Басты бет » Жаңалықтар » Ақтөбеде алғаш рет сән фестивалі өтті

Ақтөбеде алғаш рет сән фестивалі өтті

Ақтөбе қаласындағы «Атамекен» мейрамханасында «Сән мен сахна» атты облыстық сахна киімдері фестивалі өтті. Шарада өңіріміздің жас дизайнерлері өз жұмыстарын көрермен назарына ұсынды.

Фестивальдің шымылдығы ерекше стилімен белгілі «DANA NABI» сән үйінің ұсынған үздік топтамасымен ашылды. Сән көрсетілімде ұлттық ою-өрнектермен көмкерілген, ерекше нақышпен безендірілген киім үлгілері жұртшылықты тәнті етті.

Ақтөбеде тұңғыш рет ұйымдастырылған фестивальге «Сән мен сахна» халықаралық сән фестивалінің директоры Ханым Айдашқызы қатысып, қатысушыларды құттықтады.

— Биыл «Сән мен сахна» халықаралық фестиваліне 10 жыл толды. Ақтөбе қаласындағы облыстық фестиваль сазгер Ғазиза Жұбанованың шығармашылығына арналып, «Сен ғана» атты номинациясы бойынша ұйымдастырылып отыр, — деді Ханым Айдашқызы.

Сән мен сапа сынға түскен байқауға өңірдің бес үздік сәнгері қатысып, өнер туындыларын қазылар алқасына ұсынды. Қазылар құрамында елімізге белгілі дизайнерлер Жадыра Сахиева (JADO) мен Гүлнар Касым, «Қалауша» сән орталығының директоры Қалауша Садықова, т.б. болды.

Шара барысында ҚР мәдениет қайраткері, әнші Өмірқұл Айниязов өнер көрсетті. Сондай-ақ Алматы және Астана қалаларынан келген сахна киімдерінің дизайнерлері қатысып, өз жұмыстарын ұсынды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*