Басты бет » «Бақытты бала» » «Бақытты бала» жобасы аясында жетім балалардың есепшоттары 71,2 млн теңгеге толықты

«Бақытты бала» жобасы аясында жетім балалардың есепшоттары 71,2 млн теңгеге толықты

Облыста «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жыл басынан бері жалпы сомасы 554,5 млн теңгенің 341 жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев «Tуған жер» бағдарламасының аймақтағы іске асырылу барысы жайында өткен жиында хабарлады. Сонымен қатар жылдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 2,8 млрд теңгеден асатын 645 жоба жүзеге асырылуы тиіс.      

Баяндаманы тыңдаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешудегі жұмыстардың жеткілікті дәрежеде белсенді емес екенін атап өтті. Осыған орай облыс басшысы «Туған жерге тағзым» жобасының сапасын бақылау және жүзеге асыруын күшейту туралы хаттамалық тапсырмасын берді. Ол сондай-ақ акция облыстың барлық ауылдық округтерін қамтуы тиіс екенін атап өтті. Ақтөбе облысында туған азаматтарды ақпараттық қолдау және кері байланысты қамтамасыз ету мақсатында, өзінің туған жеріне көмектесуге ниет білдіргендерге zherlester.akt.kz және tylek.kz сайттарын насихаттау тапсырылды.

Жиын кезінде «Бақытты бала» өңірлік жобасының ағымдағы іске асырылу барысы да қаралды. Білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, Балалар жылы аясында облыс бойынша жүздеген спорттық, ойындар мен көше-воркаут алаңдары салынып, мектептер жоғары технологиялық IT-жабдықтармен жабдықталуда.

Жазғы демалыспен 118 мың бала қамтылады. 10 мыңнан астам бала Қазақстанның қасиетті жерлеріне тегін саяхат жасайды, жүздеген жас ақтөбелік Ресей Федерациясының Орынбор облысы, Татарстанның, Өзбекстанның сауықтыру және білім беру лагерьлеріне барады.

«Бақытты бала» акциясы басталғалы бері ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балалардың есепшоттары 71,2 млн теңгеге толтырылды. Тек Ақтөбе қаласының өзінде 25 жетім бала баспаналы болды.

Денсаулығында кінәраты бар балалар қымбат тұратын медициналық көмекті тегін алады, соның ішінде церебралды сал ауруына шалдыққан және омыртқа жотасы қисайған екі бала Оңтүстік Кореяға ем алу үшін жіберілді.

Ерекше қажеттіліктері бар балалардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту шаралары атқарылып жатыр. Атап айтқанда, аутизмі бар, сөйлеу және тірек-қимыл аппараты бұзылған 117 бала екі апта бұрын ашылған балабақшаға барып жүр. Сондай-ақ церебралды сал ауруымен және аутизммен ауыратын балаларға психологиялық-медициналық кеңес беру, оңалту орталығы, ерекше қажеттілігі бар балаларға жыл бойғы лагерь ашылады деп күтілуде.

Жалпы, облыс әкімі «Бақытты бала» жобасының жүзеге асырылуына оң бағасын беріп, қарқынды бәсеңдетпей, аудандардағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

Жиын «Аналарға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығы құрылысының барысымен танысумен аяқталды. Айта кетейік, қызметі әйелдердің қоғамдағы және отбасындағы рөлін арттыруға бағытталған орталық пайдалануға берілуге дайын. Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова мәлімдегендей, құрылыс-монтаждау жұмыстары толықтай аяқталған. Қазіргі таңда дизайнерлер ғимараттың ішкі көрінісін безендірумен айналысуда. Белгілі болғандай, орталық «Парыз» қоғамдық қорына облыс тұрғындары мен кәсіпкерлерден түскен қаражат есебінен салынып жатыр.

Жиынды түйіндеген облыс әкімі «Туған жерге тағзым» акциясының, «Бақытты бала» жобасы және «Аналарға тағзым» орталығының ақтөбелік жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеуде маңызы зор екенін атап өтті.

— Олардың барлығы да Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының бөлігі болып табылады. Біз олардың толық, сапалы әрі тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етуіміз қажет, — деп түйіндеді Б.Сапарбаев.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*