Басты бет » Мәдениет » Өнегенің өзегі

Өнегенің өзегі

Құрмет

Жуықта танымал әрі қызықты армян ақындарының бірі Геворг Эминнің өлеңдерін оқып отырып, бір туындысына көбірек тоқталдым. «Осы жасқа келгенде…» («В этом возрасте») деп аталатын бұл өлең, әрине, жиырма, отыз жастағыларға арналмағаны белгілі, ең кемі елу, әйтпесе тіпті алпыс, жетпіс жастағылар туралы туынды. Біз тәржімалағанда өлеңнің бірер жолдары қазақ тілінде былай болып шықты:

… Осы жасқа келгенде —

Аман-есен қалғандар,

Тауып адал махаббатын — қосағын,

Әке болып жылындырды ошағын.

Ал актерлер дарынды

Қалыптасты театрлық қайраткер боп қарымды.

Чемпиондар салған талай сайранды

Бапкерлерге айналды.

Небір ақын Чаренцтер азулы

Кәсіп етті мақалалар жазуды…

Рас-ақ. Біздің кейіпкеріміз, мәдениеттің, соның ішінде театрдың да тарланбоз қайраткері Нұрнияз Мұқанов та әуелі дарынды әнші бола жаздап барып, сосын мәдениеттің арбасына мінген ғой. Оны Алматыдағы опера студиясына, консерваторияға сүйреп апарған әуелдегі ерекше үні еді. Мынау Қарауылкелдідегі орта мектепті бітірген, арнаулы музыкалық сауаты жоқ әнші бала диапазон, тембр дейтін түрлі атауларға байланыстырылып айтылатын терминдердің бүге-шігесін қайдан білсін. Бұған дейін өзі оқыған Комсомолдың 30 жылдығы мектебінің ұстаздарын, шағын сахнаны риза етіп келген бұның даусына, әйтеуір, асқақ дауысты әнші, «Тос мені, тос», «Кестелі орамал», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» тәрізді романстарды, басқа да қаншама әндерді кемеліне келтіре шырқаған тенор, қазақтың академиялық вокалдық педагогикасының тұңғыш профессоры Бекен Жылысбаев бастаған біраз музыка сарапшылары бірден құлап түсті. Қазақ өнеріне тағы бір тамаша әнші енгелі тұрғанын жамыраса айтысты. Бірақ, амал не, шәкірт Нұрнияз болашағы зор әншілік өнерімен аяқ астынан қоштасты, дауыс желбезегіне жабысқан сырқат сахнадан шұғыл шеттетті. Мұны біреу біліп, біреу білмейді. Білетіндердің бірі әйгілі опера әншісі Әлібек Дінішев еді. Маңғыстауға келген бір сапарында сол Әлібек Мұсаұлы Нұрнияздың қазіргі даусын әзілмен қағытқан достарының біріне «Сіз олай демеңіз» деп бастап, студент кездерінде өздерінен ілгері курста оқитын Нұрнияздың үні ерекше болғанын, Мұқанов распевка жасап жатқанда (ұстаз бен студенттің әнге даярлық сәттері ғой) жартылай ашық тұратын есіктің жапсарынан сығалап, даусын құмарта тыңдайтындарын еске түсіргені бар. Айтып-айтпай не керек, Нұрнияз вокалмен солайша қоштасты да сол кездегі Әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтына жол тартты. Не болғанда да, туыстас сала ғой. Тек бір өкінетіні, сол кезде Нұрнияз Мұқановтың орындауында Қазақ радиосы жазып алып, таратқан халық әні «Япурай» немесе Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар қайтып барады» әндері сақталмай қалды.

1973 жылы мәдениет институтын жоғары білікті мәдениет қызметкері болып бітірген Мұқановқа енді ғана жаңадан ашылып жатқан Маңғыстау (ол кездегі атауы Маңғышлақ) облысына жолдама берілді. Қазақ жұртының қасиетті өңірлерінің бірі екендігін былай қойғанда, бұл аймақ ағайыншылық аралас-құраластығы жағынан да Нұрниязға тіпті де жат емес еді. Нұрнияз да кемеңгер жазушымыз Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесіне арқау болған, осы өңірді әу бастан мекен еткен Қараш әулетінен болатын. Бұл да сөздің сірәғысы ғой, әйтпесе қайда да жақсының жаттығы жоқ екендігі мәлім. Дегенмен жаттығы жоқ болғанымен бұл жақта жағдайын жасайтындар да онша көп емес еді. Сол кезде 70 мың ғана халқы бар Шевченко деп аталатын облыс орталығы тұрғындарының 9 пайызы ғана қазақ екен. Бір айта кетерлігі, әуелде Ақтау поселкесі, Ақтау қаласы аталған осы мекенге 1964 жылы украинаның ұлы ақыны Тарас Шевченконың ныспысы беріліп, Ақтау атауы 1991 жылы ғана қайта оралды.

Осы фактілерге ілестіре айта кетелік, халық шығармашылығы үйінің директоры деген әжептәуір лауазымға бекіген Нұрнияз Мұқановтың қолында сол сәтте осы қызметке тағайындалғаны туралы бір жапырақ қағаздан басқа ештеңе жоқ еді. Айтылған сәт сапардың ләмі — мекемеңе орын тауып ал, оған қоятын столыңды тауып ал, жұмыс жүргізуге тиіс қызметкерлеріңді тауып ал, әйтеуір, нені болсын, өзің ізде, өзің тауып ал. Олай болатын себебі, бұл қалада ол кезде қалалық жергілікті биліктің беделі жоқтың қасы еді, барлық билік осы қаланың тұрғызылуына, оның отын-сусыз қалмай өмір сүруіне жауап беретін КСРО орта машина жасау министрлігінің қолында болатын. Қазақстанда жоқ жаңа жобамен салынған бұл жаңа шаһардың сәнін келтірген конструкторлар мен құрылысшылар топтары әрісі Лениндік,  берісі КСРО Мемлекеттік сыйлықтарын, одан басқа да әлдебір алтын медальдар, мадақтаулар алып жатқанда, әрине, соның буымен сол министрлік ежелгі Ақтау атауын менсінбей, оны баяғыда осы жаққа жер аударылып келгені бар еді деп Тарас Шевченконың есіміне ауыстырғызғанда да, апыр-ау, осы аймақта да ұлттық өнер бар еді-ау, осы өңірде де кешегінің сарқыттарына айналған бүгінгі небір таланттар жүр еді-ау дейтін ешкім болмаған сыңайлы, не филармония жоқ, не театр жоқ, жаңадан құрылып жатқан халық шығармашылығы үйінің жайы мынау. Әбіш Кекілбаевтың бұл өңірді «Ұйқыдағы аруға» теңеуінің қатесі болмағандығына да бұл бір дәлел секілді еді. Бұған бұл облыстың сол КСРО кезеңінде қайтадан жабылып, қайтадан ашылғанын (1988-1990) қоссаңыз, қазіргі донор өлкенің басынан кешкен біраз жайттары тіпті ашыла түседі. Нұрнияз Мұқанов та сол аумалы-төкпелі тұрмыстардың машақаттарын облыспен бірге кешті. Бұған атқарған қызметтерінің ықшамдалған тізімі куә: халық шығармашылығы үйінің директоры, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, облыстық филармонияның директоры, облыстық мәдениет басқармасының басшысы, облыстық музыкалық-драма театрының директоры. Бұларға бұдан басқа да жаңалыққа толы көптеген бастамаларын тіркесеңіз, талмас талап иесі болудың оңай еместігіне көзіңіз жетер еді. Ол ол ма, тіпті бертінде театр директоры болып жүрген Мұқановты басшылық қояр да қоймай, кейін өз орнына қайта жіберуге уәде етіп, жылдан аса ма, әлде екі жылға тақау ма, әйтеуір, біраз уақыт облыстық мәдениет басқармасының басшылығына оралтып алғаны және бар.

Былай қарасаңыз, жоғарыда біз санамалап өткен әр қызмет тұтқасының біреуін ғана ғұмыр бойы абыроймен ұстап өткен адамның бір өзі қандай құрметке де лайық болар еді. Ал Нұрнияз Мұқанов салалас болғанымен, сабағы басқа, жібі бөтен сол қызметтердің бәрін өгіздей өрге тартыпты, қай міндетті де өгейсінбепті, ең бастысы, қай істің де қиюын келтіріп отырыпты. Тіпті аса көзге ілікпестей көрінетін шаруаның да бір иесі болатыны даусыз ғой. Кейіпкеріміз облыс таратылып жіберілген уақытта аз-кем облыстық қуыршақ театры директорының орынбасары болып бара қалғаны бар, бара қалды да бүгінгі бүлдіршіндер өз тілін өзге өрістен іздеп әуре болмасын деді де, қазақ труппасының ашылуына еңбек сіңірді. Ақтауда алғаш өнер колледжін ашып, алғашқы директоры болған да осы Нұрнияз еді.

Рас, Маңғыстаудың ежелден келе жатқан, басқалардан бөлекше көрініп тұратын әр тұрпаттағы өзгеше өнер үрдісі бар, тамсанбасыңа қоймайтын тума таланттары да, шіркін-ай, жетіп артылады. Әуелгіде облыс орталығы болып келген Атырау (бұрынғы Гурьев) қаласына жол ұзақ, жер шалғай болған соң ба, сол рухани қазына өз ордасынан алысқа толыққанды жүкпен толықси жол тарта қоймаған. Дүр көтеріліп, дода қыздыруға белсене кіріскен шақ осы Нұрнияздардың атқа мінген тұсы. Мысалы, Қарақия ауданының орталығындағы Мәдениет үйі жанынан Н.Мұқановтың белсенділігімен «Маңғыстау маржандары» деп аталатын ән-би ансамблі құрылды да, бұныңыз облыс көлеміндегі ірі мәдени оқиғаға айналып, бірден абыройы аспандап кетті. Талай өнер ұжымдарын көзінен өткізіп, көңіліне тоқып жүрген република мәдениет министрі «Маңғыстау маржандарының» өнеріне тәнті болды. Бұл ұжым, сөйтіп, Алжирде өткен ән-би ансамбльдерінің халықаралық фестиваліне жолдама алды, ең ерекшелігі, бұл ансамбль тарихта Маңғыстау өңірінен шетелге шыққан ең алғашқы өнер ұжымы ретінде таңбаланып қалды. Кейін Н.Мұқановқа «Қарақия ауданының құрметті азаматы» атағы берілгенде, сөз жоқ, ең алдымен ескерілген еңбек осы болса керек. Ал облыстық филармонияны басқарған кезінде жаңа ансамбльдермен бірге («Ақ жарма», «Ақ шағала») Абыл Тарақұлы атындағы ұлт аспаптар оркестрін ашқаны және бөлек әңгіме. Қазіргі заманның бөлекше тынысы сол — әркім өз ансамблін өзі ашып алатын жағдайға жеттік. Әрине, ашқың келсе ғана, ал ашқың келмесе, ешкім дігірлемейді. Сонау сексенінші жылдары, ансамбльдеріңізді былай қойғанда, ауылдардағы еңбекшілерге қызмет көрсететін үгіт бригадаларын жасақтаудың өзі жатқан бір міндет еді. Маңғыстау ауданындағы «Жастар», «Кең жайлау», Форт Шевченко қаласындағы «Ақ желкен» үгіт бригадалары солайша өмірге келген. «Маңғыстау маржандарының» ізімен мұндай көптеген ұжымдар кейін бірінен соң бірі Түркия, Египет, Қытай, Румыния тәрізді елдерге жол тартып жатты. Жетібай, Құрық кенттеріндегі Н.Сауғабаев, О.Құлсариев басқарған қазақ ұлттық оркестрлері, облысты былай қойғанда, республикалық байқауларда жеңімпаз атанып, Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде өнер көрсетті. КСРО территориясына там-тұмдап берілетін «Одақ мәдениетінің үздік қызметкері» атағы, өз республикамызда да сараң таратылатын «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағы да сол еңбектердің бодауындай еді. Бұларды әрідегі, әр қияға бір өрлеген желпіністі кезеңдегі жетістіктерге баласаңыз, берідегі тоқтасқан шақта, 2006 жылы өзі ашқан Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрының табыстары және көңіл тоғайтады. Санамалап тауыса айту міндет емес шығар, дегенмен бұл театрдың халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты болуы немесе Қазақстандағы театрлар фестивалінің Бас жүлдесін екі рет жеңіп алуы, әйтпесе Қазан қаласында өткен түркітілдес елдер театр фестиваліне, Каир қаласында өткен эксперименталдық театрлар фестиваліне қатысып, жүлдегер атануы тіпті де кездейсоқтық емес.

Осы дүниені жазу барысында маңғыстаулық белгілі қаламгер, Махамбет сыйлығының лауреаты Әбілқайыр Спанның «Маңғыстаудың мәдениет министрі» деп аталатын мақаласына көзіміз түсті. Сол мақаладағы мына беташар жолдарды қайталап берудің еш артықтығы жоқтай көрінді: «Астананың он жылдық тойы дүрілдеп өтіп жатқан кез. Маңғыстаудың тойға тартуы — айналасы абаттандырылып, көркейтілген Нұр Астана мешітінің төңірегі толған әлеумет: Үкімет адамдары, Парламент депутаттары, басқа да мәртебелі қонақтар мен астаналықтар, маңғыстаулық делегация мүшелері.

Осында арнайы ат басын бұрған Мемлекет басшысына облыс әкімі маңғыстаулықтар қолымен жасалған жаңа нысандарды таныстырып келеді. Әсем су бұрқақтың қасына келгендерінде Елбасы анадай жердегі топ ішінде тұрған Нұрниязды көзі шалып қалып:

— Ау, Маңғыстаудың мәдениет министрі, онда неғып тұрсың? Мұнда кел, — деп жанына шақырып алды. Қол беріп амандасып, жағдай сұрасып:

— Жақсы коллективтеріңді қалдырмай алып келдің бе, астаналықтарға бар өнерлеріңді көрсетіңдер. Маңғыстаудың мәдениеті мен өнері ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміздің өте бір таза сақталған, шынайы, үздік үлгісі! Тойға жиналған қонақтар да көріп, білсін, — деп жұртшылық ішінен жазбай танып Нұрнияздың, қысқа да нұсқа бағасымен өлке өнерінің мәртебесін аспандатып тастады. «Төбем көкке жетті» дегенді қазекем осындай бақытты сәтті бастан кешкенде айтқан болар-ақ!..»

Жазған соң толық түгелдемесек те тағы бір жайды түбірлей айта кетелік. Нұрнияз облыс мәдениетін басқарған он жыл шамасында Бекет ата жер асты мешітін, Шопан ата, Қараман ата, Сисем ата кесенелерін, қайыра есептеп қарағанда, 50-ден астам тарихи-мәдени ескерткішті қалпына келтіруге ерекше көңіл бөліп, атсалыса еңбек етіпті. Ал әкесі Мұқан арқылы зергерлік қабілет дарып, сіргелеу өнерімен айналысқанын, ғұн заманынан бері қарайғы әшекей бұйымдардың талайын реставрациялағанын, қазіргі жинаған сондай бұйымдары ілуде біреудің ғана қолында болатын бай коллекцияға айналғанын, тіпті сағат жөндеумен айналысып, көзіне әсер еткендіктен бұл кәсібін амалсыз тоқтатып, әлдебір сағат жөндеушіге бір чемодан сағат беріп жібергенін таратып айтарға және газет көлемі тар. Өмірлік жары Ботагөз екеуінің бүгінде шөбере сыйлап отырған өнегелі ұрпақ өрбіткені де өз алдына бір әңгіме. 1948 жылы 27 маусымда Қарауылкелдінің арғы жағындағы қара судың қасында тұрған Бесбұдыр дейтін төбеде, пішеншілер ауылында Мұқан мен Күндейдің отбасында дүниеге келген Нұрнияз, міне, осындай жолдардан өту арқылы «Құрмет» орденінің, бірнеше медальдардың иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Маңғыстау облысының құрметті азаматы» атанды, басқа да алған атақ-сыйлықтары жетерлік. Алыста жүрсе де туған жеріне шарапатын тигізуді ұмытпайтын Н.Мұқанов өткен жылы облысымызда дүркіреп өткен «Туған жерге тағзым» атты республикалық жерлестер форумына шақырылған қадірлі қонақтардың бірі болды. Осы тұстан іркілейік.

… Әңгімемізді «Осы жасқа келгенде…» деген өлеңнен бастап едік қой, осы жасқа келгенде осындай істер тындырсаңыз, әрине, сіз де өкінбес едіңіз…

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*