Басты бет » Басты жаңалықтар » Мерейтой құтты болсын, «Актюбинский вестник»!

Мерейтой құтты болсын, «Актюбинский вестник»!

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Актюбинский вестник» газетінің қызметкерлері мен ардагерлерін басылымның ғасырлық мерейтойымен құттықтады. Құттықтау сөзінде ол газеттің билік пен қоғам арасын жалғайтын алтын көпір екендігін атап өтті.

Газеттің редакциясына арнайылап келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлованы «Ақтөбе Медиа» ЖШС директорының орынбасары Руслан Дарбаев пен облыстық «Актюбинский вестник» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Айгүл Нұркеева қарсы алды. Облыс әкімі алдымен газеттің 1939 жылдан бергі тігінділері сақтаулы тұрған редакция кітапханасында болды. Сондай-ақ, ол газет пен оның журналистерінің әр жылдардағы марапаттары — мадақтау қағаздары, дипломдар, медальдар, т.б. жәдігерлер жинақталған музейді де аралап көрді. Жәдігерлер арасында ҚР Президентінің Алғыс хаты мен «Құрмет белгісі» орденінің орны ерекше.

Конференц-залда облыс басшысын газеттің шығармашылық ұжымы күтіп алды. Ұзақ жылдар бойы осы ұжымда еңбек еткен ардагерлер тобы — Муапих Боранқұлов, Галина Трофимова, Мәлика Түгелова, Әдина Сүлейменова, Роза Рамазанова және Римма Шестаковалар да олардың қатарында болды. Газеттің бас редакторы Айгүл Нұркеева атап өткендей, олардың көпшілігінің еңбек кітапшасында бір ғана ұжымның аты көрсетілген: мектеп қабырғасынан шыға сала осы редакцияға келіп, зейнеттік демалысқа кеткенше табан аудармай жұмыс істепті. Бүгінгі күні де олар газеттің шын жанашыр, тұрақты оқырмандары сапында мұндағы әр журналиске, әр жарияланымға елеңдеп отырады.

Жиналғандар алдында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қоғамдағы өзекті мәселелерді жұртшылыққа жеткізуде бұқаралық ақпарат құралдарының ролі зор екенін атап өтті.

— Бұдан тура 100 жыл бұрын, 1918 жылдың 19 маусымында

«Актюбинский вестник» газетінің алғашқы нөмірі жарыққа шықты. Бұл — айрықша оқиға, сондықтан сіздерді газеттің туған күнімен арнайы келіп құттықтағанды жөн көрдім. Газеттің мерейтойын алдағы қыркүйекте атап өту жоспарланып отыр, бұл үшін менің орынбасарым Ербол Нұрғалиев жетекшілік ететін жұмыс тобы құрылып, дайындық жүріп жатқанын білесіздер. Елімізде 100 жылдық тарихы бар газеттер аз, сондықтан «Актюбинский вестниктің» мерейтойын біз газеттің әр жылдарда еңбек еткен қызметкерлерінің басын қосып, лайықты атап өтуіміз керек. Қазір газет дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндерінде — аптасына үш рет жарыққа шығады. Басылым облыстық «Ақтөбе» газетімен кезектесіп жарыққа шығып тұр, яғни әр күн сайын бұл газеттердің жаңа нөмірлері оқырмандар қолына тиеді. Әрине, жаңалықтар мен хабарларды интернеттен де қарауға болады, алайда мерзімдік баспасөздің жөні бөлек, ол деректің бастапқы көзі болып табылады, — деді облыс басшысы.

Облыс әкімі атап өткендей, жаңалықтарды, күнделікті оқиғаларды халыққа дер уақытында жеткізу үшін, журналистер ауа райының жайлы-жайсызына қарамай, уақытпен санаспай жұмыс істейді.

— Бізбен бірге ең шалғай жатқан ауылдарға дейін барып, жауынға, қар мен боранға қарамастан, күндіз-түні жүріп, ақпарат жинайсыздар, сол үшін сіздерге ризамын. Сіздердің арқаларыңызда жұртшылық елімізде, облыста жасалып жатқан жұмыстар, қолға алынған бағдарламалар мен жобалар жөнінде дер кезінде хабардар болып отырады. Ал біз, жергілікті атқарушы органдар өкілдері, халықтың ой-пікірін, мұң-мұқтажын, бастамалары мен ұсыныстарын сіздердің газеттеріңізден оқып-білеміз. Бұқаралық ақпарат құралдары — қоғам мен биліктің арасындағы көпір, — деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі ұжымды газеттің мерейтойына орай «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ына жеке ғимарат беру жоспарланып отырғанын айтып қуантты.

Облыс басшысы газеттің бүгінгі абыройы мен жетістіктеріне үлкен үлес қосқан ардагерлерді ерекше құттықтап, жастарға алдыңғы толқын қалыптастырған ізгі дәстүрлерді жалғастыру керектігін айтты. Бердібек Сапарбаев ардагерлерге гүл шоқтары мен сыйлықтар табыстады.

Мерейтой иелері облыс әкімін «100 лет «АВ» деген жазуы бар үлкен торт қойылған дастарқанға шақырды. Соңынан жиналғандар естелік үшін суретке түсті. Жылдар өткеннен кейін, бұл суреттер де тарихтың бір бөлшегіне айналмақ…

 Гүлсім НАЗАРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*