Басты бет » Жаңалықтар » Жобалармен танысты, орталықтарды аралады

Жобалармен танысты, орталықтарды аралады

Кеше Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Алға ауданының Бестамақ ауылында партиялық жобалар аясында ашылған бірқатар әлеуметтік ғимараттарды аралады. Сондай-ақ облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарына облыс орталығында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағытында жүзеге асырылған жобаларды таныстырды. 

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары алдымен Ақтөбе қаласындағы №56 орта мектепке барып, биылғы оқу жылында ашылған ІТ және робототехника сыныптарын аралады. Балалардың цифрлық сауаттылығын арттыру, инженерлік-техникалық тұрғыда ойлау қабілеттерін дамытуға арналған ІТ-сыныбында бүгінгі күні 5-7 сыныптың 15 оқушысы білім алып жатыр. Бұл жерде балалар компьютер арқылы анимациялар мен ойындар, 3D үйлер құруды үйренуде.

  • Алдағы уақытта балалар кезең-кезеңмен анимацияларды құру, бағдарламаларды жетік меңгеру, vip-дизайн әзірлеуді үйренеді. Биыл жазда үш кезең бойынша 45 оқушы оқытылады. Жалпы ІТ-сыныбына келуге қызығушылық танытушылар көп. Қазір сыныпта 15 компьютер жұмыс жасап тұр, — дейді ІТ-сыныбының жетекшісі Жасұлан Тұрсынбаев.

Айта кету керек, биыл облыста бес ІТ-сыныбы ашылып, бүгінде оларда 200-ге жуық бала білім алуда. Сондай-ақ жыл соңына дейін өңірде 15 ІТ-сыныбы және екі ІТ-орталық ашылады деп жоспарлануда.

Бұдан кейін Мәулен Әшімбаев бастаған топ Алға ауданы Бестамақ ауылындағы Мәдениет үйінің ғимаратында ашылған «Co-working» орталығына барды. Аталған орталықта келушілерге барлық жағдай жасалған. Атап айтсақ, жеке және топпен жұмыс жасауға арналған орындар, тегін Wi-fi, қажетті техникалар, touchscreen теледидары және онлайн оқуға арналған QR-код қарастырылған.

Орталық жұмысымен таныстырған облыс әкімі «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарына бүгінде Бестамақ ауылында 4 мыңға жуық адам тұратынын, өткен жылы өз жұмысын жандандырған кітапхана қорында 18 мыңнан астам кітап бар екенін атап өтті. Кітапхана базасында ашылған орталыққа келген оқырмандардың арасында ауылдың ақсақалдары облыс әкімі мен қадірлі мейманға ризашылықтарын жеткізді.

— Елбасының бастап берген бес бастамасының орындалуын қадағалауға алуымыз керек. Бұл бес бастама халық игілігіне, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Қазіргі таңда осы бағытта республикалық кеңес құрылды. Сондықтан ауылдың барлық тұрғыны Елбасының осы бастамаларын жүзеге асыруда өз үлесін қосуы керек. Бүгінгі күні «Нұр Отан» партиясының жаңа 22 жобасы жүзеге асырылуда. Осы жобалар аясында жасалған игілікті істердің бірі — осы орталықтың ашылуы. Алдағы уақытта елімізде дәстүрлі кітапханалардың жұмысын жаңғыртып, кітап қорын көбейтуіміз керек. Бүгінгі күні Қазақстанда 4 мың кітапхана бар. Оның 2 мыңы  жоғары және арнаулы оқу орындарында орналасқан. Болашақта кітапханалар білімді тереңдету ғана емес, халықтың, әсіресе, жастардың өзара пікір алмасатын орны болуы керек, — деді М.Әшімбаев.

Кітапхана меңгерушісі Шара Рахметованың айтуынша, биыл кітапханаға жаңа 2300 кітап келген. Ал 1965 жылы салынған Мәдениет үйінің ғимараты өткен жылы қараша айында күрделі жөндеуден өтіп, қайта пайдалануға берілген. Есет батырдың 350 жылдық мерейтойы қарсаңында Мәдениет үйінде ауылдық кітапхана қайта жасақталған. Ал

«Co-working» орталығы биыл мамыр айында ашылған.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев пен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Бестамақ орта мектебі жанынан салынған спорт алаңының ашылу салтанатына қатысты.

Шарада Мәулен Әшімбаев ойыншыларға алғашқы ойынды бастап беріп, балаларға сәттілік тіледі.

Жалпы ауданы 420 шаршы метр болатын ойын алаңында балалар футбол, волейбол, баскетбол, гандбол және теннис ойнай алады. Аталған спорт алаңын салуға жергілікті бюджеттен 5,6 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ демеушілер тарапынан қосымша 1 млн теңге қаржы қарастырылған.

Айта кету керек, биыл «Бақытты бала» жобасы аясында облыста 86 ойын алаңы ашылмақ. Бүгінгі күні спорт алаңдары бірқатар аудандарда салынып жатыр.

Бұдан кейін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары бастаған топ Бестамақ ауылынан 2 шақырым жерде орналасқан «Күншуақ» сауықтыру лагеріне барды. Ерекше балаларға арналған лагерьде алдағы уақытта 6 ауысым бойынша 100-ден астам бала қамтылмақ. 8 корпустан тұратын сауықтыру лагерінде балалардың қосымша білім алуына, ойын ойнап, уақытын қызықты өткізуіне, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған.

Лагерьді аралаған облыс басшысына ауыл тұрғыны Мәдина Болатова ата-аналар атынан аталған орталықтың ашылғанына алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Бұл бағытта көптеген жоспарларымыз бар. Біз балаларға ерекше назар аударып, оларға барлық жағдай жасау үшін «Бақытты бала» акциясын бастадық. Облыста мүгедектігі бар балаларға арналған алғашқы балабақша ашылды, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы салынады. Біздің міндетіміз ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмектесу. Қазіргі таңда біздің облыста мұндай мыңнан астам бала бар, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Лагерьді аралап шыққан соң «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партияның жобаларына тоқталып, Елбасы тапсырмаларын орындауда облыста атқарған жұмыстарға жоғары баға берді.

  • «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің соңғы отырысында Елбасы партия алдында тұрған мақсаттарды айқындап берді. Сондай-ақ партияның нақты жобаларын анықтап, орындау туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай партия өз жобаларында бірнеше бағыттарды қамтып отыр. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға, цифрландыруды таратуға, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған жобаларымыз бар. Бүгін біз Ақтөбе облысында осы аталған салалар бойынша нақты жұмыстар жасалғанын көріп отырмыз. Мәселен, «Күншуақ» сауықтыру лагерінде ерекше балалардың жыл бойы келіп, демалып, тынығуына барлық мүмкіндіктер жасалған. Алдағы уақытта барлық өңірде осындай орталықтар ашылса, мүмкіндігі шектеулі балаларға жасалған үлкен көмек, қолдау деп түсінеміз, — деді М.Әшімбаев.

Бұдан кейін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Ақтөбе қаласы Кірпішті ауданында орналасқан «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығына барды.

Өткен жылы «Сәби» қайырымдылық қорының қолдауымен ашылған орталықта бүгінгі күні 102 жас тұрып жатыр.

Орталықтың директоры Жанна Дүйсенбинаның айтуынша, орталықта бұған дейін 16-23 жастағы жастар тұрып келген болса, қазір мұнда олар 29 жасқа дейін тұра алады.

Мәулен Әшімбаев орталықтағы жастар тұрып жатқан ғимараттар мен тігін цехын, жаттығу залын, сондай-ақ шаштаразды аралап, жастармен тілдесті.

Сондай-ақ облыс орталығында жаңадан салынған Өнер орталығы мен Неке сарайын аралады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*