Басты бет » Жаңалықтар » Америкадан асылтұқымды ірі қара келді

Америкадан асылтұқымды ірі қара келді

«Семіздің аяғы — сегіз» деп халқымыз айтатындай, асылтұқымды малдың да жөні бөлек. Асылтұқымды мал өнімді мол береді. Біздің аймақта ірі қара шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар сырттан мал сатып әкеліп, мұны дәлелдеген.

Кеше «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің келісімшарты бойынша облысымызға 2,5 мың абердин-ангус асылтұқымды ірі қара малы жеткізілді. Бұл — асылтұқымды ірі қараның еттік бағыттағы түрі. Осы қашарлардан болашақта сыртқы саудаға өтімді жоғары сапалы ет беретін ірі қара малы көптеп өсірілмек.

Бұл жолы бағалы ірі қара өте қашықтан әкелінді. Яғни, Америка құрлығынан 2,5 мың қашар кемеге тиеліп, 20 күн жол жүріп, Санкт-Петербург қаласы маңындағы айлаққа жеткізілген. Одан бері  мал таситын  арнаулы 57 көлікке тиеліп, 3 тәулікте Орынбор арқылы Ақтөбе жеріне иек артқан. Әрқайсысына 44-45 ірі қара сыятын екі қабатты арнаулы мал тасуға арналған петербургтік көліктердің суы, жемшөбі ішінде.

Асылтұқымды ірі қара тиелген көліктер легін Қурайлы ауылының тұсынан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбай бастаған мамандар күтіп алды. Осы жерде басқарма басшысы аймаққа сатып алынып жатқан асылтұқымды ірі қара малына қатысты бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне сұхбат берді.

— 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы қабылданған болатын. Биылғы жылдан бастап осы бағдарламаға қосымша ретінде етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы қабылданды. Оның аясында біздің облыс бойынша биыл бұрынғыға қосымша ірі қара малын өсірумен айналысатын 200 жаңа ферма ашып, 10 мың бас ірі қара сатып алуымыз керек. Оның бәрі — шетелдік, яғни сырттан сатып алынуы қажет. Бүгінгі күні, міне, «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншігіне 2,5 мың асылтұқымды қашар Солтүстік Америкадан әкелініп отыр. Бұл аталған серіктестіктің өз якорлық әріптестері бар. Біз якорлық кооперация аясында біраз жұмыстар жүргіздік. Тек бір «АкТептің» өзінің бүгінгі күні 360-тай якорлық серіктестігі бар. Осы серіктестіктер алдағы уақытта жаңадан құрылған шаруашылықтардың есебінен тағы да ұлғаюы мүмкін. Сондықтан осы әкелінген асылтұқымды малдарды якорлық серіктестіктерге таратып беріп, осы асылтұқымды малдарды әрмен қарай өсірумен айналысамыз. Бұдан басқа, жылдың аяғына дейін шаруашылықтар, негізінен осы «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 7,5 мың бастай ірі қара сатып алуды жоспарлап отыр. Оның 4,5-5 мың басын өздерінің якорлық серіктестіктеріне таратып береді.

Якорлық серіктестіктерге мал тарату жұмысы өткен жылы да жүргізіліп, 1300-дің үстінде ірі қара таратылған еді. Биыл бұл жұмыс  одан әрі жалғасады.

Ангус асылтұқымды ірі қарасы еттік бағыттағы мал, өте тез өседі, тез салмақ алады. Сол себепті біздің шаруашылықтардың  дені осы ангус асылтұқымды ірі қараға қызығушылық білдіріп отыр. Бұл малдың түрі біздің аймақта 2012 жылдан бастап өсіріледі. Қазіргі күнге бұл малдар біздің табиғатқа қалыптасты, ешқандай проблема жоқ, — деп мәлімдеді басқарма басшысы бұл жаңа бастама бойынша.

Асылтұқымды ірі қара тиелген арнаулы ауыр көліктер сап түзеп Қурайлыдан шығып, Солтүстік айналма жол арқылы Хромтау бағытына түсті. Бұдан әрі Қопа ауылы маңындағы «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  мал бордақылау алаңына жеткізіліп, белгілі уақыт карантин талаптары сақталғаннан кейін, аталған шаруашылықтың якорлық серіктестіктеріне таратылатын болады.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*