Басты бет » Тарих » Азаматтың қадірі

Азаматтың қадірі

Тағзым

Ағын судай зырлап өтіп жатқан уақыт-ай. Кешегі күні қатарымызда жүрген, көпке жол көрсетіп, өзінің топ бастаушылық қабілетімен елді сүйсіндіріп, айналаға айбынымен жігер берген жақсы азамат Қозы-Көрпеш Аманбаевтың дүниеден озғанынан да жиырма жылдың жүзі болыпты.

Елу бір дегеніңіз шын мәнінде адамның өзін көрсететін, бойындағы білімі мен жастық кезден жинаған білігін іске жұмсайтын, өзгеше бір өнегелі тұс — нағыз жігіт жасы емес пе?! Нақ сол уақытта біз Қозы-Көрпеш сынды жолдасымызды жоғалтып алдық.

Қозы-Көрпеш Сапаұлы Мұғалжар ауданының Қаракөл ауылында соғыстан кейінгі ел бейбіт өмірге енді сусап кіріскен шақта дүниеге келген. Бастапқыда Темірдегі ауыл шаруашылығы техникумында білім алып, зоотехник мамандығын игереді. Іскер, алғыр жігіт ел көзіне бірден ілігеді. Сондықтан да болар, ол жастайынан басшылық қызметтерге тартылады. Өзі туып-өскен өңірдің «Орқаш», «Ембі» кеңшарларында, партия ұйымдарында жетекшілік етеді.

Еңбек ете жүріп, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында білім алады.

Оның жігерлі жылдары Мұғалжар аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, Шалқар ауданындағы «Айшуақ» кеңшарында директор болған кезіне арналды. Әсіресе, айшуақтық азаматтар күні бүгінге дейін Қозы-Көрпештің қадірін жоғары көтеріп айтып отырады. Оның нақты бір мысалын өз көзіммен де көрдім.

Бірде қызмет бабымен Шалқар асып, Бозойға барғанмын. Қайтар жолда Ойылға тіке жүрдік. Жолшыбай иен далада көлігіміз бұзылып, тұрып қалдық. Көз ұшында тұрған жалғыз үйге жетіп, жағдайымызды айтқанда, сондағы жігіттер Қозы-Көрпешпен қызметтес екенімді біліп, сөзге келместен өзінің жеке көлігінің радиаторын ауыстырып салып берді.

Сол жігіттердің айтуынша, Қозы-Көрпеш осында басшы болған тұста елге көп жақсылық жасаған. Ауылды газ желісіне қостырып, біраз жыл бойы сөзбұйда болып келген шаруаның түйінін оңтайлы шешкен. Шаруашылықта сауна салдырған. Ауылдағы мамандарды жинап алып, үйлерінің жанынан монша салуды талап еткен. Сол уақыттың көзімен қарағанда, мұның бәрі маңызды мәселелер еді және жаңашылдық істер болатын.

Көбінесе кеткен басшылардың соңынан сыпсың сөз еріп жатады ғой. Шалқардың азаматтарының Қозы-Көрпеш туралы айтқан жылы лебізі менің жүрегімді тебірентті, оған деген құрметім мен сыйластығым бұрынғыдан да арта түскендей болды сол жолы.

Мен Қозы-Көрпешті сонау алпысыншы жылдардың орта тұсында Темір ауыл шаруашылығы техникумында оқып жүрген кезінен білетінмін. Ол басқа мамандықта білім алды да, қатынасымыз онша тереңдей қоймаған. Сол кезде ұзынтұра, ақсары бозбала жігіт болып көрінетін. Спортпен айналысатыны есімде қалыпты.

Араға отыз жылдай уақыт салып, Ойыл ауданына әкім болып келгенінде орта бойлы, толықша, қара торы азаматты алғашында тани қойғаным жоқ. Бірақ көп ұзамай, бірімізді-біріміз жақын тартып, сенісіп, қоян-қолтық қызмет атқарып кеттік.

Бұл жаппай жекешелендірудің қызып жатқан кезі болатын. Кешегі кеңшардың бір директорының орнына бір ауылда қырық басшы ат тізгінін ұстады. Шаруашылықтың жүздеген техникасы мен өріс толы мыңдаған малы пай бойынша үлеске түсіп, жаңадан пайда болған шаруашылық қожалары оны аспаннан түскен тегін байлықтай көріп, көзсіз айырбасқа кірісіп кетті. Есепсіз мал шашпалықтың соңы берекесіздікке әкеліп соқтырды.

Қиын-қыстау кезеңде ел ерге қарайды. Сол кезде ер жерге қарамасын. Біз куә болдық қой, сондай тұстарда Қозы-Көрпеш қашанда еңсесін жоғары ұстайтын, тұйықтан жол табуға ұмтылатын. Әсіресе, ол аудан басқарған кез заманның қиыншылығына тұстас келді емес пе?

Ол уақытта қазіргідей тұрғын үй, мектеп, аурухана ғимараттарын жаңадан салу туралы мүлдем сөз болмайтын. Басты мәселе — халықты азық-түлікпен, отын-сумен қамтамасыз ету болатын. Мекеме-кәсіпорындар бір-біріне айнала бережақ. Өзара есептесу деген әдіс өрістеп тұрған шақ. Тіпті еңбекақы мен зейнетақының өзін беру үлкен мәселеге айналғаны есімізде. Дүкенде тауардың көзі тапшы. Осының бәрі аудан әкіміне келіп тіреледі. Ол кезде тұрғындардың бүгінгідей өз бетімен әрекет етуге, тіршілік жасауға да ұмтылысы кемшін, талабы бәсең.

Қозы-Көрпеш не істеді? Ең бастысы, қарап отырмады. Заңға қайшы келсе де, көрші ауданнан қарызға ақша алып, оңтүстіктегі Борандай, Балаковка деген елді мекендерден екі вагон қант алдырды. Оны дүкеннің жарты бағасымен үй басына бір қаптан тараттырды. Бұл дерегіміз, бәлкім, бүгінгі күні күлкілі көрінер, ал ол уақытта елге қанттың жеткізілуінің өзі үлкен әлеуметтік мәселе түйінін шешкенмен бірдей еді.

Сол кезде жылу қазандықтарына пайдаланатын көмірдің сапасы төмен болғандықтан, пешке мұнай жағуға кірістік. Қарызымыз көбейіп кеткендіктен Кеңқияқ мұнай өндіру басқармасы мұнай беруді тоқтатып тастады. Қозы-Көрпеш мұның да жолын тапты. Коммерциялық ұжымдармен келісімге келіп, малға айырбас арқылы отын алдық.

Біздің байқауымызда Қозы-Көрпеш өте қарапайым, алды кең адам еді. Өтірігі жоқ, не болса да тура айтады. Кейбіреулердің бүгінгі билікке жағыну үшін бұрынғы басшылардың сыртынан айтатын ғайбат сөздерін жақтырмай, тез тыйып тастайтын.

Ол қаншама жыл басшылық қызметте болса да, дүние-мүлік жинамаған, қолдағы барын өзі мен атқарып отырған жұмысының мерейі үшін шашып жүрген адам деп білемін. Зайыбы Шолпанның қолы шебер болғандықтан шығар, көбінесі соның ине-жібінен шыққан киімді киетін.

Қозы-Көрпеш өмірінің соңғы кезінде облыстық экология және биоқорлар басқармасы басшысының орынбасары болып аз-кем уақыт қызмет жасады. Бұл жерде ол өзінің байыпты басшы, көргені мен түйгені сол азамат екенін көрсете білді.

Жас кезінен көрген қиындықтан ба, жұмыс пен қызметтің жауапты әрі ауырлығынан ба, қалай болғанда да ердің жасы елуде айықпас дертке шалдығып, көп ұзамай дүниеден өтті. Артында қалған балалары бір-бір үй болды, қазір де облысымыздың белгілі азаматтары.

Азаматтың қадірі өзінің өмірдегі атқарған іс-қимылымен, адамгершілік бейнесімен қалыптасады. Қозы-Көрпеш Сапаұлы сондай жүрегі жылы, көңіл көкжиегі кең, бір сөзбен түйіндеп айтқанда, халықтың адамы еді.

Оның арамыздан кеткеніне жиырма жыл өткенде де оны білетін ел-жұрттың азаматты бағалауы сол күйінен ауытқыған жоқ.

Түлкібай СӘДІРБАЕВ,

еңбек ардагері.

Ақтөбе қаласы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*