Басты бет » Тарих » Жүрегі ізгі жан еді…

Жүрегі ізгі жан еді…

Біздің қазақ топырағында әйелдер отағасының көлеңкесінде қала тұра оның тұрмыс-тіршілігін, қызметін алаңсыз атқаруына жағдай жасайтын. Үйдің де, түздің де шаруасын өзі тындыра беретін. Ақыл иесі ондай аналар әрбір шаңырақтан табылар.

Мен өзімнің ағам, елдің белгілі азаматы Іскендір Нұркиннің жансерігі болған жеңгем, бір жасымнан арқалап өсірген анам орнындағы Сәуле туралы өз ойымды, білгенімді бөліссем деп едім.

Жасым сексен алтыға келгенде «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз ойыма орала береді. Ол кісінің бақилық болғанына 14 жыл болыпты, биыл 100 жасқа келер еді. Ол кісінің тәрбиесін, аялы алақанын көрген, жылы сөзін естіп өскен үш ағам және мен.

Ағаларымның бәрі де бақилық болып кетті. Солардың соңғысы — мен. Бір қызығы, жастары елу-алпысқа келген қайын інілері жеңгесінің кеңесіне, жасаған ескертуіне құлақ асатын, бір ауыз сөз қайтармайтын. Бұл бір сыйластықтың, өнегенің үлгісі сияқты.

Бұл кісінің адамдармен, туған-туыс, бауырлармен қарым-қатынасының ерекшелігі — үлкеннің де, кішінің де тілін таба білетіндігінде. Сондықтан біздің үйде әр кез ынтымақ, ізгілік, жақсы қарым-қатынас болатын. Сондай шаңырақтан тәрбие алып, өскеніме қуанамын.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Арал топырағында бас қосқан Іскендір мен Сәуле барды-жоқты, қуанышты, қиындықты, өмірдің барлық кезеңдерінен сүрінбей елу екі жыл бірге өткен.

Ол жылдарда оқыған азаматтар саусақпен санарлық. Болашағынан зор үміт күттірген жас жігітке, өмірлік тәжірибесінің жоқтығына қарамай үлкен жауапкершілік жүктеп, құрылысы бітпеген мектепті жедел іске қосуды міндеттеген оқу саласының бастықтары қателеспепті.

1939 жылы «Іскендір Нұркин Ленин орденімен марапатталды» деген қуанышты хабар елді бір сілкіндірді. Жап-жас жігіт пен келіншектің мақтанбай, масаттанбай, өздерін байсалды ұстауы ауылдастарына қатты ұнады. «Біріне-бірі тауып қосылған екен, бақытты болсын» — десті. Сол жылы мен де сол мектептің табалдырығын аттап, әліппе танығам.

Ағам жұмыстан шаршап келгенде ас-суын әзірлей, дастарқанын жая жүріп, Сәуле оның қолына домбырасын ұстата қоятын. Әдемі әуен, жағымды дауыс жаныңды жайландыратын.

Екеуі қосылып ән салады, біз мәз боламыз. Сәуле папамның сүйемелдеуімен «Жайдарман», «Маусымжан» әндерін айтады. Папам «Соқыр Есжан», «Адай» күйлерін тамаша ойнаушы еді.

Өмір өз арнасымен жүріп жатты. 1941 жылдың мамыр айында Қоныс ағам бір басы екеу болып арқа-жарқа, қуанышты күндер өтіп жатты. Құттықтаулар  толқыны басылмай жатып, «соғыс басталды» деген жан түршіктірер суық хабар дүңк ете қалды.

Саяси жетекші папам (мен ағамды осылай атап кеткенмін) сол күні Ақтөбеге аттанды. Жасы тура жиырмаға толған Қоныс желтоқсанның қарлы боранында Отан алдындағы борышын өтеуге ол да жолға жиналды.

Папам Ақтөбеде  жыл жарымдай болған кезде Сәуле жаздың ми қайнатқан ыстығы мен қыстың сары шұнақ аязы, буырқаған ала құйын боранымен бетпе-бет келіп, бірнеше рет барды.

Бригада майдан даласына аттанғаннан кейін Сәуле белді бекем буып, қарттарымен отбасын бағу қамын ойластырды. Соғыс басталған аз ғана уақытта отбасы талай қиындықтарды бастан кешті. Апамыз Ұрлықа қайтыс болды. Бұл қайғы екі қарияны қаусатып кетті.

Сәуле аудан орталығындағы жалғыз дүкен жұмысын қолға алды. Қабырғасының бәрі әйнектен тұратын. Қыста от жағылмайды. Еден төселмеген. Осы жұмыста сегіз-тоғыз жыл жұмыс істеп, бойды алған суық пен аяқтан өткен ызғар денсаулығына әсер етпей қоймады, аяғынан ерте айырылды.

1943-1944 жылдары құрғақшылық болды, егін шықпай жұрт қатты қиналды. Осы тұста Сәуле мен атам ақылдасып, әскерге кеткен құдалары мен туыстарының отбасын үш бөлмелі үйге жинап 14-15 адам бір қазаннан ас ішіп, қиын кезеңдерден аман-есен өткенбіз.

Жұдырықтай келіншек пен қарт атаның адамгершілік қасиеті, кісілік  келбеті, туыстық борышы талай жандардың ризалығына ие болған-ды.

Папам соғыстан оралғаннан кейін Алматыға жоғары партия мектебіне оқуға кетті.

1947 жылы Нұркенің әулетінде жүрек жарды, айтулы жақсылық болды. Дүниеге нәресте келді. Оның есімін Үмітбек деп атады.

Сол Үмітбек қазір Нұрке әулетінің үлкені, қорғаны, ақылшысы, көш басшысы. Облыс көлеміндегі танымал азаматтардың бірі. Майра екеуі ата-әже, балалары мен немерелерін жеткізіп, аяқтандырып, бақытын көріп отыр.

Майра әулетке 1968 жылы келін болып түсті. Енесін анасындай аялады.

«Ол — үлкен жүректі, мейірімді жан. Біздің балаларымызды өзі тәрбиеледі. Мен демалуға кеткенде, оқуға барғанда балаларыма қарайтын әжесі еді» деп тебірене еске алады қазір келіні.

Папам мен Сәуленің ұлынан кейінгі қуанышы — Розасы. Ол да ойлағандарындай, белгілі маман, жақсы ана, ұрпағын тәрбиелеп отыр.

Әкеміз Темір, Шалқар, Мәртөк аудандарында абыройлы еңбек етті. Зейнеткерлікке ертерек шықса да, қатардан қалмады, қарап отырмады. Балалары мен немерелеріне бас-көз болып, өнегелі өмірлерімен, аталық, аналық мейірімдерін мол төгіп, бақыт құшағында жүргендей сезінді.

Балаларына жан тазалығы, ар тазалығы, өтірік, өсек айтпау, біреудің ала жібін аттамау, адам бойында болатын жаман әдеттерден аулақ болуды үйрететін, соған баулитын.

Сәуленің адамгершілігі, кісілігі, ұстамдылығы бөлекше еді. Асықпай, аптықпай, ойын түйіндей, бір ауыз сөзбен тоқетерін айтатын. Сауаты аз болса да ақылды жандардың данасы дер едім. Екеуі бірін-бірі толықтырып тұратын.

Сендердің өмірден өткендеріңе көп болғанымен, бәрі менің көз алдымда. «Жарығым-ау, келдің бе?», «Құлдық қылайын» деп қарсы алатындарыңды сағындым.

Сендер сияқты ата-аналары барлар қандай бақытты деп ойлап, тәубе етемін.

Жанғаным НҰРКЕҚЫЗЫ,

Қазақстан Журналистер одағының  мүшесі.

Алматы қаласы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*