Басты бет » Жаңалықтар » Батыс-2 ауданында ауа сапасын бақылайтын станса салынады

Батыс-2 ауданында ауа сапасын бақылайтын станса салынады

Ақтөбе қаласының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында бұған дейін құрамына барлық құзырлы органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірген жұмыс тобы құрылған болатын. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов жетекшілік ететін жұмыс тобының екі жыл бойы атқарған жұмыстары  қорытындыланды.

Бүгінде Ақтөбенің атмосфералық ауа сапасына қатысты тұрғындардан шағым аз түспейді. Экологиялық мәселені оңтайлы шешу үшін жергілікті билік тарапынан әртүрлі бағытта нақты шаралар қолға алынған. Қазір Ақтөбе қаласында осы мақсатта құрылған жұмыс тобы мүшелері жан-жақты жұмыс жасауда. Ұйымдастырылған баспасөз туры кезінде жұмыс тобының екі жыл бойы атқарған жұмыстарының нәтижесі көрсетілді.

Ақтөбе қаласының Рысқұлов көшесі, 4 «г» мекенжайында орналасқан «Қазгидромет» орталығының атмосфералық ауасын бақылайтын стансаның жұмысы таныстырылды. Бұл жерде атмосфералық ауа сапасы бақыланады. Ақтөбедегі гидрометеорологиялық орталықтың директоры Серік Ыбыраевтың айтуынша, стансада ауа сапасының жағдайы онлайн режимінде бақыланып, қажет өлшеулер жасалады. Журналистерге атмосфералық ауа өлшенуінің автоматтандырылған механизмі көрсетілді.

Ақтөбе қаласында атмосфералық ауа сапасын жақсарту мақсатында жұмыс тобы құрылғанын білесіздер. Бұл мәселе облыс әкімінің қатаң бақылауында тұр. Бүгінгі күні Ақтөбе қаласында «Қазгидромет» орталығының 6 стансасы жұмыс жасайды. Біз соның бірінің жұмысына талдау жасау мақсатында келдік. Статистикалық мәліметке жүгінсек, 2016 жылы Ақтөбе қаласында ауа сапасын ластауға байланысты 304 жағдай тіркелсе, былтыр 144  оқиға орын алды. Ал биыл 2 дерек тіркелді. Оның бірі — бірнеше күн бұрын Ақтөбе қаласында қатты тұрмыстық қалдықтар төгетін полигоннан өрт  шықты, — деді Қ.Бекенов.

Қоқыс полигонынан шыққан түтін иісі қала ішін де жайлады. Өрт аумағы 1 гектар жерді шарпыған.  Өрт сөндіруге 30-дан астам техника жұмылдырылыпты. Алайда, қатты желдің әсерінен өртті тез арада сөндіру мүмкін болмаған. Ақтөбе қаласының әкімдігімен осы мәселені шешу үшін шаралар қолға алынған. Баспасөз туры кезінде Қ.Бекенов өрт шығуына кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартумен қатар, бұдан былай мұндай жағдайдың қайталанбау мүмкіндіктерін қарастыру керектігін айтты.

Бүгінгі күні әлеуметтік желі арқылы ақтөбеліктер тарапынан ауаның ластануына, экологиялық жағдайға байланысты  айтқан барлық арыз-шағымдар жіті бақылауда. Бұл туралы Қ.Бекенов: «Өткен жылы Ақтөбе қаласында қолаңсыз иіс орын алды. Соған байланысты облыс әкімі жұмыс тобын құру турасында тапсырма берген болатын.  Әрине, қалада мәселе бар. Оған бірнеше фактор әсер етеді. Соның бірі — кәріз жүйелерін тазарту. Екіншіден, шағын және орта бизнестегілер экологиялық мәселе тудыруға себепкер болады. Талап бойынша, өндірістен шыққан ағын су фильтрден өткізіліп барып кәріз жүйесіне ағызылуы керек. Көп жағдайда осы талап сақталмайды. Біз бұл орайда қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлер палатасы арқылы бұл бағыттағы жұмыстарды оңтайлы шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Мәселен, 100-ге жуық компания өндірістік қалдық шығаратын болса, бүгінгі күні соның 60-қа жуығы фильтр орнатты.

Сол сияқты, қаладағы спирт зауытынан шығатын иіске қатысты да жұмыстар жүргізілді. Бұл орайда облыс әкімі спирт шығаратын зауыттың әрқайсысына өзі барып, өндіріс орындарында экологиялық талаптың сақталуы, бір кездері өздері уәде еткен міндеттемелердің орындалу барысымен танысты. Бүгінгі күні Ақтөбедегі спирт зауытында қоршаған ортаға зиян туғызбайтындай барлық қондырғы орнатылған. Бұл қондырғылар барлық норманы орындап тұр», — деген облыс әкімінің орынбасары қаланың жылма-жыл өсуіне байланысты алдағы уақытта Ақтөбе қаласының Батыс-2 ауданына «Қазгидромет» орталығының атмосфералық ауа сапасын бақылайтын тағы бір стансасын орнату жоспарда бар екенін айтты.

Облыстық экология департаментінің мамандары екі жыл бойы зерттеу жұмысын жүргізіп, нәтижесінде қаладағы жағымсыз иістің шығу көздерін анықтапты. Бұл туралы аталған департаменттің басшысы Жақсығали Иманқұлов:

Ақтөбеде отыз жыл бойы кәріз суын тазартатын кешен жұмыс жасап жатқаннан кейін, оның қалдықтары болады. Бұл қалдықтар тұрған жер  шлам алаңы деп аталады. Шлам алаңының жалпы аумағы — 33 гектар. Әрине, қалдықтардың жағымсыз иісі ауаға тарайды. Біздің мамандар зертханалық зерттеу жұмысын жасап, соның құрамында көп мөлшерде күкіртті сутек және азот бар. Сонымен қатар, спирт зауытының қалдықтары да бар. Бұл — қалаға тарайтын жағымсыз иістің екінші көзі.

Бүгінгі күні облыс орталығында кәріз жүйесіне өндірістік қалдық шығаратын 300-ден аса мекеме бар. Оның айтуынша, ауаға зиянды заттарды мөлшерден көп шығарған мұндай мекемелердің одан әрі жұмыс жасауына тосқауыл қойылатынын айтты. Бүгінгі күні заң талаптарын бұзған 7 мекеме өз жұмысын тоқтатқан. «Біз қаланың атмосфералық ауа сапасын жақсарту мақсатында Қазан институты мамандарымен бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз. Оларда ауадағы жағымсыз иістің неден таралғанын әрі оны жою мүмкіндігіне ие катализатор бар. Осылайша қаламыздың экологиялық мәселесін шешуде жан-жақпен байланыс орнатылып, бірнеше бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі — былтыр Ақтөбе қаласында іске қосылған 3 кәріз суын тазалайтын станса жұмысы бүгінде өз нәтижесін берді», — деді Ж.Иманқұлов.

Шараға қатысушылар бұдан әрі Ақтөбе қаласынан 7 шақырым қашықтықта орнатылған кәріз суын тазалау құрылғылары кешеніне барды. Ондағы жағымсыз иісті жою бойынша атқарылған  жұмыстар туралы «Ақбұлақ» АҚ президенті  Асан Ыбыраев баяндады. Қазіргі таңда кәріз су тазалау нысанында «Ылғалды барьер» құрылғысы орнатылып, жұмыс жасап тұр.

«Ылғалды барьер» — концентратты автоматты түрде мөлшерлейтін, кәріз суын тазалау алаңындағы суды дайындайтын және одан әрі жөнелтетін жүйе. Яғни жағымсыз иісті төмендететін технология, — деді ол.

Бұл жерде «Ақбұлақ» акционерлік қоғамы тарапынан құрылғыларды модернизациялау ісіне қатысты өзге де атқарылып жатқан жұмыстар жайы айтылды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*