Басты бет » Денсаулық » Жазда жарақат алатын бала көп

Жазда жарақат алатын бала көп

Жаз басталса, дене жарақатын алатын балалар көбейеді. Соңғы екі-үш аптада Ақтөбеде көп қабатты үйдің терезесінен екі бала құлады. Екеуі де дін аман қалды. Ақтөбе медициналық орталығы балалар стационары травматология бөлімінің травматолог дәрігері Талғат Артықбаевтың айтуынша, күн жылынса ауруханаға күніне 50-60 бала әртүрлі жарақатпен түседі. Соның бес-алтауы аяқ-қол сынығымен жатқызылады.

Оқу аяқталған соң балалар далада еркін ойнайды. Тіпті үй көрмей, күні бойы сыртта жүретіндер бар.

— Ата-аналардың көпшілігі жазда балаларын бақыламайды. Каникулға қалай шығады, солай еркіне жібереді. Ал қалада баланы қарап отырмаса, әртүрлі жағдайға тап болуы мүмкін. Мәселен, жазда балалар  қолын ауыртып алу, сындыру, кесіп кету, күйіп қалуы секілді жарақаттармен ауруханаға жиі түседі. Терезеден құлап, мертігетін жағдайлар да жиі болады. Күн жылынғалы екі бала көп қабатты үйдің терезесінен құлады. Балалардың періштесі қаққан болар, екеуі де ешқандай жарақат алмаған. Жалпы осындай оқиғалар осыдан екі-үш жыл бұрын өте көп тіркелді. Тіпті бір бала алтыншы қабаттан құлап, бір жарым жыл жан сақтау бөлімінде жатып көз жұмды. Аяқ-қолы шығып,  сынатындар өз алдына, омыртқасы сынып, ауыр жарақат алғандар бар.  Қайғылы оқиғалар жиілеп кеткен соң БАҚ-қа  хабарласып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Соның нәтижесі болар, қазір бұрғынғыдай емес, азайды. Жалпы ата-аналар терезеге қондыратын торды мықтап бекіту, мүмкін болса терезе жақтауына ары қарай құламас үшін көлденеңнен бекітпе орнату керек. Терезе тұтқасын бала аша алмайтындай қатты қылып бұраған дұрыс.

Тағы бір ескертетін нәрсе, балалар жүргінші жолынан абайлап өтсе екен деймін. Балалар бағдаршамның жасылы жанғанда жүгіріп өтеді. Жүргізушінің бәрі бірдей емес, осындай кезде қатты келе жатқан көлік қағып кетеді. Сондықтан балалар жолдан өтер кезде жан-жағына қарап алып барып өткен дұрыс. Сондай-ақ кейбір көшелерде жасыл жарықтың жанып тұратын уақыты аз.  Халық көп жүретін жерлерде бағдаршамның жанатын  уақытын ұзартса, қайғылы оқиғаның алдын алуға септігін тигізер еді, — дейді Талғат Артықбаев.

Жазда балалар велосипед, ролик, гироскутер тебеді. Байқаусызда құлап, түрлі дене жарақатын алады. Сондықтан ата-аналар балаларына ескертіп, бақылап жүргені жөн.

Күйген жерге тіс пастасын жағуға болмайды

Жазда асүйде,  табиғат аясында күйік шалып, жарақат алатын балалар көбейеді. Себебі жұқа киімнен ыстық тез өтеді. Әсіресе, отбасылық демалыстарда кішкентайлар зардап шегіп жатады.

— Табиғат аясына шыққан ата-аналар кәуап пісіреді. Отты жағу үшін арнайы химиялық сұйықтық шашады. Оны шашатын арнайы құралдың бойымен от жанады. Осыны ұстаймын деп балалар көп жағдайда  күйіп қалады. Тағы бір айта кететін нәрсе, ата-аналар күйген жерге тіс пастасын жағады. Осыны адамдардың қайдан үйреніп алғандарына таңмын. Күйген жерге тіс пастасын жағуға мүлдем болмайды. Себебі өзі күйіп тұрған жерге паста жаққанда ол қатып қалады, ал оны кетіргенде тері тағы жарақат алады. Сондықтан күйген жерді салқын суға салу керек. Жедел жәрдем келгенше салқын сумен жуып, дәрігердің нұсқауымен ғана байлап, таңуға болады, — дейді дәрігер.

Талғат Артықбаев — күйік шалған балаларға көмек көрсететін облыстағы санаулы дәрігердің бірі, яғни комбустиолог. Соңғы жылдары осы бағыт бойынша Ресейдің Мәскеу қаласында білімін жетілдіріпті. Күйікті жаңа технологиямен емдеу әдісін меңгерген. Мәселен, бұрын күйген жерді кептіріп, құрғатып емдейтін болса, соңғы әдіс бойынша ылғалды жағдайда ем жүргізіледі. Бұл әдістің тиімділігі де зор.  Жара тез жазылады әрі тыртық қалың болмайды. Сондай-ақ қазір таңғыштар мен  пленкалардың да заманауи түрі қолданылады. Швейцариялық фирма шығаратын таңғыштар күйіктің тез жазылуына өте пайдалы. Бұрын дененің елу пайызын күйік шалса, науқастар көз жұматын. Ал қазір бұндай науқастарды аман алып қалуға болады.

Шынын айту керек, бізде әлі күнге дейін кеңес дәуірінен қалған медициналық құрал-жабдықтар пайдаланылады. Кейде біліп тұрған емдеу әдісін құралдың жоқтығынан жасай алмайсың. Қарапайым медициналық перфоратор мен дрелдің өзі ескі. Сондықтан әлі де болса травматология саласына көңіл бөліну керек, — дейді Талғат Артықбаев.

Ол отыз жылдық еңбек жолының он бес жылын осы өңірде өткізіпті. Травматологияның қыр-сырын жақсы біледі. Егер материалдық-техникалық мүмкіндіктер жасалса,  ақтөбелік дәрігерлер алмайтын қамалдың жоқтығын айтады.

Гироскутерді қалай қолдану керек?

Қазір қала балаларының ермегі — гироскутер. Үстінде екі аяқпен тіке тұрып серуендейтін құралдың бағасы да арзан емес. Отыз мың теңгеден басталып, жоғарылай береді. Кейінгі кезде балалар арасындағы түрлі дене жарақаты осы құралдың салдарынан болып жүр. Жалпы мамандардың айтуынша,  бұл құралды сертификаты бар арнайы орталықтардан сатып алған жөн. Себебі көшірме құралдардың қуат көзі  әлсіз болады. Соның салдарынан жарылып, өрт тұтануы мүмкін. Гироскутерді пайдаланғанда баланың қасында ата-анасы болғаны дұрыс. Қолдану қауіпсіздігі жайлы мәліметтерді де мұқият қарап шығу артықтық етпейді. Сондай-ақ жарақат алмас үшін балаға қорғаныс киімдерін кигізу керек. Салмағы жиырма келіден төмен балалардың пайдаланбағаны жөн. Егер көрсетілген мөлшерден салмақ жеңіл болса, бала құралды басқара алмай, құлап қалуы мүмкін. Сондай-ақ құралды тазалаған кезде химиялық ерітінді қолданбау керек. Субұрқақ, жасанды өзен-көлдердің де айналасында гироскутер тебуге болмайды. Қуат көзіне су тиіп, жарылып кетуі ықтимал.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*