Басты бет » Жаңалықтар » Кәсіпкерлер құқы қалай қорғалады?

Кәсіпкерлер құқы қалай қорғалады?

Ақтөбе облысы кәсіпкерлік палатасында кәсіпкерлерді заңсыз тексеру мәселесіне қатысты жиналыс өткізілді. Оған аталған палата өкілдері, кәсіпкерлер, кәсіподақ пен тексеруші органдар өкілдері қатысты.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер құқын қорғау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу кеңесінің төрағасы Есімхан Құрманғазиннің айтуынша, тексеруші органдар тарапынан қылмыстық қудалау бизнестің дамуына айтарлықтай кедергі жасап отыр, себебі, мұндай жағдай кәсіп иесінің жұмысына, беделіне нұқсан келтіруі мүмкін.

Жиында «Ойыл ИнвестХолдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өтінішіне қатысты мәселе талқыланды. Серіктестік басшысының палатаға жазған шағымында облыстық және Ойыл аудандық мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды тұлғалары жіберген құқықбұзушылығының салдарынан мекеме 26 қыркүйектен 15 қарашаға дейін заңсыз тіркеуден шығарылғандығы айтылған.

—  Аудандық прокуратура аудандық мемлекеттік кірістер бөлімі қызметкерлері жүргізген тексеру барысында салық заңнамасы нормаларының сақталмағанын, яғни бір ғана куәгердің тартылғанын анықтады, бұл салық туралы заңға қайшы. Ақтөбе облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне прокуратураның қаулысы жіберілді, алайда департамент аталған серіктестікті тіркеуден шығару барысында салық заңнамасы толықтай сақталды деп отыр. Сөйте тұра салық төлеушінің нақты орналасқан жерін тексеру актісін жасау кезінде департаменттің бөлім басшысына өз қарамағындағыларға тиісті бақылау жүргізбегені үшін сөгіс берілді. Нақтырақ айтсақ, салық заңнамасына сәйкес, тексеруші орган серіктестіктің орналасқан жерін анықтау туралы оның мекенжайына поштамен арнайы тапсырыспен хат жібереді және осы хаттың алынғаны туралы көшірме расталады. Алайда пошта қызметкері бұл хаттың тапсырылмағанын айтып отыр, яғни, жұмысшылар хабарламаны алмаған. Сайып келгенде серіктестікті тіркеуден шығару туралы шешім заңсыз саналады, — дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер бойынша орынбасары Руслан Күйшінов.

Ақтөбе облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы О.Шәріпұлының айтуынша, тексеру барысында барлық заңнама сақталған.

Жиында сондай-ақ «Техно.С», «Mareks Club» серіктестіктерінің шағымдарына қатысты мәселелер де қаралды.

Отырыс қорытындысына сай, «Ойыл ИнвестХолдинг» серіктестігінің шағымына қатысты арнайы комиссия жасақталып, осы комиссия шешім түйінін тарқату үшін жұмыс істейтін болды. Ал «Техно.С» серіктстігіне қатысты іс облыстық прокуратураның қарауына жіберілді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ. 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*