Басты бет » Мәдениет » Елім менің!

Елім менің!

Ақтөбеде «Құрмет» орденінің иегері, композитор Бейбіт Оралұлының әндерінен халықаралық әншілер байқауыөткізіліп жатыр. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасын жүзеге асыру мақсатында, Астана қаласының 20 жылдығы аясында ұйымдастырылып жатқан байқауға Болгария, Башқұртстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен және Қазақстан облыстарынан келген 24 қатысушы келді.

Ақтөбе облысы әкімдігі және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен өткізіліп жатқан байқау мақсаты —  жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, қазақ эстрадасының дамуына үлес қосып жүрген композиторлардың әндерін дәріптеу, жас таланттардың орындаушылық шеберліктерін арттыру.

— Байқауға қатысушылар өнерін «Құрмет» орденінің иегері, композитор Бейбіт Оралұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеев, халықаралық «Бозторғай» балалар байқауының президенті Қарлығаш Әбдікәрімова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Светлана Айтбаева және болгариялық қонағымыз эстетика ғылымының докторы, продюсер Николай Тикелеев, қырғызстандық продюсер, әнші, сазгер КиДжи Эльмұрат сынды өнер майталмандары бағалайды. Фестиваль аясында «Жұбановтар әлемі» мәдениет орталығы концерт залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов пен Қазақстанның мәдениет қайраткері, әнші Алдаберген Жақсыбаевтың шеберлік сабақтары өткізілді, — дейді Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония директоры Елубай Кенжалиев. Оның айтуынша, іріктеу сәуір айынан бастап жүргізілген. 50-ден астам адамнан өтініш келіп түскен, соның ішінде 25 әнші іріктелді, байқауға соның 24-і келді.

Негізінен патриоттық әндер жазатын композитордың ән қоржынында бүгінде 200-ге жуық ән бар. Бұған дейін Бейбіт Оралұлының әндерінен республикалық байқаулар бөткізілген болатын.

«Ақтөбеде, өзімнің туған жерімде екі рет республикалық байқау өткізілді. Үшінші рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отыр. Жалпы қазақ музыкасы тарихында композитор әндерінен бірінші рет халықаралық деңгейдегі байқау өткізіліп отыр. Бұл — мен үшін үлкен қуаныш, үлкен құрмет. Сондықтан маған қолдау көрсеткен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа, осы жұмысты ұйымдастырып жүрген, басы-қасында жүрген барлық азаматтарға алғысымды білдіремін», — деді Б.Оралұлы.

Кеше Өнер орталығында байқаудың бірінші, екінші кезеңдері өткізілді. Байқауға қатысушылар Бейбіт Оралұлының репертуарынан өздеріне ұнайтын әндерді орындады. Бүгін кешке гала-концерт ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталады.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*