Басты бет » Жаңалықтар » Партиялық жұмыс: жеті бағыт бойынша

Партиялық жұмыс: жеті бағыт бойынша

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы саяси кеңесінің облыстық филиал төрағасы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісінде Қазақстан Республикасы Президентінің Бес әлеуметтік бастаманың облыста жүзеге асырылу барысы мен партияны жүйелі түрде жаңғырту мәселелері қаралды.

Бұған дейін Астанада Ұлт көшбасшысының төрағалық етуімен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мәжілісі өткізілгені белгілі. Онда Мемлекет басшысы негізгі жеті бағыт бойынша, атап айтқанда, партиялық кадрлармен жұмысты күшейту, жергілікті өкілдік органдарында партияның рөлін арттыру, оның жалпыұлттық күн тәртібін құруда белсенді түрде араласуын қамту, партиялық технологияларды жетілдіру, жастармен белсенді жұмыс жүргізу, аналитикалық әлеуетті өсіру мен партиялық білім сапасын арттыруға басымдық беру туралы айтқан болатын.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кеңейтілген мәжілісіне партия фракциясы депутаттары, аудандық филиалдардың төрағалары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, ардагерлер қатысты.

— Сіздер Астанада өткен партияның Саяси кеңесінің мәжілісінде Президентіміз қандай міндеттерді алға ұсынғанын жақсы білесіздер,— деді жиынды ашқан партияның облыстық филиалының төрағасы Бердібек Сапарбаев. — Онда Ұлт көшбасшысы ұсынған Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асырудағы партияның ролі туралы айтылды, бұл бүгінгі күні біз үшін басты міндет болып табылады. Президент алға қойған міндеттерге сәйкес біз экономикалық көрсеткіштерді тиісті деңгейде ұстауымыз керек. Осыған байланысты облыста өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда экономикалық көрсеткіштердің 4,5 пайызға елеулі өсуі байқалатынын атап өткім келеді. Біздің бірінші кезектегі міндеттеріміздің бірі облысқа инвестиция тарту. Өткен бес айдың қорытындысы бойынша инвестиция тарту өсімі 10 пайыздан кем болған жоқ. Жылдың аяғына дейін экономиканың өсу қарқынының бес пайыздан төмен болмауын сақтауымыз керек. Өнеркәсіп, бизнес, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік салаларына ерекше назар аударуымыз қажет. Біз барлық дағдарысты сәттерді ескере отырып, әлемдік экономиканың дамуына бағдар ұстауға тиіспіз.

Кеңесте баяндама жасаған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дариға Есмағамбетова Президент белгілеген міндеттерді жүзеге асыру бойынша филиалда атқарылған жұмыстар туралы баяндап, облыста қолға алынған партиялық жаңа бастамалар туралы айтты.

— Біздің бірқатар шараларымыз «Бақытты бала» акциясы Балалар жылы аясындағы өңірлік жобалармен үйлесім табуда,— деп атап көрсетті ол.— Облыста «Балалар үшін тегін ІТ-кластар» партиялық жобасы жүзеге асырылуда, әзірге осындай 5 класс ашылды, жыл соңына дейін тағы да 15 класс ашылатын болады. «Село мектептерінде ағылшын тілін дамыту» жобасы іске асуда, жазғы каникул кезеңінде облыста мектеп жанынан 293 және қала сыртындағы лагерьлерде 2 клуб ағылшын тілін үйрету бойынша клубтар жұмыс істемекші, мұнда волонтерлер тізгін ұстайтын болады. «Партиялық кадрлар» бағдарламасы қабылданып, «Кәсіби кадрлар резерві» жобасы іске қосылды, меритократия принципі бойынша партия мүшелерін қалыптастыру мен орналастырудың жаңа схемасы әзірленді.

Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру барысы туралы баяндаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Олжас Смағұлов облыста қазіргі уақытта тұрғын үйдің көптеп салынып жатқанын, мұның өзі Елбасы ұсынған «7-20-25» бағдарламасы бойынша көптеген ақтөбеліктердің баспаналы болуына жол ашатындығын жеткізді.

— Соңғы үш жылдың өзінде ғана облыста 2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді,— деп хабардар етті жиналған жұртшылықты баяндамашы.— Биылғы жылы біз өз алдымызға бұдан да ауқымды міндетті жүзеге асыруды белгіледік. Нақты айтқанда, 870 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуі тиіс.

Ол сондай-ақ Елбасының салық салу, білім беру сапасы мен қолжетімділігін көтеру, елді газдандыру бағытындағы бастамаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап көрсетті.

— Біз ең алдымен селодағы кәсіпкерлікті дамытуға бағыт ұстауымыз керек. Ал селолық елді мекендерді газ желісіне қосуға қатысты айтарым, біз айдың аяғына дейін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде «Қазтрансгаз» кәсіпорнымен облыстың 12 елді мекенін газбен қамтамасыз ету үшін 7 миллиард теңге бөлу туралы келісімшартқа отырамыз,— деді Бердібек Сапарбаев баяндамашының сөзін толықтырып.— Бұл ретте тұрғындарға ондаған тұрғыны бар және су мен газ магистралынан 100 километр қашықтықта орналасқан жерлерге су мен газ жеткізу мейлінше тиімсіз екенін түсіндірген жөн.

Облыстық мәслихаттың депутаты Ғалымжан Елеуов Мемлекет басшысының Бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру халықтың тіршілік әрекетінің барлық саласында оң әсерін тигізгендігін атап өтіп, Президент ұсынған «7-20-25» жобасының компания басшыларына кәсіпорын қызметкерлері үшін тұрғын үй, жатақхана салу мүмкіндігін бергендігіне тоқталды.

«Бейбітшілік және келісім» кеңесі облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағамбетов Президенттің Бес әлеуметтік бастаманың маңыздылығына тоқталып, оның жүзеге асырылуының халыққа тигізер пайдасы жөнінде ойларын ортаға салды.

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев саяси кеңестің мәжілісін қорытындылай отырып, Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыруда партиялық жұмыстың маңыздылығына тағы да атап көрсетті.

— Өңірдің дәрі-дәрмек нарығын тәртіпке келтіруде партияның оң жұмысының көрнекі мысалын анық аңғардық,— деді облыс басшысы.— Енді партияның көмегімен өрт туындауы қаупін болдырмау үшін біздің базарларымызды тәртіпке келтіріп, айналаны көгалдандыруға, көріктендіруге көңіл бөлуіміз керек. Партияның облыстық филиалы Президент алға қойған міндеттердің орындалуына жоспарлы түрде бақылау жүргізуі тиіс.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*