Басты бет » Әлеумет » Мемлекеттік қызметтер — электрондық форматта

Мемлекеттік қызметтер — электрондық форматта

Мемлекеттік қызмет жүйесін электронды форматта жетілдіру және оған азаматтардың еркін қолжетімділігін қамтамасыз ету Мемлекет басшысы қойған аса маңызды стратегиялық міндет болып табылады.

Осы үдерістер аясында қала әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтерді үйлестіру бөлімі және мемлекеттік органдар мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру бойынша жұмыстарды жүргізуде.

Бүгінгі күні мемлекеттік қызметтер тізіліміне сәйкес Ақтөбе қаласында 12 қалалық мемлекеттік мекеме мемлекеттік қызметтің 104 түрін көрсетеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Ұлт жоспары — бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасы аясында мемлекеттік қызметтердің бірыңғай ұйымдастырушысына айналған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылды. Осылайша азаматтар мемлекеттік қызметтерді бір жерден ала алатын орталықтарының саны ұлғайды. Мемлекеттік саясатты жүзеге асыру аясында мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызметтің 32 түрі баламалы негізде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы беріледі, яғни мемлекеттік қызметтер Мемлекеттік корпорация арқылы да, мемлекеттік органдарда да көрсетіледі. Тек қана Мемлекеттік корпорация арқылы мемлекеттік қызметтің 33 түрі көрсетіледі. Ағымдағы жылдың 5 айында Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді пайдаланушылардың үлесі 90  пайызды құрады.

Заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдар мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда қамтамасыз етуге міндетті, бұл өз кезегінде мемлекеттік органдардың ішкі бизнес-үдерістерін автоматтандыруға, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен азаматтардың өзара іс-қимылының ең тиімді нысаны ретінде электрондық мемлекеттік қызметтерді дамытуға ықпал етеді.

Осыған орай, мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Үстіміздегі жылдың 5 айында электрондық үкімет порталында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесі 86,7 пайызды құрады.

Қалалық мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік қызметтер көрсетуін жақсарту, баламалы және электрондық қызметтердің үлесін көтеру мақсатында Мемлекеттік корпорация арқылы және электрондық түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің кең таралуын және пайдаланушыларды арттыру үшін мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын көтеру жөнінде шаралар алынуда. Сондай-ақ, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында қызметтерді ұсынудың бизнес-үдерістерін қайта құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру, электрондық форматты қызметтер санын ұлғайту, сондай-ақ қызметтерді алушылардың санын көбейту мақсатында Ақтөбе қаласы әкімдігінің тарапынан Ақтөбе облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ бірлесе отырып, халыққа электрондық цифрлық қолтаңба алу маңыздылығы туралы түсіндіру жөнінде іс-шаралар циклі жүргізіліп отыр. Ағымдағы жылы ауылдық округтер тұрғындарына, орта мектептердің және балабақшалар ұжымының, қалалық мемлекеттік бөлімдерінің қызметкерлерінің, мүмкіндігі шектеулі адамдардың арасында және «Трансэнерго» АҚ-ның қызметкерлеріне практикалық семинарлар ұйымдастырылды.

Өткен жылдың соңында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірге балалы болған ата-аналарға көрсетілетін қызметтердің проактивті әдісі бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Қазіргі таңда дүниеге сәби келгеннен кейін ата-аналар баланы тіркеу, куәлік алу, жәрдемақы тағайындау және балабақшаға кезекке қою жұмыстарын Мемлекеттік корпорация немесе электрондық үкімет порталы арқылы ала алады.

Мемлекеттік органдардың қызметі Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіруді аяқтау жөніндегі тапсырмасын орындау үшін өтініш берушінің міндетті түрде қатысуынсыз жүзеге асыруға бағытталған.

Мемлекеттік қызметтерді ұсынудың автоматтандырылған түрінің артықшылықтары — олардың қолжетімділігі және бенефициарлардың қолайлылығында. Қызметтерді автоматтандырылған режимге ауыстырудың негізгі артықшылығы ретінде мыналарды атап өтуге болады: қызмет алу туралы ақпарат алуға қолжетімділік; мемлекеттік қызметтерді алу рәсімдерін жеңілдету; қызмет алуға байланысты уақытша шығындарды қысқарту; үйден немесе жұмыс компьютерінен мемлекеттік қызметтерге өтініш беру мүмкіндігі.

Қызмет көрсететін барлық мемлекеттiк органдарда мемлекеттік қызметтердің стандарттары, регламенттері және мемлекеттiк қызметтер көрсетудiң тәртiбi туралы ақпараттар жазылған стендтер жасалған. Мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша БАҚ-та кең көлемді жұмыс жүргізілуде: телеарналарда сұхбат беріліп,  жергілікті  газеттерде әлеуметтік желілерде және Ақтөбе қаласының www.akt.gov.kz ресми сайтында мақалалар жариялануда.

Ж.ТӘШІМОВА,

Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының

мемлекеттік қызметтер

көрсету мәселелерін үйлестіру

бөлімінің басшысы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*