Басты бет » Басты жаңалықтар » Ораза айт құтты болсын!

Ораза айт құтты болсын!

Мұсылман қауымына сый етілген үш мереке бар: екі Айт мерекесі және қасиетті жұма күні.

Көпшілік ораза ұстап, құлшылықтарын арттырып, пітір садақасын беретін қасиетті рамазан айы бүгін аяқталады. Ертең — хижри күнтізбесі бойынша шәууал айының 1-і, яғни Ораза айт мерекесі. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) хадисінде: «Рамазанайының әуелгі бөлігі — мейірімділік, ортасы — кешірім, соңы — тозақтан қалқан», — деп айтылғандай,Ораза айт күнгі көл-көсір қуаныш Құран түскен қасиетті рамазан айын лайықты өткізген мұсылмандардың күнәларынан арылып, тозақтан құтылуымен байланыстырылады.

Ораза айт мерекесін мұсылмандар624 жылдан бері атап өтіп келеді. Әнес сахабадан (р.а.) жеткен хадисте бұл жөнінде: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мадинаға келгенде, олардың екi мерекесi болатын. Олардан пайғамбарымыз  (с.ғ.с.) сол екi күн жайында: «Бұл қандай күндер?» — деп сұрағанда, олар: «Жаһилия дәуiрiнде ол күндердi ойын, күлкiмен өткiзетiн едiк», — дедi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла осы екi күндi олардан да жақсы күн болған — Құрбан және Ораза айт күндерiмен алмастырды, — дедi» деп баяндалады.

Пайғамбар өсиеті бойынша, Ораза айтта ең бірінші орындалатын амал — намаз.

Айт намазы облысымыздағы барлық мешіттерде 15 маусым күні таңғы сағат 7-де басталады. Былайғы күндері әйел адамдарға мешітке келіп, намазға қатысқаннан гөрі, оны өз үйінде оқыған абзалырақ саналса,ал Айт намазына әйел адамдар мен балалар да шақырылған.

Айт намазына Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мешітке бір жолмен барып, қайтарда басқа жолды таңдаған. Сондықтан осылай істеу сүннет амал саналады. Ондағы түпкі мақсат — неғұрлым көбірек адамдармен жүздесіп, көбірек жақсы тілектер айту.

Айт намазына ғұсыл алып, таза киім киіп, хош иіс себініп, әзірленіп шығу керек. Мешітке ертерек келгендер өзара бос әңгімеге кірісе жөнелмей, имам уағызын тыңдағандары жөн. Кейінірек келгендер орынға таласпай, орын бар жерді таңдап, мешіт әдебін сақтаулары тиіс.

Айт күндері сауабы мол істерді тізбектер болсақ, біріншіден, әрине, Алла Тағалаға құлшылық жасап, намаз оқу жәнеҚұран оқу; сондай-ақ: неғұрлым көбірек дұға қылып, тілек тілеу; туыстар, көршілер, дос-жаран мен әріптестерді, т.б. құттықтау;ата-анаңыздан бастап, бала-шаға мен ағайын-туысқа сыйлық жасаған жөн. Хадисте: «Кімде-кім айт күні бала-шағасына сыйлық сыйласа, Алла Тағала ол үйге байлық есіктерін ашып қояды», — делінген; жақындарыңыздың арасында науқас жандар болса, олардың көңілдерін көтеретін істер жасау; жетім-міскіндерді қуанту; қабірлерді зиярат ету, аруақтарға Құран бағыштау;ренжісіп жүрген адамдармен татуласу.

Кей хадистерде Ораза айтты «Пітір мейрамы» деп те атайды. Мұның себебі, пітір садақасы Айт қарсаңында жиналатын болған. Пітір садақасы Айт намазына дейін беріліп болуы тиіс.

Ата-бабаларымыз Айт күнін әр шаңырақта дастарқан жайып мерекелеген. Бұл, бір жағынан, құттықтай келген туыс-жақын жандармен бірге дәм тату үшін істелсе, екінші жағынан, дастарқанға көрші-қолаң, туған-туыс арасындағы жоқ-жітік, міскін жандар да шақырылып, оларға да қамқорлық жасалады.

Алла Тағала ақылды жаратқан соң, одан: «Мен кіммін, сен кімсің?» — деп сұрайды. Ақыл: «Сен — менің Раббымсың, Жаратушы Иемсің, ал мен — сенің бір әлсіз құлыңмын» — деп жауап береді. Сонда Алла Тағала: «Ей, ақыл, мен сенен артық жаратылыс жаратпадым», — дейді. Кезек нәпсіге келеді. «Мен кіммін, сен кімсің?» — деген сауалға нәпсі: «Сен — сенсің, ал мен — менмін» — деп жауап беріпті. Жаратушы Иеміз қатты ашуланып, нәпсіні 100 жыл мерзімге отқа тастайды. 100 жылдан кейін оттан шығарылған нәпсіге тағы да бұрынғы сауал қойылады. Нәпсі бұрынғы жауабын қайталапты: «Сен — сенсің, ал мен — менмін». Енді нәпсі Алланың бұйрығымен 100 жылға үскірік аязға тасталыпты. Жүз жыл өткен соң тағы сауал қойылады. Нәпсі сол алған бетінен қайтпай: «Сен — сенсің, ал мен — менмін», — деп жауап береді. Енді ол 100 жыл аштыққа тасталады. Міне, сол аштықтан кейін ғана нәпсі Жаратушы Иемізге бас иіп, «Сен — менің Раббымсың, ал мен — бір шарасыз құлыңмын» — деген екен.

Қасиетті рамазан айында парыз етілген оразаның түпкі мән-мағынасыда — өз нәпсіңді жеңу, тәрбиелеу арқылы Жаратушы Иеңе жақындау.

Біз ораза ұстаған жерлестерімізге: «Оразаларыңыз қабыл болғай!» — дейміз.

Баршаңызға Ораза айт құтты болсын! Рамазаннан рамазанға аман-есен жеткізгей!

Діни әдебиеттер бойынша әзірленді.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*