Басты бет » Жаңалықтар » Дін және азаматтық қоғам министрі екі ауданда болды

Дін және азаматтық қоғам министрі екі ауданда болды

Бейсенбі күні Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев Темір және Алға аудандарында болып, дін өкілдерімен және тұрғындармен кездесу өткізді.

Келер жылы кеңқияқта жаңа мешіт ашылады

Алдымен министр бастаған топ Темір ауданы Кеңқияқ ауылындағы «Зере» балабақшасына барды. Өткен жылы пайдалануға берілген балабақшада бүгінгі күні 250 бала тәрбиеленуде. Аталған балабақша ашылғаннан кейін ауылда балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту мәселесі толығымен шешілген.

Айта кету керек, бүгінгі күні Кеңқияққа жақын орналасқан Шұбарши ауылында да 250 орындық балабақша салынып жатыр.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев Кеңқияқ ауылында жаңадан салынып жатқан мешіттің құрылысымен танысты. Жалпы ауданы 0,4200 гектар болатын мешіт 1200 адамға арналған. Жобаның жалпы құны — 270 млн теңге.

Мешіт келер жылдың ІІ тоқсанында пайдалануға берілмек.

Ауданның бас имамы Ерболат Жүсіпов министрге бұған дейін Кеңқияқ ауылында ешқандай мешіт болмағанын, елді мекендегі тұрғындар намаз оқу үшін көрші ауылға баратынын жеткізді.

Оның айтуынша, ауылда мешіт салу ісі өткен жылы қолға алынған. Жергілікті әкімшілік жаңа ғимаратқа арнайы жер телімін бөліп, белгілі кәсіпкер Сәлімжан Балжігітов мешіттің құрылысына қаржы аударған.

Бұдан кейін Дархан Қалетаев Кеңқияқ ауылындағы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-на қарасты «Кеңқияқ мұнай» мұнай-газ өндіру басқармасында тұрғындармен кездесу өткізді.

Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев жүргізіп отырды.

Жиында аудан әкімі Асқар Жүсібалиев ауылдық округтерде жасалып жатқан жұмыстар мен діни ахуал жөнінде баяндады.

Кеңқияқ ауылдық округі — аудандағы өндірісті округтердің бірі. Бүгінгі күні округ орталығында 5682 адам тұрады. Ауылда орта мектеп, екі балабақша, ауылдық аурухана, кітапхана және мәдениет үйі, музыка мектебі, спорт мектебінің филиалы, халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Өндіріс бойынша «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының бөлімшелері, «КМК МұнайГаз» акционерлік қоғамы, «Сайгак Қазақстан», «АдаОйл», «М –Техсервис» компанияларының өкілдіктері жұмыс жасайды. Кеңқияқта жыл сайын бала санының артуына байланысты жаңадан мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар биылғы жылы Шұбарши ауылдық округінде 60 орындық интернатымен 320 балаға арналған мектеп салынады. Құны — 1 миллиард 150 миллион теңге. Қазіргі таңда мектептің құрылысы басталды.

Бүгінгі күні Кеңқияқ ауылдық округі бойынша діни ахуал тұрақты. Округ бойынша дәстүрлі емес дін жолындағы адамдардың саны 2017 жылдан бастап азайып келеді.  Жүргізілген мақсатты-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 16 адам бақылаудан алынды. Қазіргі таңда дәстүрлі емес дін жолындағы азаматтардың саны — 48. Оның 29-ы жұмыспен қамтылған. Атап айтсақ, 14 адам өндіріс орындарында вахталық әдіспен жұмыс жасаса, 3 адам кәсіпкерлік саласында еңбек етіп жүр. Жалпы түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде жыл басынан бері 4 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, — деді аудан әкімі.

Өз сөзінде аудан басшысы бүгінге дейін округтегі теріс ағымда жүрген азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін белгілі теологтар шақырылғанын, қазіргі таңда бұл мақсатта кешенді жұмыстар жасалып жатқанын жеткізді.

Бұдан кейін сөз сөйлеген ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев биылғы жылы «Дін туралы» Заңға енгізілетін өзгерістерге тоқталды.

Жуырда елімізде «Дін туралы» Заңға бірқатар өзгерістер енгізілмек. Қазір бұл өзгерістер сенатта талқыланып жатыр. Өзгерістерге келсек, ең бастысы «Дін туралы» Заңға «деструктивті діни ағым», «діни радикализм» деген екі ұғымды кіргізіп жатырмыз. Сондай-ақ, келбетті, бетті жаппау мәселесі де заң жобасында қаралып жатыр. Жалпы бетті жауып жүру — біздің мәдениетімізде, тарихымызда, салт-дәстүрімізде болмаған дүние. Қазіргі таңда әйелдердің бетін жабу мәселесіне заңды түрде тосқауыл қойып жатырмыз. Мұндай мәселе біздің елімізде болмауы керек. Қоғамда да халық бұл мәселеге өз ойларын білдіріп, қолдау танытып жатыр, — деді.

Оның айтуынша, бүгінгі күні республикадағы халықтың 70 пайыздан астамы мұсылман қауымы болса, қалғаны басқа діни бірлестіктердің құрамына кіреді. Қазіргі таңда елімізде 2600-ден астам мешіт болса, оларда 4 мыңнан астам имам қызмет етеді.

Сөзінің соңында министр:

Бүгін естіп, білгеніміздей, Темір ауданында жеті мешіт бар екен. Келер жылы сегізінші мешіт ашылады. 37 мың халқы бар ауданға 8 мешіт жеткілікті емес деп ойлаймын. Сондықтан ауданнан шыққан қалталы, белсенді азаматтар осы салада өз үлестерін қосады деп сенемін. Ал теріс ағымда жүрген азаматтармен білімді, жан-жақты мамандар, имамдар тиісінше түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек. Сондай-ақ бұл мәселеге қоғам да атсалысуы керек, — деді.

Кездесу барысында министрге ауыл ақсақалдары ауданға арнайы келгені үшін ризашылықтарын білдірсе, бірқатар тұрғындар елді мекендерде мектеп жасындағы кейбір балалар оқуға орамал тағып баратынын, сондай-ақ ауылдағы мешіттерде жұмыс жасайтын имамдардың жоғары білімі жоқ екенін жеткізді.

Аталған сұрақтарға жауап берген министр мектептерде орамал тағу мәселесі алдағы уақытта шешілетінін, бұл бағытта Білім және ғылым министрлігімен жан-жақты жұмыс жасалып жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ ол еліміздегі 4 мыңнан астам имамның 20 пайызы ғана жоғары білімді, 20 пайызы арнайы білім беретін оқу орындарында оқығанын, ал қалғандарының қысқа мерзімді курстардан ғана өткенін атап өтті.

Орталықтарды аралады, имамдармен кездесті

Министр бастаған топ Кеңқияқ ауылынан кейін ауданның орталығы — Шұбарқұдық ауылына барды.

Дархан Қалетаев бұл жерде Досжан ишанның мешітінде болып, жастар арасында дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталықтың жұмысымен танысты.

Аудан имамдарына арналған семинарға қатысқан министр облыстағы, аудандағы діни ахуал туралы сұрап, имамдармен әңгімелесті.

Семинар барысында облыстың бас имамы Төлеби Оспан министрге бүгінгі күні өңірде 67 мешіт бар екенін, олардың барлығы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалдары және ислам дінінің ханафи мәзһабы бойынша жұмыс жасайтынын жеткізді.

Бұдан кейін Дархан Қалетаев діни сұрақтар бойынша өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі ауданаралық орталықтың жұмысымен танысып, құқық қорғау органдары мамандарымен тілдесті.
Аудан активімен кездескен жиында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев жиналғандарға Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасына енгізілетін өзгерістер туралы баяндап, бірқатар сауалдарға жауап берді.

Жалпы елімізде 2011 жылдан 2016 жылға дейін 16 террористік акт болды. Бұл көрсеткіш республикада діни ахуалдың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Осыған орай өткен жылы да, биылғы жылы да «Дін туралы» Заңға өзгерістер енгізіліп жатыр. Бұл өз кезегінде жағымсыз жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Ал мемлекеттік қызметшілердің дінге деген көзқарасына келсек, бұл бағытта алдағы уақытта заң жобасына өзгерістер енгізілмек. Атап айтсақ, заң жобасында бұған дейін мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінде қаралған үш шектеу енгізіледі. Олар: діни бірлестіктердің жұмысы үшін өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбау, діни қызметте қарамағында жұмыс жасайтын қызметкерлерді мәжбүрлемеу, діни бірлестіктер құру және олардың мүшесі болу, — деді Дархан Қалетаев. 

Бұдан кейін министр бастаған топ Алға ауданы Бестамақ ауылындағы Ақтөбе медресе-колледжінде имамдармен және медресе шәкірттерімен кездесу өткізді.

Басқосу барысында министр елдегі діни ахуал мен «Дін туралы» Заңға енетін өзгерістер, сондай-ақ имамдардың жоғары білім алуы мәселесі төңірегінде сөз қозғады.

Сондай-ақ министр медресе-колледжі жанынан демеушілердің көмегімен салынып жатқан спорт кешенінің құрылысымен танысты.

Айта кету керек, қазір Ақтөбе медресе-колледжінде 116 адам білім алып жатыр.

Данагүл ҚАЗИХАН,

Ақтөбе – Кеңқияқ – Шұбарқұдық — Бестамақ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*