Басты бет » Спорт » Мемлекеттік қызметтегі желаяқтар анықталды

Мемлекеттік қызметтегі желаяқтар анықталды

Сенбі күні Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта мемлекеттік қызметшілер арасында қайырымдылық марафоны өтті. Оған облыс бойынша 1500-ге жуық мемлекеттік қызметші қатысты.

Марафонға қолдау білдірген желаяқтар қатарында облыстық және қалалық әкімдіктің аппарат басшылары, өзге де мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен жас мамандар бар.

Шараның ашылу барысында сөз алған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестөрағасы Расул Медетов пен облыс әкімінің аппарат жетекшісі Нұржауған Қалауов марафон қатысушыларына сәттілік тілеп, алғысын білдірді.

— Бүгінгі қайырымдылық марафоны мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтын насихаттау мен мүмкіндігі шектеулі, сырқат балаларға қаржылай қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Бұл ретте облыс бойынша 1 миллион 500 мыңға жуық қаражат жиналып, Аружан Саин басшылық ететін қоғамдық қорға аударылды. Осы ретте облыстың барлық мемлекеттік қызметшілеріне алғыс айтқым келеді, — деді департамент басшысы.

Марафон соңында бақ сынаған желаяқ мемлекеттік қызметшілердің барлығына сертификаттар табысталып, жеңімпаздар арнайы естелік медальдармен марапатталды.

Айта кетейік, Ақтөбеде мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығына және Мемлекеттік қызметшілер күніне орай ұйымдастырылған шаралар жалғасын табуда.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*