Басты бет » Жаңалықтар » Жан-жақты жетілу жолы

Жан-жақты жетілу жолы

Өткен жылдың қыркүйегінен өз жұмысын бастаған Шығармашылық академиясы ұлттық және жалпыхалықтық құндылықтар, ғылым және практика жетістіктері негізінде белсенді азаматтық ұстанымы бар тұлғаны тәрбиелеуге бағытталған қосалқы білім беруді көздейді. Біздің ұжым алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру барысында Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетімен, физикалық-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебімен, «AQTÓBE» телеарнасымен, облыстық Тахауи Ахтанов атындағы драма театрымен, «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығымен, Ғазиза Жұбанов атындағы облыстық филармониямен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасады.

Шығармашылық академиясында оқушылардың шығармашылық қабілетін, дербес жұмыс істей білуін дамыту, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында 40-тан астам үйірме жұмыс жасайды. Бұл үйірмелерге бес мың бала қаланың түкпір-түкпірінен және жақын елді мекендерден келіп қатысады.

Техникалық бөлім факультеті құрамындағы «Форсаж» автоүлгілеу шеберханасы оқушыларды жас ерекшеліктеріне қарай әртүрлі материалдардан автокөлік үлгілерін, «FABLAB» робот техникасы шеберханасы бағдарламалар негізінде роботтар құрастыруды, әуе шарларының, ракеталардың үлгілерін әзірлеуді, «Disney Dream» кеме үлгілеу шеберханасы сызбалармен жұмыс жасап, түпнұсқаларына мейлінше жақындата отырып суда электрқозғалтқыш моторлар көмегімен жүзетін кемелер үлгілерін жасауға жол нұсқауда.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы жетінші міндетті орындау аясында «Бизнес мектебін» аштық. Осы мектептің қосымша білім беру педагогтары И.Тыщенко мен Н.Мәмбет «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірлесе отырып, қаржылық сауатты, табысты тұлғаны қалыптастыру және тәжірибелік дағдылар мен кәсіби құзыреттілікке ие, бәсекеге қабілетті жастарды даярлау үшін бизнес-сабақтар, тренингтер, іскерлік ойындар, экономикалық пікірсайыстарын ұйымдастырып, жас жеткіншіктердің кәсіпкерлік саласына қызығушылықтарын арттыруда.

Шығармашылық академиясы өткен жылдың қараша айында Алматы қаласында ЮНЕСКО ұйымына мүшелікке кандидаттыққа қабылданды. ЮНЕСКО ұйымының, республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының қолдауымен өңірлік «Рухани жаңғыру: Бақытты бала» жобасы аясында осы мамыр айында республикалық І «Күй қанаты» балалар мен жасөспірімдердің өнер байқауы өткізілмекші.

«Рухани жаңғыру: Бақытты бала» мега жобасы аясында кордодром, халықаралық трасса салу жоспарлануда. Сондай-ақ осы жоба ауқымында алдағы 1 маусым-31 тамыз аралығында жазғы демалыс кезеңінде 7-17 жастағы оқушылар үшін барлық үйірмелер өз жұмыстарын жалғастыра беретін болады. Бұл үйірмелерде оқып-үйренуге Ақтөбе қаласынан ғана емес, сондай-ақ облыс аудандарынан, ауылдық жерлерден де тілек білдірушілердің құжаттары қазір қабылдану үстінде.

Шығармашылық академиясының ұстаздары мен үйірме тәрбиеленушілері түрлі халықаралық, республикалық, жергілікті байқауларға белсенділікпен қатысуда.

Халықаралық «Көктемгі әуендер» І балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы фестиваль-конкурсында жоғары кәсіби біліктілігі мен педагогикалық шеберлігі үшін «Самғау» балет студиясының ұстазы Альбина Аққағазова Гран-при иегері атанды.

«ХХІ ғасыр таланттары» атты қалалық конкурста «7 бояу» бейнелеу өнері студиясының тәрбиеленушілері Арзыгүл Сүндетова, Аяна Әлімова және Алтын Жұмағалиева жүлделі орындарға ие болып, олардың еңбегі дипломдармен және медальдармен марапатталды.

Біздің шәкірттеріміз «Art-Созвездие» халықаралық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы фестиваль-конкурсында, «KazRobotics-2017» халықаралық робо-фестивалінде, «Алтын дария-2018» балалар байқау-фестивалінде, кегелринг, робо-сумо, роботехника чемпионаттарында, басқа да ірі сайыстарда өздерінің сан қырлы таланттарымен жарқырай көрінді.

Бізде күмбезді цифрлы экраны бар планетарий жыл бойына демалыссыз жұмыс жасайды.

Шығармашылық академиясында қалыптасқан өзіндік дәстүрлер бар. Мәселен, әр күнгі жұмыс академияның өз Әнұранымен басталады. Содан кейін радио арқылы шығармашылық ұжым қызметіне қатысты түрлі жаңалықтар мен хабарлар, құттықтаулар, ән-күйлер беріледі. Оқушылардың эфирде сөйлеуіне мүмкіндік беріледі. Мұның өзі баланың өзін психологиялық жағынан сенімді ұстауына, ой-пікірін еркін жеткізуіне дағдыландырады.

Шәмшат ЖҰБАЙ,

«Шығармашылық академиясы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының директоры.

Ақтөбе қаласы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*