Басты бет » Құқық » Құқық саласының өзекті мәселелері

Құқық саласының өзекті мәселелері

Конференция

Астана қаласының 20 жылдығына орай Ақтөбеде «Құқықтың өзекті мәселелері: жетістіктері мен келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараны ұйымдастырған — М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты.

Ішкі істер министрлігіне қарасты оқу ордасы мұндай конференцияны алғаш рет ұйымдастырып отырған жоқ. Бұл — дәстүрлі шара. Мақсат — сала мамандарының тақырыпқа қатысты ой бөлісіп, тәжірибе алмасуына мүмкіндік беру.

Ақтөбе заң институтының қызметкерлері мен жас ғалымдар кеңесінің атынан елорданың мерейтойына арналған халықаралық конференцияға келушілерді қарсы алу — біз үшін үлкен құрмет. Халықаралық конференцияда әкімшілік құқық пен қызметтің өзекті мәселелері, қылмыстық заңнама мен криминологияның жаңашылдықтары, қылмысты ашу жолдары, құқық қорғау органдарында қызмет ететіндердің психологиялық, арнайы дайындығы жайы, тағы да басқа мәселелер жан-жақты талқыланатын болады. Әртүрлі  тақырыпқа арналған отырыстар бөлек-бөлек ұйымдастырылып, тиісінше түйіні де жасалады. Сондай-ақ, конференция аясында «Адам саудасы және адам құқығы» атты дөңгелек үстелдің өтетінін айта кеткім келеді. Бұл тақырып қоғамда қашанда өзекті екені белгілі. Оған негіз де бар. Өйткені, қай мемлекеттің болсын, басты байлығы — адам. Қазақстанда да жүргізіліп отырған саясатқа сәйкес, қайткенде адамның мүддесін биік қою, оның денсаулығын сақтау айрықша орынға ие. Жалпы, адам құқығы, оның өз деңгейінде сақталуын ұйымдастыру қай уақытта да күн тәртібінен түспек емес, — деді М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының аға оқытушысы Жолдыбай Аюпов.

Мұнымен бірге, Ресей Федерациясы Орал заң институтының ғылыми қызметкері Екатерина Давыдова, Орынбор облыстық адам құқықтары жөніндегі аппаратының бөлім басшысы Светлана Миронова, Астана қаласындағы адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының бас сарапшысы Даниярхан Шоранов, т.б. тақырыпқа қатысты баяндамаларын оқып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Шара барысында қатысушылар арасында, сондай-ақ, жағажай волейболы мен шағын футболдан спартакиада өтті. Бірнеше саланы тоғыстырған конференция үш күнге созылғанын айта кетейік.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*