Басты бет » Денсаулық » К.Нокин ауылында амбулатория ашылды

К.Нокин ауылында амбулатория ашылды

Медицина қызметкерлерінің  мерекесі қарсаңында К.Нокин ауылында заманауи үлгідегі жаңа амбулатория ашылды. Ғимараттың ашылуына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова қатысты.

К.Нокин ауылындағы емдеу мекемесі осыдан 35 жыл бұрын салыныпты. Ғимараттың тарлығы  тұрғындарды еркін қабылдауға кедергі келтірген.  Ал бір мезетте елу адамды қабылдайтын жаңа амбулатория құрал-жабдықтармен толық жарақталған. Мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында салынған құрылыстың құны — 73 миллион теңге. Салтанатты шарада облыс әкімі жиналған жұртшылықты айт мерекесі және ғимараттың ашылуымен құттықтады.

Әрбір адам үшін ең бірінші денсаулықтың маңызы зор. Денсаулығы мықты адамның отбасында жақсылық, қуаныш көп болады. Ал дені сау азаматтардан құралған мемлекеттің болашағы зор болмақ. Жиырма жеті жылдан бері Елбасының жүргізіп отырған негізгі саясаты — ел азаматтарының денсаулығын, әлеуметтік жағдайын жақсарту. Қаншама мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Барлығының да бағыты — бір. Бүгін он тоғызыншы амбулатория ашылып отыр. Осындай жұмыстар әлі де жалғасады. 2020 жылға дейін облыста бірде-бір медициналық мекемесі жоқ ауыл болмайды. Жалпы атқарған шаруалар  өз нәтижесін беруде. Қазіргі таңда Ақтөбе облысында  орташа жастың ұзақтығы — 73 жас 8 ай. Кеңес үкіметінің кезінде адамдар алпыстан аспайтын, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ облыс әкімі күре жолдың бойында орналасқан ауылдың болашағы зор екенін, алдағы уақытта жол жөнделіп, жаңа мектеп те салынатынын айтты.

Ауылдың ақсақалы, Еңбек ардагері Қуаныш Есенғалиев облыс әкіміне алғысын білдірді.

— Бүгін көптен күткен жаңа емдеу мекемесі ашылып отыр.  Ғимаратты салуға ықпал еткен облыс басшысына ауыл тұрғындарының атынан алғыс айтамын. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Әскерұлына да алғысымыз шексіз. Біз оны білікті хирург, жақсы  маман ретінде білсек, енді  іскер басшы ретінде жасап  жатқан игі істеріне риза болып отырмыз, — деген ақсақал дәрігерлерді мерекесімен құттықтады.

Ғимараттың лентасын ардагер Қуаныш Есенғалиев пен денсаулық сақтау саласының ардагері Роза Жамалиева қиды. Облыс әкімі ғимараттың ішін аралап, көрді. Жаңа үлгіде салынған мекеменің іші жарық әрі кең. Бұл жерде акушер гинеколог, педиатр жұмыс істейді. Күндізгі стационар бар. К.Нокин ауылына жақын Украинка ауылы және жаңадан салынған  Алмас, Жаңажол, Чайка тұрғын үй кешендерінің халқы да осы емдеу мекемесіне қаралады.

Облыс әкімі дәрігерлермен сөйлесті. Жолдың бойында орналасқан емдеу мекемесіне басы ауырып немесе жазатайым оқиғаға ұшыраған жолаушылардың жиі келетінін, осындай қиын сәттерде дәрігерлер қабақ шытпай, тұрғындарға қалтқысыз қызмет ету керектігін ескертті. Дәрігердің міндеті кімнің қайда тұратынына байланысты қызмет ету емес,  ауырған жанды емдеу екенін айтып, ақ халаттылардың үстінен түсетін шағымның негізгі бөлігі олардың мәдениетіне қатысты екенін ескертті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*