Басты бет » Жаңалықтар » Бес ай нәтижесі және жаңа басшы

Бес ай нәтижесі және жаңа басшы

«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы өткен бес ай ішінде атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында күн тәртібінде тұрған міндеттер де кеңінен талқыланды.

Корпорация басқарма төрағасының міндетін атқарушы Мамырғали Аққағазов сөзді акционерлік қоғамның бес айды 12 миллион теңге мөлшерінде таза пайдамен аяқтап отырғанын айтумен бастады. Алайда облыс басшысы бұл көрсеткішке бірден қанағаттанбаушылық білдіріп, тез арада жұмысты жандандыруды, инвесторлар тартуды қолға алуды тапсырды.

Баяндамашы «Ақтөбе» индустриялды аймағында қазіргі уақытта жалпы құны 80 мииллиард теңге шамасындағы 15 жоба жүзеге асырылып жатқанын хабарлады. Оның ішінде 3 жоба іске қосылып, нәтижесінде 125 жаңа жұмыс орны ашылған.

Полиэтилен өнімдерін шығаратын «Поливест» ЖШС, автомобиль шинасын жөндейтін және қалпына келтіретін «Гигант KZ» ЖШС, керамогранит және қыш тақтайшаларын өндіретін «Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС, барлығы сегіз жоба биыл өз өндірістерін іске қоспақшы.

Бүгінгі күні индустриялдық аймақтың жалпы белгіленген 155 гектарының 94 гектары игерілді.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы индустриялды аймаққа инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүргізуде. Өткен сәуір айында Орынборда индустриялды аймақтың өндірістік әлеуеті бойынша көшпелі таныстырылым өткізілген. Осы шара нәтижесі бойынша орынборлық кәсіпкерлер бизнес жүргізуге қызығушылық танытқан. Алдағы уақытта осындай жұмыстар Астана және Шымкент қалаларында жүргізілмекші.

Жиында бизнес-инкубатор жұмысын жандандыру мәселесі кеңінен сөз болды. Хромтау қаласында осы құрылымда 21 кәсіпкер және 2 мемлекеттік мекеме жұмыс жасауда. Өкінішке қарай, басқа аудандарда бұл бағыттағы жұмыстар мардымсыз жүргізілуде. Бүгінгі күні Ойыл ауданындағы «Көкжар» жәрмеңкесінде бизнес-инкубатор ашу мәселесі зерттелуде.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жер қойнауын пайдаланушылармен де бірқатар жұмыстар жүргізуде. Биылғы жылы олармен төрт келісімшарт жасалған. Қазіргі уақытта аталған бағытта жобалық құжаттар әзірленуде.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту тұрғысынан 1,7 миллион теңге болатын бизнес-жоспарлардың 11 жобасына сараптама жүргізілді.

Жиында сондай-ақ тұрақтандыру қоры мен өңіраралық кооперацияның жүзеге асырылуы барысы да әңгіме өзегіне айналды.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы корпоративтік сайт пен әлеуметтік желілер арқылы белсенді жұмыс жасап отырғаны атап көрсетілді.

— Акционерлік қоғам басшылығы инвесторлар тартуға ерекше көңіл бөлуі тиіс. Сонымен бірге инвесторлардың бөлінген жерді келісімшартқа сәйкес уақытында пайдалануы, құрылысты дер кезінде бастауы бақылауда болуы тиіс, — деп қорытындылады жиынды облыс әкімі.

Осы күні биологиялық ірітілетін полиэтилен өнімдерін өндіруші «Техноскаут» зауыты мен түрік технологиясымен корпустық және жұмсақ жиһаз шығаратын «Мебель Ақсу» фабрикасының құрылыстары аумағында капсула салу рәсімі өтті. «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы аталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру аясында инфрақұрылымдық байланыстар жүргізілген жер телімдерімен қамтамасыз етті.

«Техноскаут» зауыты жобасының құны 2 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Онда 100 жұмыс орны ашылатын болады. Ал «Мебель Ақсу» фабрикасының жобалық құны — 320 миллион теңге, мұнда 50 адам жұмыс істемекші.

Облыс басшысы жиын қорытындысында көпшілікке «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының жаңадан тағайындалған басқарма төрағасы Әнуар Махановты таныстырды. Ол бұрын «Ақтөбе» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*