Басты бет » Жаңалықтар » «Аналарға тағзым» — елімізде баламасы жоқ жоба

«Аналарға тағзым» — елімізде баламасы жоқ жоба

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қаладағы соңғы жылдары ашылған бірнеше жаңа орталықтарға барды, іске қосылған заманауи технологиялардың жұмыс істеу принциптерімен танысып, ұжымдармен кездесті. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев мәртебелі мейманды Мемлекет басшысының тапсырмасына сай орындалып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Партия өкілі мен облыс басшысы алдымен өткен жылдан бастап жұмыс істеп жатқан «Халықтық кеңсеге» барды. Бұл  — тұрғындардың мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша  қиындықсыз алуы үшін, бір сөзбен айтқанда, халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қолға алынған жоба. «Халықтық кеңсе» қызметкерлері мұнда 20-дан астам ұйым өкілдері көрсететін бірнеше жүздеген қызметтің тоғыстырылғанын айтады. М.Әшімбаевқа Ақтөбе қаласының геопорталының жұмыс істеу принципі түсіндірілді. Қаладағы жер учаскелері туралы барлық ақпарат топтастырылған geoportal.akt.kz порталынан кез келген адам қажетті ақпаратын ала алады. «Халықтық кеңсе» ғимаратында орналасқан құқықтық қызмет көрсету, халыққа қызмет көрсету, «Қазпошта» АҚ сандық орталықтарының жұмыстары таныстырылды.

Батыс-2 шағын ауданында орналасқан «Аналарға тағзым» орталығының елімізде баламасы жоқ. Мұнда оқушылар арнайы бағдарлама бойынша білім-тәрбие алады.

«Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылғандай, біз ұлттық құндылықтарды сақтауға бар күшімізді салуымыз керек. Өкініштісі, қазір үлкенді сыйлау, құрмет көрсету сынды ұлтымызға тән құндылықтар жойылып бар жатқан сияқты. 13-14-тегі қыз баланың жүкті болып қалуы, кішкентай қыз балалардың түнгі 3-4-терде далада қыдырып жүруі, бір-бірімен төбелесіп, оны әлеуметтік желілерге жүктеуі бұрын болған жоқ. Сондықтан тәрбиеге қатты мән беру керек, қыз балаларға ұлттық құндылықтарды сіңіруіміз керек. Осы орталықта қыз балалар қолөнерге, тігу-тоқуға, аспаз өнеріне, басқа да қажетті кәсіптерді игеруге қол жеткізе алады», — деді облыс әкімі. Аналардың мәртебесін көтеру, отбасы құндылығын насихаттау мақсатындағы жоба ресми түрде ашылғаннан кейін өз жұмысын бастайды.

— Керемет жоба. Мұндай жобаны Астанада да қолға алу керек, — деді М.Әшімбаев.

Бастамашы топтың мүшесі, кәсіпкер Қалауша Садықова қонақтарды «Аналарға тағзым» орталығының жұмыс істеу қағидасымен таныстырды. Қ.Садықованың айтуынша, «Аналарға тағзым» орталығына келетін балалар үшін арнайы авторлық бағдарлама жасақталады.

Бұдан соң партия өкілін облыс басшысы Б.Сапарбаев Жекпе-жек сарайының,  «Сымбат» мектебінің жұмыстарымен де таныстырды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*