Басты бет » Басты жаңалықтар » Бердібек САПАРБАЕВ: Жерді тиімді пайдалану — басты міндет

Бердібек САПАРБАЕВ: Жерді тиімді пайдалану — басты міндет

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мәртөк ауданына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында облыс басшысы ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сондай-ақ әлеуметтік салаларды аралап, шатырлы лагерьде демалып жатқан оқушылардың тыныс-тірлігін көріп, білді. Жол жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Сонымен қатар облыс әкімі «Бақытты бала» саябағының  және Астана аллеясының ашылу салтанатына қатысты.

Суармалы егістік — өнім кепілі

Облыс әкімі алдымен «Айс» ЖШС-ына барды. Онда Бердібек Сапарбаевты Мәртөк ауданының әкімі Жандос Байырханов ауданның ауыл шаруашылығы саласының даму қарқынымен таныстырды. Өңірде мал басының өсімі бар. Мал шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың да жүзеге асырылуы қарқынды. Қазірдің өзінде 322  ірі қара алынған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады. Былтыр 11 800 келі бал жиналған. Биыл бұл көрсеткішті 19 мың келіге жеткізу жоспарланып отыр.

Бұдан соң облыс әкімі «Milker» ЖШС-ның жалпы құны 2,5 миллиард теңге болатын мал азығын дайындауға бағытталған жобасының жұмысымен танысты. Жоба былтырдан бастап қолға алынған. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған бұл ірі жобаны екі кезеңде жүзеге асыру жоспарланған. Бірінші кезең  2017-2020 жылдар аралығында іске асырылады. 1780 гектар көлемдегі суармалы жерге қуаттылығы 16,6 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланып отыр. Мұнда негізінен жоңышқа мен жүгері өсірілетін болады. Қазір серіктестік ауыл шаруашылығы техникаларының барлығын сатып алған. Жобаның бірінші кезеңі аяқталғанда 25 адам жұмыспен қамтылады. Ал жобаның екінші кезеңі 2020-2022 жылдары іске асырылады. Мұнда сүт-тауарлы ферма құру жоспарланған. Жобаның құны — 6 миллиард теңге. Жоба толық қуатында жұмыс істегенде жыл сайын 11 680 тонна сүт өндірілетін болады.

Шара барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа «Энергия ХХІ ғасыр» ЖШС мердігер мекемесінің өкілі Арман Төлеков Тәңірберген және Қаратоғай ауылдық округтерінің аумағында орналасқан суармалы жерлерге электр желілерін тарту, сумен қамту жұмыстары туралы баяндады.

Құрылыс жұмыстары мамыр айында басталған. Тәңірберген ауылдық округінің маңынан «РадАгро» ЖШС мен «Алтай и К» шаруа қожалығына жалпы көлемі 1053 гектар суармалы жер берілген. Мұнда электр желісі 11 шақырым қашықтықтан (Кеңсахара ауылынан) тартылып отыр.  Ал су Елек өзенінен алынады. Су құбырларының жалпы ұзындығы — 12,5 шақырым. Сондай-ақ мұнда 3 су сорғыш станция орнатылады.

Ал Қаратоғай селолық округінің аумағындағы жалпы көлемі 747 гектар суармалы жерге электр желісі 10 шақырым қашықтықтағы Қаратоғай ауылынан тартылады. Мұнда да Елек өзенінің суы пайдаланылатын болады. Тартылатын су құбырларының ұзындығы — 3,5 шақырым. Сондай-ақ, бұл жерге 2 су сорғыш станция салынады. Жалпы жұмыстарды қазан айында аяқтау жоспарланып отыр. Айта кету керек, бұл суармалы жерлер «Айс» және «Milker» ЖШС-ларына тиесілі.

— Бұл жұмыстар жүзеге асырылғаннан кейін шаруашылықтарыңызда не өзгереді? — деп сұрады облыс әкімі «Рад Агро» ЖШС басшысынан.

— Мал басын 500-ге дейін жеткіземіз. Қазір шаруашылықта 220 бас мал бар. Бізге берілген 801 гектар суармалы жерге жоңышқа мен жүгері өсіретін боламыз, — деді серіктестік басшысы.

Бұдан кейін облыс басшысы Бердібек Сапарбаев шаруашылық басшыларымен, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерімен кездесті.

— Ауыл шаруашылығы мақсатында берілген жерлерді тиімді пайдалану — басты міндет. Сол себепті жерді ұтымды пайдалануымыз керек. Әйтпесе, жер мемлекетке қайтарылатын болады. Жерді игеру үшін 3 жылға дейін мерзім берілмейді. Бір жылда игерілмесе, мемлекет меншігіне қайтарылатын болады. Қайтарылған жерлерді жермен тиімді жұмыс жасай білетін шаруашылықтарға беретін боламыз. Ірі шаруашылықтарға көбірек көңіл бөлеміз.

Бізде жер жеткілікті: 30 миллион гектар жер бар. Соның 2 миллион гектары — егістік жер, 5-6 миллион гектары — шабындық, қалғанының бәрі — жайылым. «Мал басын өсіремін, егін егемін» деп талаптанған адамдарға жер береміз, қолдау көрсетеміз. 

Соңғы жылдары егістік жерлердің көлемі артып келеді. Әр жыл сайын егістік жер көлемін 7-10 мың гектарға арттырып жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса беретін болады. Егістік жерлер берілген шаруашылықтарға талап күшейтіледі. Өнім көлемін арттыру талап етіледі.

Айта кету керек, суармалы жерлерге тек қана жүгері мен жоңышқа егу керек, — деді облыс әкімі. Ол өз сөзінде шаруаларға көкөністі көбірек егуді, мал шаруашылығын, омарта шаруашылығын дамытуды тапсырды.

«Бақытты бала» саябағы ашылды

Бердібек Сапарбаев Қазан ауылының маңында орналасқан «Бәйтерек» шатырлы лагеріне барды. Мұнда қазір жергілікті бюджет есебінен 100 бала тынығып жатыр. Қайыңды, қарағайлы орман алқабында 20 шатыр құрылған.

Оқушылар облыс әкіміне спорттық-туристік қашықтықтар: көбелек, аспалы өткел, траверс және т.б. бойынша өнерлерін, сондай-ақ жаяу жол туризмі техникасы бойынша туристік сайыстан шеберлік-класс көрсетті.

Қазан ауылындағы шатырлы лагерь 3 маусымға жоспарланып отыр.

Оқушылар үшін тамақ ауылдағы мектеп асханасында әзірленеді.

Жалпы биыл 118 мың баланы (оқушылардың 93 пайызы) жазғы демалыспен қамту жоспарланған.

Сапар барысында облыс әкімі «Ремонтник» ЖШС-на барып, серіктестіктің жұмысымен танысты.  Аталған компанияда негізінен металл өңделеді. Серіктестіктің өнімдері тау-кен өндірісі, металлургия, құрылыс материалдары өнеркәсібі, теміржол салаларында пайдаланылады. Өткен жылы серіктестік 70 587 мың теңгенің өнімін өндірген, биыл 4 айда 13 631 мың теңгенің өнімін шығарыпты. Мекемеде 19 адам еңбек етеді.

Бұдан кейін облыс әкімі Мәртөк-Байторысай бағытындағы автокөлік жолының құрылысымен танысты. Қазір бұл жолға ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр. Жобаның құны — 356 291,808 теңге. Жалпы көлемі — 30,5 шақырым. Биыл басталған құрылыс жұмысын келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр. Мердігер мекеме — «Ербол Эль» ЖШС.

Сапар кезінде Бердібек Сапарбаев Мәртөк ауылына да барды. Аудан орталығындағы «Бақытты бала» саябағының ашылуына қатысып, мәртөктіктерді жаңа демалыс алаңының ашылуымен құттықтады.

—   Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел болашағы, ел ертеңі, ел тірегі — жастар, балалар үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Біздің міндет — сол игі істерді әрі қарай жалғастыру. «Бақытты бала» жобасы Елбасының тапсырмасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Жоба қолға алынғалы бері 5 айдың ішінде көптеген шаруалар тындырылды. Бірнеше жобалар іске асырылды. Соның бірі — осы «Бақытта бала» саябағының ашылуы.

Ең негізгісі, балаларымыз аман, бірлігіміз бекем болсын. Балалардың жүзінен шат күлкі кетпесін, — деп Бердібек Сапарбаев аудандағы 20 оқушыға Астана қаласына саяхаттау үшін сертификаттар тарту етті.

Бұдан соң облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова «Астана» аллеясында ағаш екті.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*