Басты бет » Мәдениет » Іріктеу кезеңі аяқталды

Іріктеу кезеңі аяқталды

Брифинг

Ақтөбеде «Men Qazaqpyn» халықаралық мега жобасының облыстық іріктеу кезеңі мәресіне жетті.

33 үміткер арасынан үздік деп танылған үшеу келесі кезең — Астана қаласына жолдама алды. Қыркүйек айында басталатын республикалық кезеңде облыс намысын «Терме» номинациясы бойынша Ермек Мұңсызбаев, «Дәстүрлі ән» номинациясынан Динара Шынарбаева, «Күй» номинациясы бойынша Шабай Әзірбаев қорғайтын болады.

— Мамыр айында басталған «Men Qazaqpyn» халықаралық мега жобасының облыстық іріктеу кезеңі Ақтөбе облысының 12 ауданы мен Ақтөбе қаласында өткізілді. Дәстүрлі ән, терме, күй аталымдары бойынша 70-ке тарта адам қатысып, 33 адам іріктеліп алынды. Әрине, жүйріктер арасынан нағыз дүлдүлді анықтау қазылар алқасына да оңайға соқпады. Дегенмен ең мықты деген нағыз бәйгеге қосатын үздіктер таңдалып алынды, — деді «Aqtobe» телеарнасы директорының орынбасары Нұрлыгүл Көшекбаева өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамының бастамасымен, Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен екінші рет ұйымдастырылып отырған «Men Qazaqpyn» халықаралық мега жобасының негізгі мақсаты — еліміздің түпкір-түпкіріндегі дәстүрлі әнші, термеші, күйшілердің басын бір арнаға тоғыстырып, төл өнерімізді заман талабына сай жаңашаландырып, өскелең ұрпаққа насихаттау.

— Бұл жердегі негізгі міндет — тек музыкалық білімі бар адамдарды ғана емес, шалғай елді мекендерде тұратын, қарапайым халық арасынан нағыз дарындыларды тауып, жарыққа шығару, — дейді Н.Көшекбаева.

Айта кетейік, республикалық кезеңге өткен жеңімпаздарға арнайы Алғыс хаттар табысталып, шипажайға жолдама берілді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*