Басты бет » Басты жаңалықтар » Дін саласындағы тұрақтылықты нығайту — маңызды мәселе

Дін саласындағы тұрақтылықты нығайту — маңызды мәселе

Облыстағы теріс ағымдар жетегінде кеткен жандардың үштен бірі қателескендерін түсініп, қайта қатарға қосылып отыр.

Бұл жөнінде бейсенбі күні «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында өткен діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысында айтылды. Жиын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаевтың қатысуымен өтті.

— Өңірде әлеуметтік-экономикалық жағдай тұрақты. Біздің басты міндетіміз — халықтың ынтымақ-бірлігін арттыра отырып, осы тұрақтылықты сақтау және тұрғындардың әл-ауқатын көтеру жолында қызмет ету. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында, Елбасы дінге және үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істеуге қатысты бірқатар тапсырмалар берді, — деді облыс басшысы жиынды аша отырып сөйлеген сөзінде.

Облыс әкімі бұл бағытта Ақтөбе өңірінде мақсатты түрде кешенді жұмыстар қолға алынып отырғанын айтты. 2016 жылдың күзінен бастап, ҚР Бас прокуратурасының бастамасымен, облыста «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» атты кең көлемді жоба жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында ұйымдастырылған 10 мың шамасындағы іс-шараға 530 мың адам қатысқан. Бұл іс-шаралар кезінде жоғары білікті дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, кәсіпкерлер, теологтар мен имамдар, заңгерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері тұрғындарды толғандырған мәселелер бойынша кеңестер беріп, олардың ой-пікірлері мен шағымдарын тыңдады, түрлі жағдайларға байланысты көмек беріп, қызмет көрсетті.Негізінен, аудандарда, ауылдық жерлерде халықты жұмыспен қамту, өз ісін бастауға жөн сілтеу, әлеуметтік мәселелерді шешу сынды бағыттарға басымдық берілді. Жаңа іс бастаған ауыл тұрғындарына тәжірибелі кәсіпкерлер ақыл-кеңестер беру арқылы қолдау көрсетті. Кездесулер кезінде көпшілікке «Қара жол» толықметражды фильмі мен «Үлкен сұрақ» спектаклі көрсетілді. Аталған фильм мен қойылым — кейіпкерлердің тағдыры арқылы дін атын жамылған теріс ағымдар құрығына түспеуге үндейтін, көрерменді бейжай қалдырмайтын туындылар.

— Бұл жобаның мақсаты — тұрғындардың қай тұста қандай қиындықтармен бетпе-бет келіп отырғанын анықтау, сол мәселелерді шешуге көмектесу және, ең бастысы, мемлекеттің саясатын түсіндіріп-насихаттау. Тұрғындардың өз ісін ашуына жәрдем көрсету, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау салалары бойынша оңды істер атқарылды. Біздіңше, бұл іс-шаралар нәтижесіз қалған жоқ. Мысалы, өткен жылы тіркелген қылмыстар саны, 2016 жылмен салыстырғанда, 27 пайызға азайды. Албасты нәтижелердің бірі — аймақтағытеріс ағымдар жетегінде кеткен жандардың санының үштен бірге азаюы, негізінде, олардың әрқайсысымен жеке-жеке кездесулер ұйымдастыру арқылы жұмыс жасалды, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Бұдан бөлек, облыс басшысы прокуратура және құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бірлесіп, әр ауданда кемінде үш елді мекенде халықпен кездесулер өткізіп келеді. Дегенмен, облыс әкімінің айтуынша, біздің облыста теологтар, әсіресе, әйел адамдармен жұмыс істейтін мамандар тапшы. Сондықтан, бұл іске Астана мен Алматыдан мамандар шақырылып отыр.

Қыз-келіншектер арасындағы жұмыстарды жүргізуге Қазақстан іскер әйелдері Ассоциациясы облыстық филиалы сынды қоғамдық ұйымдар да атсалысып келеді. Аталған ұйым мүшелері қыз-келіншектерді кәсіпке баулуға, атап айтқанда, белгілі бір мамандыққа оқытып, жұмысқа орналастыруға жәрдем беріп жүр. Олардың көмегімен ондаған адам тігін және кондитер цехтарына жұмысқа орналасқан.

Имамдар біліктілігін көтеру мен оларды қолдау мақсатында да облыста бірқатар бастамалар қолға алынды. Бұл бағытта арнайы курстар мен семинарлар ұйымдастыру ісі жүйелі жолға қойылған. Сондай-ақ, бүгінгі күні 48 адам «Нұр Мүбарак» университетінде, 22 адам Қазан қаласындағы Ресей ислам университетінде оқып жатыр.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөзін:

— Біздің басты міндетіміз — тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл орайда мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар бірлесе жұмыс істеуі керек, — деп түйіндеді.

Облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағамбетовтің жиында сөйлеген сөзінде келтірілген дерек бойынша, бүгінде аймақ тұрғындарының 86 пайызы — дінге сенетін азаматтар, дегенмен олардың 2 пайызы ғана барлық діни жоралғыларды тұрақты орындайды. Жолдас Қалмағамбетов дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатындағы істерді жүзеге асыру барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және оның жергілікті өкілдігімен тығыз байланыс орнатылғанын атап айтты. Сондай-ақ, «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қоры тарапынан қолдау көрсетіліп отыр. Мысалы, аталмыш қор биыл 24 имамға ай сайынғы стипендия тағайындап, «Нұр Мүбарак» университетінде оқитын 5 ақтөбелік студенттің оқу ақысын төлеп берген.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев жиында сөйлеген сөзінде «Діни қызмет және діни бірлестіктер жөніндегі» ҚР Заңына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға тоқталды. Аталмыш заң жобасы қазір Парламент Сенатының қарауына жолданған. Министрдің айтуынша, бұл өзгерістер 12 заңнамалық актіге, соның ішінде үш кодекс пен 9 заңға өзгертулер әкелмек.

— Заңға «деструктивтік діни ағымдар» және «діни радикализм» ұғымдары енгізіліп отыр. Қазіргі күні бұлар — барлық әлем елдеріне қауіп төндіріп отырған құбылыстар, біз оларға нақты анықтама беріп, заңға енгіздік, — деді Дархан Қалетаев.

Заңға енгізілетін өзгерістердің бірі — қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін, яғни тұмшаланатын киімдер киюге тыйым салу.

— Заңға енгізілетін бұл жаңа талап төңірегінде айтыс-тартыстар болған жоқ, көпшілік бұған түсіністікпен қарады, — деді министр.

Бастапқыда кәмелетке толмаған балаларды діни орындарға тек әкесі мен анасының рұқсаты арқылы ғана кіргізу көзделген еді. Алайда кейін көптеген пікірлерді назарға ала отырып, баланың өз келісімі мен ата-анасының бірінің ғана рұқсаты жеткілікті болады деген талаппен шектелу көзделген. Сонымен қатар енді шетелде діни білім алу үшін алдымен өз еліміздегі діни оқу орындарында білім алу талап етілетін болады. Сондай-ақ діни орындардан, яғни мешіттер мен шіркеулерден басқа жерлерде діни рәсіммен неке қиюға тыйым салынбақ.

— Бұл өзгерістер дін саласындағы тұрақтылықты нығайта түсуге игі әсерін тигізеді деп ойлаймын, — деді Дархан Қалетаев.

Жиында, сондай-ақ облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспан, белгілі ғалым, қоғам қайраткері Амангелді Айталы, басқа да бірқатар діни бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдар жетекшілері сөз сөйлеп, өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*