Басты бет » Жаңалықтар » Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары күшейтіле түседі

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары күшейтіле түседі

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттер мәселелері бойынша облыстық комиссияның кезекті мәжілісі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өтті. Оған аудандардың әкімдері, комиссия мүшелері, құқық қорғау органдарының, басқармалардың басшылары қатысты.

Жиынның басты тақырыбы ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік саласында, Ақтөбе қаласы әкімдігі қызметінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша өңірде қабылданып жатқан шаралар туралы болды.

Облыс әкімі жиынды аша отырып, қажетсіз бюрократиялық кедергілер мен тосқауылдарды жою, сондай-ақ тұрғындардың сенім деңгейін көтеру бақылаушы және қадағалаушы органдардың жұмыстарындағы басымдық бағыттарына ие болуы тиістігін атап көрсетті.

— Аталған басқармаларда, Ақтөбе қаласы, Мұғалжар және Хромтау аудандары әкімдіктерінде сыбайлас жемқорлық бағытындағы құқықбұзушылықтардың аздаған өсуі байқалады. Бұған жол ашатын факторлар бар, біз бүгін ахуалды талдаудан өткізіп, сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу бойынша алдын алу шараларын талқылауымыз керек, — деді Бердібек Сапарбаев.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай инвестициялық субсидиялар мен мемлекеттік қызметтерді ұсыну саласындағы жоғары сыбайластық тәуекелдерді атап өтті. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы басқармасы субсидиялауды қосқанда, 16 мемлекеттік қызмет көрсетеді. 2018 жылдың 5 айында мекеме 462 мемлекеттік қызмет көрсетті және 2,6 миллиард теңге субсидия төленді.

Бұл мәселені процестерді автоматтандыру арқылы шешу көзделуде.

— Ақпараттық жұмыстарды күшейтіп, электронды базаны енгізу, сондай-ақ мамандардың қызмет алушылармен байланысын ең төменгі шекке дейін жеткізу қажет. Сонда ғана сыбайластық көріністері орын алмайды. Бұдан басқа, субсидиялаудан өнімділіктің артуы, еңбек өнімділігінің көтерілуі тұрғысында тиімділік болуы тиіс. Тұрақты негізде талдау жүргізіп отыру керек, — деп тапсырды облыс әкімі.

— Облыстық кәсіпкерлік басқармасы да сыбайлас жемқорлықпен күрес және бизнес үшін әкімшілік кедергілерді жою бойынша шаралар қабылдауда», — деп хабарлады мекеме басшысы Анар Даржанова.

Мәселен, басқарма сайтында «Бизнестің жол картасы — 2020» және «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік» бағдарламасы аясында көмек алуға тілек білдіруші жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қолдау алу жолдары туралы қадамдық ақпараттар орналастырылған.

Сондай-ақ, өңірлік үйлестіру кеңесі институты жұмыс істейді, оның құрамына бизнес өкілдері енгізілген. Кеңес алқалы түрде мемлекеттік қолдауды көрсету немесе бас тарту туралы шешім қабылдайды. Өткен жылы ағымдағы жылдың І тоқсанында өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімдеріне бизнес субъектілерінен шағым түскен жоқ.

Ақтөбе қаласы әкімдігі сыбайластықтың алдын алу бағытында кешенді әрі жүйелі шаралар қабылдауда деп атап көрсетті Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова.

Қалалық әкімдік электронды форматта 51 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Ашықтық және айқындылық мақсатында мекеме сайтында мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға, жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін, балабақшаларға жолдама алуға кезектілік туралы ақпараттар орналастырылған. Жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, білім беру бөлімдері орналасқан ғимараттарда 16 бейнеқадағалау камералары қондырылған.

Облыс әкімі жиын қорытындысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттер бойынша жұмысты күшейтіп, барлық процедуралар мен мемлекеттік қызметтердің ашықтығын және айқындығын қамтамасыз етуді, мемлекеттік органдар қызметкерлері мен тұрғындардың тікелей байланысын барынша азайтуды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*