Басты бет » Мәдениет » Өнегелі өмір

Өнегелі өмір

Тағзым

Өткен жұма, сенбі күндері Ақтөбе қаласында және Ойыл ауданында  қоғам қайраткері, ауыл шаруашылығы саласының көрнекті ұйымдастырушысы, ғалым, партия-кеңес қызметкері Байсалбай Жолмырзаевтың туғанына 90 жыл толуына орай еске алуға арналған мәдени-танымдық іс-шаралар өтті.

Бірінші күні Ақтөбе қаласының Оңтүстік Батыс шағын ауданындағы  Байсалбай Жолмырзаев атындағы көшеде мемориалдық тақта орнатылды. Оның ашылу салтанатына қатысқан Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин:

— Тарихи уақыт, заман өзін алға сүйреп жетелейтін азаматты дүниеге келтіреді. Сондай тұлғалар елді бір мақсатқа жұмылдыруға өзіне жауапкершілік алады. Кешегі кеңестік кезеңде сондай елдің жүгін көтерген белгілі басшының бірі —Байсалбай Жолмырзаев болды, — деп айтулы тұлға туралы әңгімені бастап берді. Қала жұртшылығы үшін тәрбиелік, өнегелік маңызы бар осындай шараға қолдау көрсеткен ынталы топқа, мемлекеттік мекемелерге ардагерлер қауымы атынан ризашылығын білдірді. Осыдан жиырма жыл бұрын өмірден өткен Байсалбай Жолмырзаевтың қандай құрметке де лайық тұлға екенін еске алды. Ол 1928 жылы 1 қаңтарда Қызылорда облысының Қазалы ауданының алыс ауылында дүниеге келді. Сол Қазалының ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп мал дәрігері, одан Алматының ауыл шаруашылығы институтында оқып агроном мамандықтарын алып, Ақтөбе облысына жолдамамен келді. Сөйтіп, Сыр бойында туғаны болмаса, бүкіл саналы ғұмыры осында өтіп, Ақтөбе өңіріне ұмытылмас еңбек сіңірді.

Тың игеру жылдарында еңбек жолын қарапайым агрономдықтан бастаған  жас маман, сол кездің құрылымдық талабына сай машина-трактор станциясының директоры қызметін атқарды. Араға бір-екі жыл салып, Темір,  Байғанин, Ойыл аудандарының қосылып ірілендірілген ауыл шаруашылығы саласына басшылық қызметке жоғарылады. Аз-кем уақыт облыстық партия комитетінде жауапты қызмет атқарып, 1958 жылы Ойыл аудандық партия комитетіне бірінші хатшы болып сайланады. Осыдан бастап ұзын-ырғасы 14 жыл аталған  ауданның бірінші басшысы лауазымында болды. 1972 жылы Ақтөбе қаласына қоныс аударып, облыстық ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын тексеру-қадағалау инспекциясының басшысы қызметін атқарды. Осыдан зейнеткерлікке шыққаннан кейін Ақтөбе қаласындағы жоғарғы оқу орындарында ұстаздық қызметін жалғастырып, жас шәкірттерге дәріс оқыды.

Ауыл шаруашылығымен шұғылданатын ауданның  алдыңғы қатарлы басшысы болған Байсалбай Жолмырзаев кезінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, бірнеше мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медалдармен марапатталды.

Арада біршама уақыт өтсе де, елге сыйлы, қадірлі болған азаматты көпшілік қауым ұмытпаған екен. Салтанатты шараға қала жұртшылығы, Б.Жолмырзаев есімі берілген көше тұрғындары, бірге қызмет істеген жора-жолдастары көптеп жиналды. Көрші облыстардан, Алматы мен Астанадан, тіпті Стамбул мен АҚШ-тан қонақтар келіп қатысты.

Қоғам қайраткері, облысымыздың Құрметті азаматы Ян Тампаев еңбегі еске алынып отырған азаматпен бір уақытта, бір заманда бірге қызмет жасағандарын айта келіп, өсіп, өркендеген Жолмырзаевтар әулетіне ізгі тілегін арнады. Ойыл ауданында бірге қызмет істеген тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Зәкраддин Байдосов, сыйлас інісі, ардагер Сансызбай Қуатов, байырғы есеп қызметкері, тоқсандағы ардагер Ноқым Сәлиев  белгілі тұлғаның басшылық, ұйымдастырушылық қабілетіне, адамгершілік қасиеттеріне тоқталып, тартымды естеліктер айтып берді. Салтанатты жиын соңында Байсалбай  ағаның зайыбы, ардақты ана, белгілі педагог Қаракөз Қосаева ұзақ жылдар отасқан аяулы жолдасының ізгі қасиеттері хақында сөз толғай келіп, шараға жиналған қауымға алғысын білдірді.

Осы күні түсте Жолмырзаевтар әулеті  Бестамақ ауылында ас берді. Марқұм Байсалбай Жолмырзаев Есет батыр Көкіұлы кешені жанындағы қорымда жерленген.

Сенбі, яғни 23 маусым күні ардақты тұлғаны еске алуға арналған мәдени-танымдық шара Ойыл ауданының орталығында жалғасты. Ақтөбе қаласынан келген қонақтарды ойылдықтар ертеңгілік Байсалбай Жолмырзаев есімі берілген көшеде тік тұрып қарсы алды. Осы көшенің басына оның ескерткіш-бюстісі орнатылған еді. Жолмырзаевтың әулеті, тума-туыстары, жолдас-жоралары, бұрын бірге қызмет істеген жұмыстастары қатысқан ескерткіштің  ашылу салтанатына Ойыл жұртшылығы қалмай жиналды. Салтанатты шараны аудан әкімі Дастан Сағыров ашып, жиналғандарды игі шарамен құттықтап, келешек жастарға үлгі болатын мұндай жұмыстардың алда да жалғасатынын айтты. Ескерткішті ашуға аудан әкімімен бірге, ұзақ жылдар осы ауданда басшылық қызметтер атқарған Өтеміс Әкімов, Ғазиз Займолдин, құрметті қонақ Сабдар Әбиев шақырылып, лента қию рәсімі жасалды. Ескерткішке гүл шоқтары қойылып, тағзым етілді.

Бұдан соң аудандық мәдениет үйінде Б.Жолмырзаевтың еңбек жолына арналған «Ел жадында  сақталған жарқын бейне» атты танымдық конференция өтті. Алдын ала дайындалған баяндамалардан кейін, замандастары естеліктерін айтты. Еске алынып отырған тұлғаның өмірінен, әулетінің кешегісі мен бүгінінен сыр шертетін бейне көрністер ұсынылды.

Аудан орталығындағы патриоттық тәрбие беру орталығында  ас берілді. Ауыл ақсақалдарына, үлкендерге, алыстан келген қонақтарға шапан жабылып, сый-сияпат көрсетілді.

Түстен кейін аудандық спорт мектебінің алаңында Б.Жолмырзаевтың жүлдесі үшін футболдан аудандық біріншілік өтті.

Осы күні Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінде «Орыс тілі мен орыс әдебиеті» кабинеті ашылып, оған осы мектепте ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарған Қаракөз Қосаеваның есімі берілді. Бұл салтанатқа ардақты ұстаздың бұрынғы әріптестері, мектеп басшылығы, ұстаздар қауымы қатысты.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 Суретті түсірген Өміргүл Темірхан.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*