Басты бет » Жаңалықтар » Жұмысшы мүддесін қорғау — басты міндет

Жұмысшы мүддесін қорғау — басты міндет

Ақтөбе қаласындағы «Дастан» қонақүйінде «Аманат Қазақстанның кәсіподақтар достастығы» республикалық кәсіподақтар қауымдастығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі облыстық филиалының жиыны өтті. Шараға білім, денсаулық сақтау секілді түрлі саланың мамандары  қатысты.

Жиында сөз алған аталған филиалдың директоры Жолдас Ерекенов облыстық филиалдың жұмысымен таныстырды. Былтыр құрылған бұл кәсіподақ бірлестігінің бүгінде еліміз бойынша 320 мыңнан астам мүшесі бар. Біздің облыстағы мүшелерінің саны 23 мыңнан көп. Олардың басым бөлігі — денсаулық сақтау саласының қызметкерлері.

— Біз кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғаймыз. Азаматтардың еңбек қатынастарында, жұмыс уақыты, демалыстың ұзақтығы, жалақының көлеміне және тағы басқа да  мәселелерін шешуге көмектесеміз. Қысқасы, кәсіподақ — жұмысшы-қызметкерлердің мүддесін қорғайтын бірден-бір ұйым. Кейбір мекемелердегі жастар кәсіподақтың не екенін білмейді. Кәсіподақ жұмыс берушіге де, жұмысшыларға да өте қажет, — деді Жолдас Ерекенов.

Оның айтуынша, шағын және орта кәсіпкерлік саласының қызметкерлері, жұмысшыларының көпшілігі кәсіподаққа мүше емес.

— Демек, бұл салада еңбек заңдылықтары жиі бұзылып, жұмысшы құқығы қорғалмайды деген сөз. Сол себепті, қызметкерлер, жұмысшылар кәсіподаққа мүшелікке асығуы керек, — деді филиал директоры.

Жиынға қатысушылар  Жолдас Ерекеновке еңбек заңдылықтары туралы сауалдар қойып, тұшымды жауаптар алды.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*