Басты бет » Жаңалықтар » Нұрлан Балғымбаевқа мемориалды тақта орнатылды

Нұрлан Балғымбаевқа мемориалды тақта орнатылды

Еліміздің мұнай және газ өнеркәсібін заман талабына сай дамытып, қазба байлықтарды тиімді игеріп, халық игілігіне жарату жөніндегі ірі жобаларды жасау ісіне тікелей араласып, ұйытқы болған Мемлекет қайраткері, экс-Премьер Нұрлан Балғымбаевқа Ақтөбе қаласында мемориалды тақта ашылды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, сондай-ақ марқұмның тума-туыстары мен әріптестері, жора-жолдастары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Еңбек жолын қазіргі Маңғыстау облысының Құрық кентінде бұрғылаушының көмекшісі болып бастаған Нұрлан Балғымбаевтың Ақтөбе мұнайын игеруге қосқан еңбегі зор. Ол бір кездері «Ақтөбемұнай» бірлестігінің бас инженері қызметін атқарды. Кезінде осы мекеме орналасқан Ақтөбе қаласының Алтынсарин көшесі, 8-үйдің қабырғасына Н.Балғымбаевқа арнап мемориалдық тақта ілінді. Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев: «Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Біз ел үшін, ұлт үшін еңбек еткен азаматтарды ешуақытта ұмытпауымыз керек. Солардың бірі емес, ірісі — осы Нұрлан Өтепұлы. Оның мемлекет үшін қандай еңбек еткенін сіздер жақсы білесіздер. Кеңес  заманы кезінде қазақтан шыққан КСРО үкіметінің министрлігінде жұмыс жасаған азаматтар аз. Сондай азаматтардың біреуі Нұрлан Өтепұлы болатын. КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігінде жұмыс жасап, шетелде оқып, кейін «Шеврон» компаниясында еңбек етіп, министр болды, қиын кездерде ел Үкіметін басқарды. Мен Нұрлан Өтепұлымен бірге жұмыс жасадым. Ол кісінің жақсылығын, көмегін көрдім. Әсіресе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс жасаған кезде, ол кісі бізге өзінің үлкен көмегін көрсетті. Премьер-Министр қызметін атқарған кезінде Қазақстан  экономикасының дамуы, халықтың әл-ауқатының жақсаруы жолында  үлкен еңбек етті. Біз осындай азаматтарды әр уақытта еске алуымыз керек. Өкінішке қарай, Нұрлан Өтепұлы өмірден ерте кетті. Бұл —  сол кісіні еске алу, оның есімін ұлықтау, жастарға насихаттау мақсатында жасалған шара. Себебі, өскелең ұрпақ еліміз үшін, ұлтымыз үшін осындай еңбек еткен азаматтарды біліп, тануы қажет. Нұрлан Өтепұлы төрт жылдай Ақтөбенің мұнай саласының дамуы жолында қызмет істеді. Жалпы Балғымбаевтар отбасын мұнай саласының өркендеуіне өлшеусіз еңбек еткен жанұя деп айтуға болады», — деді.

Облыс әкімі өз сөзінде осы іске тікелей мұрындық болған Ақтөбе облысының құрметті азаматы  Өтеміс Әкімовке, сондай-ақ «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы басшылығына алғысын білдірді.

Салтанатты шарада мұнайшылар әулетінің өкілі, марқұмның туған інісі Нұрберген Балғымбаев жергілікті билікке ризашылығын білдіре отырып: «1911 жылы Балғымбай дейтін қарт Доссордағы кен орнына 17 жасында ағаш шебері болып жұмысқа кірген. Ол мезгілде мұнараның бәрі томар ағаштан салынған ғой. Бүгінгі жағдаймен айтар болсақ, сол кезде мұнараны монтаждау ұстасы болған.  Сол Балғымбайдан тараған бес баланың барлығы мұнайшы болды. Олардан тараған біздер, яғни 25 бала да мұнайшымыз. Қазір үшінші ұрпақ, яғни біздің балаларымыз да мұнай-газ саласында еңбек етіп жатыр. Әулетіміздегі қыздар көбінесе дәрігер, мұғалімдік жолды таңдаса, ал ұл балалардың бірі геолог, бірі монтаждаушы, енді бірі механик сынды жұмыстарды атқарып жүр. Еліміздің мұнай саласын игеруде көп еңбек еткен жалғыз Балғымбай әулеті ғана  емес, Елеу Бөлекбаев дейтін ақсақалдың балалары әлі күнге дейін Ақтөбеде жұмыс жасайды. Күні кеше өмірден озған Зейнолла көкеміздің, Аққуан Кемеловтің де ұрпақтары  өндіріс саласында жұмыс істеп жатыр. Шет жағынан бастасақ, Кеңқияғы, Жемге қарай Құлсары, Мақаты бар, Қосшағұл  кен орындарының бәрінде династия болып жұмыс жасаған отбасылар көп.  Ақтөбе — Нұрлан үшін үлкен бір бастамаға старт берген өңір. Ағамның осы жерде 3-4 жыл еткен еңбегін бағалап, ескерткіш тақта ашқандарыңыз үшін әулетіміздің атынан рақметімді айтамын», — деді ол.

Несіпқали Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қорының Ақтөбе аумақтық комиссия мүшесі, ардагер мұнайшы Өтеміс Әкімов облыс әкімінің аймақтағы бір топ мұнайшы ардагердің мемориалды тақта орнату туралы ұсынысын мақұлдап,  шешім қабылдағаны турасында айта келе, Нұрлан Балғымбаев жайында  естеліктерімен бөлісті.

Нұрлан Өтепұлы жөнінде екі үлкен кітап шықты. Қайтыс болғаннан кейін, жетпіс жылдығына байланысты «Қазмұнайгаз» кәсіпорнының ықпалымен үлкен фотоальбом шығарылды. Талай кинолар жасалады, талай ескерткіштер қойылуы мүмкін. Бірақ біздің ерекшелігіміз — батыс өңірінде бірінші болып Ақтөбеде Нұрлан Өтепұлына мемориалды тақта ілінді. Біздің елге Нұрекең тәжірибелі, шыныққан кадр болып келді. Дегенмен одақ бойынша санаулы ғана өндірістік мұнай бірлестігінің біріне бас инженер болып келу — ол өте жоғары қызмет еді. Біз Нұрлан Өтепұлына «егер де сіз Ақтөбе өндірісіне келмесеңіз, мүмкін. Мәскеуге жетпеген болар едіңіз» деп қалжыңдап айтатын едік.   Нұрлан әр уақытта да бірінші еді. Ол — Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаевтан бата алған адам. Сол батаның ықпалы  болуы керек, оның өмір жолы үнемі жоғарылай берді. Мәскеуге барды, заманның мәнісін, жағдайды түсініп, отбасымен Америка Құрама Штаттарында тұрды. Ол жаққа өзі барған жоқ, отызға тарта қазақ жастары, қазақ мамандарын ала барды. Кейін оның бәрі де Қазақстан Республикасының мұнай-газ өнеркәсібін басқарды. Ақтөбе мұнайының өз ерекшеліктері бар. Нұрлан Өтепұлы ылғи кездескен сайын Ақтөбе мұнайындағы  қиындықтар турасында айтатын. Мұнай құрамында металды жеп қоятын коррозия, сосын парафин көп. Осындай қиыншылықтарды жеңу үшін ол одақ құрамындағы барлық институттардың өкілдерін  шақырып, солардың ғылыми тұжырымдамасын алғаннан кейін жұмыс жасады. Бірақ әр уақытта өндірістік жоспарларын орындап отырды. Қазір Ақтөбенің мұнайы республиканың оннан бір бөлігін қамтып тұр. Стратегиялық жоспар бойынша, Қазақстанның мұнайы дүниежүзіндегі озық елдің ондығына кірмекші. Нұрлан Өтепұлы — осының бәріне еңбек сіңірген азамат , — деді ардагер мұнайшы.

Салтанатты шарада Нұрлан Балғымбаевпен бір кездері қызметтес болған «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарушы директоры Мәлік Сәлімгереев те жылы лебізін білдірді. Бұдан кейін Нұрберген Балғымбаев пен Өтеміс Әкімов мемориалды тақтаны салтанатты жағдайда ашты, гүл шоқтарын қою рәсімі жасалды. Марқұмның аруағына Құран бағышталып, сол күні Ақтөбе мейрамханаларының бірінде ас берілді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*