Басты бет » Басты жаңалықтар » Ерекше балабақша ашылды

Ерекше балабақша ашылды

«Бақытты бала» жобасы аясында Ақтөбеде алғаш рет мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған облыстық түзету балабақшасы ашылды.

Батыс- 2 ауданындағы балабақша мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында іске қосылды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ғимараттың салтанатты ашылуына қатысып, жиналғандарды құттықтады.

Бала — біздің болашағымыз. Олардың жақсы, тәрбиелі болып өсуі үлкендерге байланысты. Біз  балалардың еліміздің дамуына үлес қосатын, мықты азамат болып өсуі үшін жұмыс істеуіміз керек.  Биыл «Бақытты бала» жобасы қолға алынды. Бес айда біраз шаруа тындырылды. Балалар үшін барлық мүмкіндікті жасауға тырысып жатырмыз. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі, ерекше қамқорлықты қажет ететін балалар назардан тыс қалмауы керек. Олар да мемлекет пен ата-ананың қамқорлығын сезінуі керек. Осы мақсатта арнайы балабақша ашылып отыр. Бұл жерде 180 бала тәрбиеленеді. Тағы да балабақша салынып жатыр. Сәтін салса, ол да алдағы айлардың бірінде іске қосылуы  тиіс. Біздің балалар басқа елдің балаларынан кем болмауы үшін бар мүмкіндікті жасауымыз керек. Қазақстанда бірінші рет биыл Алғада мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған  «Күншуақ» лагері ашылады. «Орыс мыс» компаниясының қаржысына оңалту орталығын салып жатырмыз. Аутизм орталығы да іске қосылады. Осының барлығы балалардың болашағы үшін істелуде, — деді облыс әкімі.

Балабақшаға қызын әкелген ата-ананың бірі Меңсұлу Тұрашқызы облыс әкіміне алғысын айтты.

Ерекше балаларды ескеріп, олардың қоғамға араласуы үшін осындай ғимарат салуға ықпал етіп, үлкен жұмыстар атқарып жатқаныңыз үшін сізге алғысымыз шексіз. Рамазан айындағы үлкен қуаныш біз үшін осы болып отыр,— деді Меңсұлу.

Өнерлі балдырғандар би билеп, ән салды. Ғимаратты салған «Нектар» өндірістік кооперативінің директоры Шамиль Каспранов салтанатты түрде кілтті балабақша меңгерушісі Әсия Сейітоваға тапсырды. Лента қиылған соң, облыс әкімі бастаған жергілікті билік өкілдері балабақшаның ішін аралап, көрді. Жаңа балабақша заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. 16 топ жұмыс істейді. Әр топта 12 баладан бар. Тірек-қимыл жүйесі бұзылған, тілінде мүкісі бар, Даун синдромына шалдыққан, психикалық дамуы тежелген және аутист балалар тәрбиеленеді. Бұндай балабақша облыста алғаш рет ашылып отыр. Себебі бұған дейінгі балабақшалар бір бағыт бойынша, мәселен, тіл мүкістігі бар немесе көру мүмкіндігі шектелген балаларға арналса, ал бұл жерде әр түрлі сырқатқа шалдыққан балалар қабылданады. Балабақша меңгерушісі Әсия Сейітованың айтуынша, жүзден аса қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде университетті жаңа бітірген жастар бар.

Жалпы облыста  түрлі сырқатқа шалдығып, мүмкіндігі шектелген мектеп жасындағы бес мыңға жуық бала бар. Оның ішінде екі мыңға жуығы — алты жасқа дейінгі балдырғандар.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*