Басты бет » Мәдениет » Жарты ғасырдан кейінгі кездесу

Жарты ғасырдан кейінгі кездесу

Ақтөбедегі Н.Байғанин атындағы балалар кітапханасында «Жарты ғасыр өткенде…» кітабының тұсауы кесілді. Кітапты Байғанин ауданындағы Комсомолдың 30 жылдығы атындағы орта мектепті бітіргендеріне елу жыл болған азаматтар шығарды.

1968 жылы аталған мектепті бітірген  азаматтар кітапханада бас қосты. Жарты ғасырдан кейін кездескен құрдастардың қуанышында шек жоқ. Осы уақыт ішінде бірін-бірі көрмеген сыныптастар тіпті мәре-сәре болды. Кітапхананың шағын залы лық толды. Осы шараны ұйымдастырып, кітапты құрастырған азамат Құлатай Тумин кездесудің мақсатын түсіндірді.

— Биыл Байғанин ауданының құрылғанына — тоқсан жыл. Ал біздің мектеп бітіргенімізге елу жыл толып отыр. «Елу жылда ел, қырық жылда қазан жаңа» дегендей, осы кезең ішінде көп нәрсе өзгерді. Рухани жаңғыру дегеніміздің өзі — осы. Ойлана келе ауданның тоқсан жылдығымен тұспа-тұс келген елу жылдан кейінгі бас қосуымызды  есте қалардай, кейінгі жасқа үлгі болатындай қылып өткізгіміз келді. Осы ретте кітап шығаруды жөн көрдік. Бұл кітапта 1968 жылы мектепті бітірген алпыс үш түлек  пен сабақ берген ұстаздарымыз туралы жазылған. Сондай-ақ ауданның тоқсан жылдық тарихы да қысқаша баяндалады, — деді Тумин Құлатай.

Салтанатты шараға ұстаздар қауымы да қатысты. Бүгінде ақсақалды қария болған  ауданға белгілі ұстаздар, Халық ағарту ісінің үздігі атанған Тұрман Нұрлыханов пен Межеш Досқуатовты шәкірттері ерекше құрметтеп, төрге отырғызды.

1968 жылы Комсомолдың 30 жылдығы атындағы мектепті бітірген түлектердің барлығы дерлік жоғары білім алып, елдегі түрлі өндірістік және әлеуметтік, білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларында, заң орындарында абыройлы қызмет етті. Ауданның экономикасын, рухани байлығын нығайтуға қомақты үлес қосты. Оның ішінде облысқа белгілі тарихшы ғалым, бүгінде марқұм болып кеткен Беркін Құрманбеков, медицина ғылымының докторы Сәубет Келімбердиев секілді азаматтарды атап айтуға болады.

Біз — білім беру саласының жарық жұлдызы Нұрман Қорбин басқарған білім ордасынан дәріс алған, аға буын ұлағатты ұстаздардың алдын көрген  бақытты ұрпақпыз, — деген облыстың  заң саласында өзіндік орны бар азамат Селбай Қожықов өз қатарластары туралы жылы пікір айтты. Жиналғандар өмірден ерте озған құрдастарын еске алды.

Ұстаздар Тұман Нұрлыханов пен Межеш Досқуатов кітаптың тұсауын кесіп, батасын берді.

— Сіздер бітірген мектепті әлі күнге дейін «Нұрман Қорбиннің мектебі» деп атайды. Қиындықтарға қарамастан еңбек еттік, барлық баланың білім алғанын қаладық. Қазір біз тәрбиелеп шығарған түлектердің ішінде сот та, прокурор да, ғалым мен хирург те бар. Сондай білікті мамандарға сабақ берген біз жаман ұстаз болмаппыз, — деген Межеш Досқуатов өткенді еске алып, шәкірттеріне ризашылығын білдірді. Кейбір оқушыларының  мінез-құлқын айтып, күлдірді. Жиынға ғалым Беркін Құрманбековтің қызы Айгүл Құрманбекова қатысып, сөз сөйледі.

Әкеміз тірі болғанда сіздердің қатарларыңызда отырар еді. Бірақ тағдырға шара бар ма, арамыздан ерте кетті. Әкеміздің артында мол мұра қалды. Қолжазбаларының өзі бірнеше кітап болады. Жалпы әкем туған жері,  құрдастары  туралы жиі айтып отыратын. Әкемді ұмытпай, бізді елеп, ескеріп шақырғандарыңызға рақмет, —  деген Айгүлдің  сөзі жиналғандардың көзіне жас үйірді.

Басқосуда белгілі дәрігер Сәубет Келімбердиев сыныптастарын елу жылдық бас қосу мерекесімен құттықтады.

Елу жыл уақыт өтсе де ештеңе ұмытылмайды. Біз оқысын, білім алсын деп, күні-түні тынбай еңбек еткен ұстаздардан бөлек,  көлік айдап, еден жуып, от жаққан үлкендерді де әлі күнге дейін еске аламыз. Біз солардың еңбегін ақтауға тырыстық. Үмітін ақтадық.  Қазір бәрі де өмірден өз орнын тапты, ұрпақ таратты, жетістікке жетті. Қоғамдағы түрлі шаралардан тыс қалған жоқ, —деді.

Жиында өзгелер де сөз сөйлеп, өткенді еске алды. Келгендердің барлығына кітап таратылды. Кітапты құрастыруға, деректерді жинақтауға үлес қосқан  Құлатай Тумин, Қазина Көкшина, Гүлара Қошабаева,  Селбай Қожықов, Сәубет Келімбердив,  Балтабек Сабыров секілді азаматтардың  еңбегіне қатарластары ерекше риза болды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*