Басты бет » Жаңалықтар » Ақтөбедегі ескі үйлер бұзылып, орнына жаңасы тұрғызылады

Ақтөбедегі ескі үйлер бұзылып, орнына жаңасы тұрғызылады

Ақтөбе қаласында екі мыңға жуық көп қабатты үй бар. Оның 230-ы ескірген. Осы 230-дың 15-і  апатты жағдайда. ­Олардың дені өткен ғасырдың 40-50 жылдары салынған ғимараттар.

Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасында мемлекет пен жекеменшік әріптестігі арқылы осындай тозған үйлерді қалпына келтіру тақырыбында жиын өтті. Оған қалалық әкімдік, кәсіпкерлер палатасы, «Даму» қоры, «Қазақстанның ипотекалық компаниясы», «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалдарының өкілдері мен құрылысшылар қатысты.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы директоры Нұрлыбек Мұқановтың айтуынша, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында құрылысшы компаниялар қаладағы ескі үйлерді сатып алып, орнына жаңа үй салуға мүмкіндігі бар. Ол үшін алдымен құрылыс компаниясы ескірген үйлерде тұрып жатқан тұрғындармен кездесіп, өзара келісім бойынша олардың пәтерін сатып алады. Содан соң бұл үйлер сүріледі. Құрылыс компаниясы осы жерге бірнеше қабатты жаңа үйдің құрылысын жүргізіп, айналасын абаттандырып, балалар алаңын, т.б. салады.

— Бұл жұмыс мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында жүргізіледі. Жаңа үйдің құрылысы дайын болғаннан кейін оның қаншасы коммерциялық тұрғыда, қаншасы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы сатылатыны анықталады. Әзірге біздің ұсынысымызға 19 компания қызығушылық танытып отыр, — дейді ол.

Қала әкімінің орынбасары Қуандық Қасымовтың айтуынша, бүгінде «Керемет үй» тұрғын үй құрылысы кооперативі Есет батыр көшесіндегі 106 «а» үйдің тұрғындарымен келісіп, жұмысты бастап кетті. Тұрғындар бірауыздан құрылысшылар ұсынысын қолдаған.

— Ол жердегі екі қабатты үйде 8 пәтер бар. Бүгінде барлық пәтердің иелерімен келісімдер жүргізілді. Болашақта ол жерде 54 пәтерлік жаңа үй бой көтереді. Қазір жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Бұған қоса Некрасов көшесіндегі сегіз пәтерлік тағы бір ескі үйдің тұрғындарымен келісім жүргізіліп жатыр. Қазір қалада 1968 көп қабатты үй бар, соның 15-і тозған. Кәсіпкерлер үшін бұл үлкен мүмкіндік, себебі жер қазір аукцион арқылы сатылады, ал тозығы жеткен үйлердің орнына үй салу үшін аукцион өткізілмейді, тек тұрғындармен ғана келісіледі. Құрылыс компаниялары осы іске қызығушылық танытып, бірге жұмыс істеуге келіссе, әкімдік тарапынан қолдау көрсетуге дайынбыз, қажет жағдайда қосымша жер учаскесі бөлінуі мүмкін, — дейді Қ.Қасымов.

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, бұл үйлердің дені 40-50 жылдары салынған. Мәселен, Некрасов көшесіндегі 51-үй екінші дүниежүзілік соғысқа дейін, яғни 1938 жылы салынған. Алтынсарин, Чекалин, Стадионная, Дачная, Ленинградская көшелерінде 50-60 жылдары тұрғызылған үйлер бар.

— Олардың барлығы 8-22 пәтерлік 1-2 қабатты үйлер. Айта кету керек, бұл үйлер тұрғындар келіскен жағдайда сүріледі. Тұрғындардың келісімінсіз ештеңе де істелмейді. Бұдан «тұрғындарды шығарып жіберіп, үйсіз қалдырады» деген ой тумауы керек. Тұрғындар құрылыс компаниясымен келісіп, баспанасын сатуына да, жаңадан тұрғызылған үйден пәтер алуына да болады. Бұл — әркімнің өз еркі, — дейді Н.Мұқанов.

Айта кету керек, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы елімізде іске асырлып жатқан және жоспарланған мемлекеттік және жекеменшік серіктестігі аясындағы жобаларды зерттеп, өңірлер үшін тиімді боларлық жеті жобаны іріктеп алды. Соның бірі — ескі тұрғын үйлерді қайта қалпына келтіру. Бұл жоба аясында кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарлама немесе коммерциялық негізде жеңілдетілген қаржыландыруға, қосымша жер телімін алуға және тұрғын үйлерді өткізуге мүмкіндік беріледі.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*