль «Туған жер» бағдарламасы мен «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы шеңберінде Павлодар облысында өткізілді.

Биылғы, яғни ІV фестиваль елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойына арналып отыр. Ұйымдастырушылар — «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігі, облыс әкімдігі және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті. Фестиваль аясында 120 жас — еліміздің 14 өңірінен және Ресейдің Орынбор, Өзбекстанның Нөкіс қалаларынан келген студенттер, сонымен қатар «QazaqGeography» қоғамдық бірлестігінің мүшелері Ойыл, Қобда, Алға аудандарының киелі жерлерін аралайды.

Ашылу салтанатында алдымен облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттіліктер тіледі.

— Еліміздің барлық өңірлері секілді, Ақтөбе жерінің де тарихы бай, облыс аумағында қазақтың даңқты хандары мен батырларына, ақын-жазушыларына қатысты киелі жерлер көп. Облыс бойынша 11 тарихи ескерткіш республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енді. Жастар — білуге, жаңалыққа құштар жандар. Біздің облыс аумағындағы киелі жерлерді аралаудыңфестивальға қатысушыларға зор пайдасы тиетініне сенеміз, — деді Ербол Нұрғалиев.

«QazaqGeography» қоғамдық бірлестігінің өкілі Тоғжан Дауытбаева бірлестік атынан Ақтөбе облысының әкімдігі мен Қ.Жұбанов атындағы университет басшылығына алғысын жеткізіп, қатысушыларды 5 күнге созылатын фестиваль бағдарламасымен таныстырды.

Фестивальға қатысушылар Ойыл ауданындағы тарихи ескерткіш — Көкжар жәрмеңкесінде, Шығанақ Берсиев атындағы музейде, табиғаты ғажап Барқын құмында, Қобда ауданындағы Абат-Байтақ пен Қобыланды батыр кесенелерінде, Әлия Молдағұлованың туған жерінде және Алға ауданындағы Тама Есет батырдың мемориалдық кешенінде болады деп жоспарланған. Тарихи орындарға саяхаттан бөлек, ғылыми жобаларды қорғау, спорттық сайыстар, басқа да қызықты шаралар жоспарланған.

Ашылу салтанатында сөз алған жастар да өздеріне туған елдің тарихы мен табиғаты ерекше, киелі жерлерімен жақын танысуға мүмкіндік ұсынған ұйымдастырушыларға алғыс айтты. Жиында Ақторғын Естілеуова, Айбат Мақашев, «Өркен» тобы, т.б. өнер көрсетті. Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев пен «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі Тоғжан Дауытбаева Әлия ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Сондай-ақ, Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған Ақтөбе—Қызылорда—Алматы—Астана автокеруені де осы жерден жолға шықты. Керуен құрамында маман дәрігерлер, өнер адамдары, белсенді жастар бар. Олардың қатысуымен жолдағы елді мекендерде концерттер, басқа да түрлі мерекелік шаралар өткізілмек.

Ал кеше, түстен кейін Ақтөбедегі өңірлік коммуникациялар қызметінде Тоғжан Дауытбаеваның қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. «QazaqGeography»  қоғамдық бірлестігінің өкілі журналистерге фестивальдің мақсаты, фестиваль аясындағы шаралар жөнінде егжей-тегжейлі баяндады.

Сонымен қатар, бұл күні «Хан қорық» жастар фестиваліне қатысушылар Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде бас қосып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатындағы «Туған жер» бағдарламасы мен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында, өлкетану, тарихи-мәдени мұраларды зерттеу және қорғау, сондай-ақ «Су ресурстары», «Климаттық өзгеріс» тақырыптары бойынша әзірлеген баяндамаларын оқыды. Бұл ғылыми жобалар фестивальдің соңғы күнінде, 29 маусымда қорытындыланып, дипломдар мен сертификаттар табысталатын болады.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*